Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отандық жұлдыздар басы дауға қалған Әбдіжаппар Әлқожаны жақтап шықты

Опубликовано:

Қожалар туралы бар ойын ортаға саламын деп басы дауға қалған Әбдіжаппар Әлқожаны отандық шоу-бизнес жұлдыздары жақтап шықты. Өнер иелері әріптесінің ойын дұрыс жеткізе алмағанын алға тартып, әншіге түсіністікпен қарауға шақырған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әншіні қолдағандардың арасында Әбдіжаппар Әлқожаның әпкесі Роза Әлқожамен қатар, Артұр Төлепов, Нұрболат Абдуллин, Бағлан Әбдірайымов, Нұржан Аташ секілді жұлдыздар бар.

Роза Әлқожа өзінің Instagram парақшасында інісіне айтылған сынның орынсыз екенін айтып, одан сұхбат алған журналиске қатысты ойын айтты.

"Кешеден бері ұйқыдан, астан қалдық. Анна Данченько деген журналист руға қатысты сұрақ қойып Әбдіжаппарды арандатқан екен. Ең бірінші журналист қан бұзылды деп өзі сұрақты дұрыс қойып отырған жоқ. Тіл маманы бұзылды деп қолданбайды. Екіншіден қазақтың әр әншісінің руын сұрай берсе, әр әнші руын айтып аттандап кетпей ме?!
Әбдіжаппар сөзді дұрыс қолданбағаны үшін халықтан кешірім сұрайды! Негізгі айтар ойы қазақ пен қожа ата-бабамыздан араласып кеткен ел деп айтқысы келген. Келесі сұхбатта журналисті досым деп емес, өз қызметінің иесі, рейтингтің құлы деп қабылдайтын болады" - деген азулы жазба қалдырды Роза Әлқожа.

Нұрболат Абдуллин де әншіге қолдау білдіріп, тіпті бірге елден кешірім сұраған.

"Желіні шулатып отырған блогер xанымға, соның сөзіне еріп жатқан кейбіреулерге айтарым өтірік патриот болғанды қояйық. Ойын дұрыс жеткізе алмаған досымды даттап, соттағанда сенің басыңа алтын мүйіз шықпасы анық. Қатесін білді, кешірім сұрады.
Әбдіжаппардың сөзіне бола Қожа мен Қазақ қырқысып жатқанын көрмедім. Қырқысып жатқан миының қыртысы жоқтар. Досымды қолдап отқаным жоқ, қорғап отырмын. "Атың шықпай жатса әншіні әлек қыл" деген де мақал шығыпты-мыс. Әнші деген қауым көрінгеннің көпшігі, жауыздардың жастығы емес. Десе де, досыммен бірге мен де кешірім сұрадым. Батаңды беріп, белін бу да бәйгеңе қоса бер ағайын! Дүниенің жалғанында жердің дөңгелек екенін ұмытпайық" , - деп жазған Абдуллин.

Әбдіжаппардың өнердегі ағасы Бағлан Әбдірайымов бұл мәселеде шет қалмай, басы дауға қалған әншіге түсіністік танытуға шақырып, Instagram парақшасына арнайы жазба қалдырған.

"Ағалық өтінішімді жерге тастамай, ізеттілігінен жаңылмай жүрген бауырым сүрініп қалыпты. Арқасын қағып, қайта қатарға қосып жіберсек неміз кетті? Өз ойын емес, естіген әңгімесін айтты. Дұрыс жеткізе алмады. Оны да бір түртіп қойыңыз.

Эстрадамызға енді қалықтап келе жатқан, оңды - солын білмейтін қыран торға түсікендей болды. Қателсеті, мойындады болды. Дос болып жүрген жандарға риза болып отырмын. Ішкі дүниесіне үңіліп, аңқылдаған бауырды өсектің құрбаны етіп жіберді. Әйтпесе, эфирдің заңын бізден жақсы біледі ғой.

Мейлі, күн көріс қой! Тілде сүйек жоқ, ең бірінші жауың тіл екенін өмір сабағы үйретіп бастаған екен, оқып тоқып ал! "Қара" дегенің қалың қазақ қой, "Ұлы" екенін ұмытпа! Үйренде жирен, көрде түйе бер. Аман жүр, жаңылма! Әдемі екі ән шықса, сүйкімің қайта қалыптасып шыға келеді! Кешірейік, ағайын" , - деп ойын білдірді Әбдірайымов.

Бұл мәселеге қатысты танымал тележүргізуші Нұржан Аташ та өз пікірін білдіре кетті.

"Тегін білмеген тексіз десе, тегін білген тегін адам емес деген сөз бар! Қожамын деп туыс-қаным қожалығын емес, тектілігін айтты. Бұл жерде әңгіменің бәрі парасатты сөздің парқына жету мен астарын ұғынуда ғой ағайын. Әбдіжаппардың қазақты қара дегені дара дегені деп білгеніміз абзал" , - деп жазды ол Instagram парақшасына.

Отандық танымал актер Артұр Төлепов те Әбдіжаппарды барынша жақтауға тырысып, оған өз қолдауын көрсетті.

"Кеше ғана естідім бауырымның айналасында болып жатқан мән жайды! Жерден алып, жерге салмас бұрын, сұxбатты толық көру керек! Кей сөздері кесіліп, ойды түсінбей қалған көбісі, сөйтіп интернет желілеріне таралып кеткен! Бауырым мен сенімен біргемін" , - деп жазған Төлепов.

Айта кетейік, Әбдіжаппар Әлқожа өз сұхбаты барысында қожалар туралы бар шындықты айтып, елдің сансыз сынына қалған болатын. Оған қоса, белгілі заңгер әншіні айтқан сөздері үшін жауапқа тарту керектігін алға тартқан.

Ел арасында қызу талқыланып, үлкен дауға ұласқан мәселеге қатысты өз пікірін Әбдіжаппар Әлқожа видео үндеу арқылы жеткізбек болған. Өнер иесі өз әрекетін түсіндіріп, шын мәнінде не айтқысы келгенімен бөлісті.

Сонымен қатар, отандық жұлдыздан атышулы сұхбатты алған журналист те елден оңбай сөз естіп жатқанын мәлімдеді. Анна Данченко өзіне жала жабылып жатқанын айтып, барынша өзін ақтап алуға тырысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1786222-otandyk-zldyzdar-basy-dauga-kalgan-bdizappar-lkozany-zaktap-sykty/

pixel