RU
Ақтөбеде балабақша тәрбиешілері облыс әкімінен араша сұрап отыр (фото)
Жаңалықтар Қоғам

Ақтөбеде балабақша тәрбиешілері облыс әкімінен араша сұрап отыр (фото)

Рассказать Вконтакте

Бүгін Ақтөбеде бірнеше балабақша ұжымы наразылығын білдірді. Олар сенімгерлікке өтіп кеткен мектепке дейінгі ұйымның тағдырына облыс басшысының араласуын сұрайды. Жекеге өткен балабақшада сапа болмайды деген тәрбиешілер министрлікке дейін арыз жазған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Фото: KAZ.NUR.KZ

Фото: KAZ.NUR.KZ

"Біздің балабақшаны сенімгерлік басқаруға беруге еш себеп жоқ деп ойлаймын. 1984 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істейді, апаттық жағдайда тұрған жоқ. Педагогтарымыздың барлығы мектепке дейінгі ұйымның тәрбиешілері.
Жөндеу жұмыстарына ақша сұрап қалалық білім бөлімін де мазалаған емеспіз. 2016 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жасалынды. Ұжымымыз жекеге кеткен балабақшаның құқығы қорғалмайды деп алаңдап отыр. Жекенің аты жеке", -деді №28 балабақша меңгерушісі Рима Кулетова.

Ақтөбе облысының жаңадан тағайындалған әкімі Оңдасын Оразалиннің наурыз айының басында балабақшаларды сенімгерлікке беруді тоқтатқан шешімі тәрбиешілерді қуантқан болатын. Алайда олар қуанышының ұзаққа созылмағынын айтады.

Фото: KAZ.NUR.KZ

Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бұл біздің аудандағы жалғыз мемлекеттік балабақша. Облыс басшысы балабақшаларды сенімгерлікке беруді тоқтату туралы БАҚ арқылы жариялаған болатын. Оған біз қуандық.
Енді мына жағдайдан төбемізден жай түскендей болып отырмыз. Жағдайымызды айтып әкімге арыз жазып, көмек сұрайтын боламыз. Жекеге өтсе тәрбиешілердің санаттары ескерілмейтін болады", - деді тәрбиеші Әлия Ниетбаева.
Фото: KAZ.NUR.KZ

Фото: KAZ.NUR.KZ

200 орындық бұл балабақшада 40 қызметкер, оның ішінде 18 педагог бар. Биылғы жылы сенімгерлікке беруге құжаттары тапсырылып кеткен үш балабақшаның бірі болып табылады.

"30 жылдан бері балабақшада жұмыс істеймін. Біздің сыртымыздан тон пішіп, қол қойдырып жекеге бергеніне біз қарсымыз. Мұнда көпшілігі жоғары санаттағы адамдар. Ертең жекеге кеткенде құл болып отырамыз ба?
Жекеге берілуге қарсымыз. Әкімге ұжым болып хат та жаздық. Тоқтатылғанын айтып жауап та келді. 26 наурыз күні жұмысқа шыққанымызда сенімгерлікке өткенімізді естіп отырмыз", - дейді тәрбиеші Анаргүл Қуандықова.

Ақтөбе қаласындағы балабақша меңгерушілері бірігіп, бас прокуратураға, қаржы, білім министрлеріне шағым да жазған.

"Бұл сенімгерлікке беріліп отырған бірінші балабақша емес. 2017 жылы 3 балабақша, 2018 жылы 6 балабақша сенімгерлікке берілді.
2019 жылы 11 балабақша беру жоспарланды. 22 ақпан күні электронды сатылым жүргізіліп, хаттама жасалып, үш балабақша сенімгерлікке беріліп кетті. Облыс әкімінің балабақшалар сенімге берілмеу керек деген шешімі бойынша қалған жұмыстар тоқтатылды. Заңға қайшы ештеңе жасалып жатқан жоқ", - дейді қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жұлдыз Шалабаева.

Ал облыстық білім басқармасы талдамалардың әлі де жасалатынын айтып жұбатып отыр.

"Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, бұл балабақшалармен келісім-шарт жасалып қойылды. Сондықтан сенімгерлікке беруге мәжбүр екендерін айтты. Дегенмен, осы мәселе бойынша облыс әкімі қала әкімдігіне тапсырма берді.

Енді талдамалар жасалмай, бұл жұмыстар жалғаспайды. Сондықтан бұл жұмыстар әлі аяқталған жоқ", - деді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.
Сіздің реакцияңыз
1
1
0
1
0
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel