Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ғарышкер болуды армандап, кітап жазып жатқан қазақ баласы жайлы не білеміз?

Опубликовано:

Қостанайлық Расул Болатқанұлы мектеп кезінен ғарыш саласын игеру мақсатымен, көпке танымал "Болашақ" бағдарламасын дәл осы мамандық бойынша тәмамдап шыққан. Бала күнінен физика және астрономия саласына қызыққан инженер, аталмыш салаға қалай келгенін KAZ.NUR.KZ тілшісіне баяндап берді.

Фото Расул Болатқанұлының жеке мұрағатынан алынды
Фото Расул Болатқанұлының жеке мұрағатынан алынды: Twitter

- Расул алдымен өзіңіз жайлы таныстырып өтсеңіз?

- Өзім Қостанай облысының Әулиекөл ауданынан боламын. Бүгінде республикалық ғарыш байланыс орталығында жұмыс істеп жүрмін. Жалпы ғарышқа деген қызығушылығым бала кезден басталды. Сол кездегі "Звездные войны" киносын көріп, қиял-ғажайып кітаптарды оқып өстім.

- Сонда бала кезден бастап ғарышкер болуды армандадыңыз ғой?

- Сол жылдары аса танымал болған "XXI ғасыр көшбасшысы" бағдарламасында алғаш рет ғарышкер боламын деп айтақаным есімде. Бірақ мектеп бітірген соң, Қазақстанда таза "ғарыш ғылымына" арналған мамандық болмайтынын білдік. Сөйтіп анам "Егемен Қазақстан" басылымынан мамандықтар тізімін тауып, Азаматтық авиация академиясына оқуға түстім.

Бірақ авиация мен ғарыш ғылымының екі түрлі нәрсе екенін ұмытпаған жөн. Екеуі де инженерлік ойлауды қажет етеді. Екеуінде де күрделі техника бар: бірінде ұшақ болса, екіншісінде ракета аппаратын қарастырамыз. Академияда азаматтық авиацияға көп мән беріледі де, инженер-конструктор болуға мүмкіндік болмайды.

Фото Расул Болатқанұлының жеке мұрағатынан алынды
Фото Расул Болатқанұлының жеке мұрағатынан алынды: Twitter

- Бакалаврды сол жерден бітіріп, кейін магистратураға түстіңіз ғой?

- Төртінші курста "Air Astana" компаниясының арнайы бағдарламасына іліктім. Дәл осы компаниядан көп білім мен тәжірибе алдым десем артық айтқаным емес. "Air Astana" студенттердің тәжірибе жинауына мүмкіндік берді. Сөйтіп оқуды бітірген соң, осы компанияның Астанадағы өкілдігінде жұмыс істедім.

Жұмыс істеп жүрген кезімде "Болашақ" бадарламасына түстім. Алғашында мен Лондонда бір жылдай "University East of England"-қа қарайтын, "Into" тіл курстарын оқыдым. Одан кейін үш түрлі университетке "Болашақ" бағдарламасы бойынша, ғарыш ғылымы мамандығына құжаттарымды тапсырдым.

Сөйтіп, Англияның "UCL" атты оқу орнына оқуға түстім. Шыны керек, ондағы оқу оңайға соқпады. Кітапханада 6-12 сағаттан отыратынмын. Бірақ сол бір жылдың ішінде маған керек бар білімді алдым деп толықтай айта аламын.

- Сол жинақтаған біліміңізді іс жүзінде жүзеге асыра алдыңыз ба?

- Шыны керек, тәжірибе жүзінде өзім қалаған жұмыс орындарына жұмысқа тұра алмадым. Және сол кезде мен елге келген соң, Азаматтық авиацияда жұмыс істеу талабы тұрды. Себебі мен академия арқылы "Болашаққа" түскен едім.

- Ал шетелден ұсыныс түспеді ме?

- Түсті, бірақ мен жоғары оқу орнының атынан бағдарлама стипендианты атанғандықтан, міндетті түрде елге келіп, жұмыс істеуім керек болды. Көптеген болашақтықтар дәл осылай елге қайтып жатты.

- Расул, ауылдан шыққан қарапайым қазақ баласы осындай жетістікке жетіп отыр. Осы жетістіктерге жетуіңіздің құпиясы қандай?

- Негізі соншалықты, ел таңданатындай жетістігім жоқ. Ел қатарлы Азаматтық авиация академиясын бітіріп, сонда сабақ, сенбі күндері ҚазҰУ-да сабақ бердім. Академияда мен Лондонда маған сабақ берген ұстаздардың сабақ беру әдісін пайдаландым. Қазір сонда өзім сияқты "Болашаққа" түсіп, конструктор болуды армандайтын шәкіртім бар. Ол да шетелге оқуға түсіп, білімін жетілдіргісі келіп жүр. Академияда жарты жыл жұмыс істегеннен кейін, "Air Астанаға" жұмысқа тұрдым.

Болашақтықтармен бірге интеллектуалды ойындардың бірінде мен Диас Тастанбеков деген азаматпен таныстым. Біз онымен жеңіл ракеталарды құрастыру туралы жобаны қолға алмақ болдық. Сөйтіп, Алматыдағы белді компаниялардың бірі осы жобаға қызығушылық танытып, бізге қолдау көрсететін болды. Сонымен бірге, "зондтаушы ракета" жобасын жүзеге асырмақ болдық.

Жобаның басты ерекшелігі – жеңіл салмақтағы ракеталарды дайындау болып табылады. Оның басты артықшылығы бағасының арзан болуында. Қазіргі таңда электроника қатты дамып, спутниктер барынша азайып бара жатыр. Сондықтан жеңіл салмақтағы ракеталар бүгінде маңызды болып тұр.

Фото Расул Болатқанұлының жеке мұрағатынан алынды
Фото Расул Болатқанұлының жеке мұрағатынан алынды: Instagram

- Бұл жоба қандай да бір табысқа жетті ме?

- Әзірге жоқ, себебі ол қыруар қаражатты қажет етеді. Бірақ бәрі осы сынды ракетадан басталады. Егер өзіміздің ғарыш индустриясын дамытамыз десек, осындай зондттаушы ракеталардан бастауымыз керек. Иран, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония барлығы да осы жолмен жүріп өткен.

- Қазір бұл жобаға қаржы құятын инвесторлар табылды ма?

- Иә, өткенде ғана осы мәселе бойынша сөйлестім. Қазір жобаға қызығушылық танытқандар бар, бірақ мен ол топтың жұмысына қатыса алмаймын. Себебі бүгінде қазіргі жұмыс орнында қызмет етіп жүрмін.

- Қазақстаннан кету ойыңыз жоқ па?

- Қазір болашақтықтардың көпшілігі елден кетіп жатыр. Бірақ біз бәріміз елден кетсек, Қазақстанда кім қалады? Негізі олардың көбі осы елде қалып, жұмыс жасағысы-ақ келеді. Кім өз елінен қашсын? Алайда оған амал бар ма? Өздеріне ыңғайлы жұмыс тауып, шетел асып кетеді.

- Осы күнге дейін барлық тұрғыдан сізге анаңыз қолдау көрсетіп келді ғой?

- Анамның ғарыш техникасынан хабары болмаса да, ол мені әрдайым тыңдауға дайын болатын. Сондықтан анама үлкен алғыс айтамын.

- Қазір немен айналысып жүрсіз?

- Қазақ тілінде ғарыш ғылымына арналған кітап жазып жатырмын. Бізде қазақ тілдегі оқулықтар мен әдебиеттер өте аз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1786653-garysker-boludy-armandap-kitap-zazyp-zatkan-kazak-balasy-zajly-ne-bilemiz/

pixel