RU
"Нұр-Сұлтандықтар" еліміздегі қала атауларын өзгертуге қалай қарайды?
Жаңалықтар Қоғам

"Нұр-Сұлтандықтар" еліміздегі қала атауларын өзгертуге қалай қарайды?

Рассказать Вконтакте

Бас шаһардың атауы Астанадан "Нұр-Сұлтанға" өзгергелі бері, еліміздегі белсенді партия мүшелері Қазақстандағы бірнеше қала атауын өзгерту қажет деген пікір айтты. Республикада Астанадан бөлек тағы қандай қалалардың атауын өзгертуге болады? "Нұр-Сұлтандықтар" қаланың жаңа атауына үйренді ме? KAZ.NUR.KZ елордалықтарға аталмыш сауалды қойып, блиц-сауалнама жүргізіп көрді.

Фото: tripzaza.com

Фото: tripzaza.com

Бас шаһар тұрғындарының дені Қазақстандағы Павлодар және Петропавл қалаларының атауын өзгерту қажет деген ойларын ортаға салды.

"Орысша атаумен қалған осы екі қаланың атауын өзгерту керек деп ойлаймын. Петропавлға Қызылжар, Павлодарға сол жерден шыққан белгілі ғалым, қоғам қайраткерінің атауын беру керек шығар. Мәселен Шәкен Айманов, Қаныш Сәтпаевтың атауын беру керек дегендей.
Сол сияқты Павлодар облысының бір ғана Баянауыл ауданынан 22 академик шыққан дегенді естігенмін. Сол кісілердің атауын берсе болады. Өзге қалалардың атауы бұрынғысынша қала беруі керек шығар", - дейді өзін Ардақ деп таныстырған азамат.

Нұр-Сұлтандық студенттер де Қазақстандағы кей қалалардың атауын өзгерту қажет деген пікірлерін айтты.

"Нұр-Сұлтанның өзінен болмасақ та, Астанаға оқуға түскен соң, туған қаламыздай болып кетті. Сондықтан әлі жаңа атауына үйренісе алмай жатырмыз. Елдегі орысша атауы барлық қалалардың атауын өзгерту керек деп ойлаймын. Мысалы Шығыстағы Семей мен Өскемен қалаларының да атауы орыс тілінен шыққан. Сол сияқты Павлодар мен Петропавл атауын да қазақыландыру керек деп санаймыз",-дейді жастар.

Ал өзін Айжамал деп таныстырған әжей болса, қаланың жаңа атауына үйренісіп келе жатқандығын жеткізді.

"Өзім жергілікті ақмолалықпын. Қала атауы соңғы жылдары бірнеше рет өзгерді. Нұр-Сұлтанға да үйреніп келеміз. Басында оғаш естілген, қазір етіміз үйренген сияқты. Бастысы қаладағы тазалық пен мәдениет бұрынғыдай қаз-қалпында сақталса екен дейміз", - дейді қарт кісі.

Блиц-сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі "Қала атауларын өзгертуге қатысты ойларын" айтудан бас тартты. Кейбірі тіпті шаһар атын өзгерткенімен, ондағы тұрмыс пен тіршілік еш өзгермейді деген пікірді алға тартты.

"Түкте өзгермейді", "Қала атауын емес, мүмкін көше атауларын өзгерту керек шығар", "Аты өзгергенімен, халқы өзгермейді, бәрі сол бәз баяғы қалпы қалады" деген пікірлерін ортаға салды тұрғындар.
Сіздің реакцияңыз
33
0
0
2
1
2
2
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel