RU
Қызылордадағы әуе апаты: Қаза болғандар туралы не білеміз?

Қызылордадағы әуе апаты: Қаза болғандар туралы не білеміз?

Рассказать Вконтакте

Қызылордадағы әуе апаты отаны мен жұмысына адал еңбек еткен 13 азаматтың өмірін қиды. Қаза тапқандардың артында көз жасын сүрткен жұбайлары мен балалары, жақын туыстары қалды. Қызмет барысында көз жұмған әскерилер жайлы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Роман Костыгов, Мұрат Шәріпов, Сабыр Тоқбаев, Сырым Мәсәлім. Фото: Қорғаныс министрлігі, әлеуметтік желілер

Роман Костыгов, Мұрат Шәріпов, Сабыр Тоқбаев, Сырым Мәсәлім. Фото: Қорғаныс министрлігі, әлеуметтік желілер

Экипаж командирі Роман Костыговтің жасы небәрі 33-те болған. Ол авиациялық эскадрилья командирі орынбасары қызметін атқарды.

Романның әпкесі-Надежда Белованың айтуынша, ол кішкентайынан аспанда ұшуды армандап, училищеге өз еркімен барған.

"Есімде, біз ойнаған кезде ол басына бас киімін киіп, қолына ойыншық тапаншасын алып жүретін. Ұшқыш болуды бала кезден армандаған", -деді ол.

Марқұмның досы Александр Немцов Ақтауға Романды бір ай бұрын ғана ауыстырғанын айтады. Оған дейін экипаж командирі қызметін Талдықорғанда өтеген.

Александр жолдасын тек сенімді, әділ әрі жауапты адам ретінде еске алады.

Романның артында әйелі мен баласы қалды.

Қайтыс болғандардың бірі-37 жастағы кіші сержант Асхат Абдулманат. Жақындарының сөзінше, ол келісімшарт бойынша көп жылдар бойы Талдықорғанның әуе базасында қызмет еткен. Оны тек қаңтар айының басында ғана Ақтаудағы әскери бөлімшеге ауыстырған.

Марқұмның анасы оқиғадан бұрын ұлының үйіне видео жолдағанын айтты. Қайғыдан қан жұтқан келіншек әлі де ұлының көз жұмғанына сенбей отыр.

Асхаттың артында төрт баласы қалды.

Әуе апатында көз жұмғандардың қатарында 28 жастағы ефрейтор Мирас Жұматаев та бар. Ұшудың алдында ол жақындарына барлығының сәтті өткені туралы хабарлама жіберген. Содан бері Мирас байланысқа шықпаған. Оның анасы Сайлау Сыдықова ұлын әскери бөлімшесі орналасқан Ақтау қаласына жібергісі келмегенін айтады.

Ал 34 жастағы Тимур Құдайбердиев аға бортинженер-нұсқаушы қызметінде болған. Tengrinews.kz хабарлауынша, ол Ақтау қаласында тұрған екен. Есік қаласында дүниеге келген азаматты кішкентайынан атасы мен әжесі тәрбиелепті.

Тимурдың артында әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласы қалды.

Қаза тапқан 13 азаматтың бірі Ақтөбе облысының тумасы, 34 жастағы Данияр Қоңырбай. rikatv.kz мәліметіне сәйкес, ол Қаракөл ауданы Мұғалжар ауылында дүниеге келген. Қазір онда марқұмның ата-анасы тұрып жатыр.

Әуе инженерінің артында жұбайы мен үш кішкентай баласы қалды. Бүлдіршіндерінің кішісі өткен жылдың желтоқсан айында дүниеге келген.

Ертең Шымкентке Сабыр Тоқбаевтың денесі жеткізіледі. Өмірін қызметке арнаған ол 1977 жылы дүниеге келген. Жақындары Сабырдың өліміне әлі күнге дейін сенер емес.

Майордың артында жеті баласы қалды. Олардың үлкені 17 жаста болса, кішісі емізулі бала.

Тікұшақ апатынан капитан Сырым Мәсәлім да көз жұмды. "Мой город" ақпараты бойынша, Сырым Батыс Қазақстан облысының тумасы. Ол өз қызметін Ақтау қаласында атқарған.

Марқұмның артында әйелі мен үш жасар ұлы қалды.

Ефрейтор Қуаныш Сарқытбаев та әуе апатының құрбанына айналды. 32 жастағы азаматтың артында зар жылаған жанұясы қалды.

Үшінші санаттағы сержант Қайрат Нұрсапанов 1973 жылы дүниеге келген. Ақтау қаласында өмір сүрген азаматтың суреттеріне қарағанда, оның да артында балалары қалған.

Экипаждың ең жас мүшесі 24 жастағы лейтенант Аслан Айтбаев болған.

Қаза болғандардың қатарында тағы:

1979 жылы туған аға сержант Мұрат Шәріпов;

1978 жылы туған ефрейтор Айдын Әбілдинов;

1990 жылы туған ефрейтор Өмірхан Қауқаев бар.

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
12
0
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel