RU
Марқұм ақтөбелік әскериді келіншегі соңғы рет жұмысқа өзі шығарып салған

Марқұм ақтөбелік әскериді келіншегі соңғы рет жұмысқа өзі шығарып салған

Рассказать Вконтакте

27 наурызда Қызылорда облысында тікұшақ апатынан көз жұмған 33 жастағы Данияр Қоңырбайдың денесі әскери жасақпен 30 наурыз күні түнде туған ауылына жеткізілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: KAZ.NUR.KZ

Фото: KAZ.NUR.KZ

Данияр Қоңырбайдың денесін Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылына Қорғаныс министрлігінің генералы мен жергілікті әкімдік басшылары алып келген.

Үш баласымен жесір қалған марқұмның жұбайы әскери формада келгендерден күйеуін сұрап, көптің қабырғасын қайыстырды. Кішкентайын жақында ғана қырқынан шығарған келіншек жолдасының өліміне сенбейтінін айтып, жылаған.

"Ми-8 ұшағында байланыс болмай жатыр дегеннен дұғамды айтып, жақсы хабар күттім. Кешкілік әріптестері келіп қайыр айтқан кезде де сенбедім. Табылар, оралар деген үмітте болдым. Жұмысқа кеткен балаларымның әкесі табытпен келеді деп кім ойлаған?! Сол күні таңғы сағат 5-терде үйден өзім шығарып салдым. Сағат 9:00-да ұшып кететіндерін айтты. Түскі 11-лерде видео қоңыраумен хабарласып, Бейнеуден жанармай құйып жатқандарын хабарлады.
Түстен кейін 15:30-да Байқоңырда тұрғандарын айтты. Сол кезде Шымкентке барып қонатындарын айтқан, одан кейін хабарласқан жоқ. Телефоны сөніп тұрды. "Жыламаңдар, мен келдім" деп айтатын сияқты. Әлі де келеді деп отырмын.
"Бір айдан соң келемін, бұйырса ауылға барамыз" деген. Оқу-жаттығу сәуірдің 10-нан басталады екен. Екі апта бұрын ерте бармай-ақ қой деп жалынып едім, өзі де бірдеңені сезгендей: "аман-есен барып келсек екен" деп қимай қоштасып еді.
Енді Ақтауға барып тұрмаймын. Онда ешкімім жоқ. Үш баламмен есікке телміріп жолдасымның келуін асыға күтетін едім. Енді кімді күтемін?", - дейді Данияр Қоңырбайдың жары Әйгерім Қоңырбай.

Марқұмның туыстарына аудан әкімі басу айтып, жұбатты.

Фото: KAZ.NUR.KZ

Фото: KAZ.NUR.KZ

"Жерлесіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды. Сіздерді жұбатуға сөзіміз жетпейді. Бекем болыңыздар. Барлық көмек көрсетілетін болады. Дегенмен, адамның орны толмайды. Біз де сіздермен бірге қиналып тұрмыз", - деді аудан әкімі Ербол Данағұлов.

Қаладан келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Қоңырбайдың анасының қолына көмек ретінде 1 миллион теңге ұстатты.

"Қайғыны бөліссең жеңілдейді. Сіздерді сабырлылыққа шақырамын. Қызметте жүрген азаматтың мұндай жағдайға ұшырағаны қиын. Облыс басшылығы өз атынан 1 миллион теңге қаржыны сіздерге көмек ретінде жолдады", - деді облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин.

Еске сала кетейік, 27 наурыз күні Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырып, 13 әскери қызметкер қаза тапты. Қаза болғандардың екеуі Ақтөбе облысынан.

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel