Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көптеген әйелді босандырған елордалық келіншек қызметінің сырын ашты

Опубликовано:

Елордалық Айнұр Майсақанова арнайы йога мектебін ашып, жүкті әйелдерді босануға дайындайтын Доула мамандардың бірі. Жас аналармен босануға бірге кіретін келіншек олардың жеңіл босануы үшін барлық амал-әрекеттерді жасайды. Көпшілік біле бермейтін мамандық иесімен KAZ.NUR.KZ тілшісі тілдесіп қайтты.

Фото Айнұр Майсақанованың жеке мұрағатынан алынды
Фото Айнұр Майсақанованың жеке мұрағатынан алынды: Twitter

- Айнұр, Сіз әйелдермен босануға бірге кіретін Доула деген мамандықтың иесісіз. Бұл қандай "қызмет"? Ол әйелдерге қалай көмектеседі? Осы жөнінде айтып бересіз бе?

- Сауалыңызға рахмет. Жүктілік, босану, босанудан кейінгі қайта қалпына келу ісімен 10 жылдан астам уақыт бойы, өзім ана болғаннан бері айналысып келемін.

Қазір мен Доуламын (ред. босану кезіндегі серіктес), сондай-ақ "Дұрыс босану" курсының, жүкті әйелдерге арналған йога мектебінің оқытушысымын.

Мен бұл салаға қалай келдім?

Аяғым ауыр кезде және балаларымды босанғаннан кейін де, осы тақырыпқа қатысты ақпараттың тым көп екенін, алайда оның ішінде қайсысы дұрыс екенін білмедім. Жақындарым "Бәрі өмірге сәби әкеледі, сенде де дәл солай болады" деген кеңес айтатын.

Алайда мен алғаш рет босанғаннан кейін аз-маз "шокта" болдым десем артық айтпаспын. Шүкір ол күндердің бәрінде жолдасым жанымнан табыла білді.

- Сол сияқты йога мектебіңіз бар екен. Ол аналардың босану сәтін жеңілдетуге қалай әсер етеді?

- Бастапқыда мен аяғы ауыр келіншектерге йогадан сабақ бердім. Әйел ағзасында екіқабат кезде түрлі өзгерістер болады. Сол себепті ол түрлі ауырсынуларды сезінеді. Мысалы белі ауырады, тірек-қимыл жүйесіне салмақ түседі дегендей.

Йога қыз-келіншектердің физикалық жағдайын жақсартып қана қоймайды, ол сондай-ақ, адамның ішкі жан дүниесін жақсартады, санадағы түрлі ойлардан арылуға көмектеседі.

Біз бір жылдың ішінде 100-ден астам келіншекті босануға дайындап, 20 әйелмен босану кезінде бірге болдым.

Маған сенім білдірген аналарға алғыс айтамын. Сіздердің жылы лебіздеріңіз мені шабыттандыра түседі.

- Ал босану кезінде серіктес болу, яғни, Доула болу идеясы қайдан келді?

- Бұл бастамаға болашақ аналардың өзі қолдау білдірді. Осы салада тәжірибем жеткілікті болса да, "Босанудағы көмекшілер. Доулдар" қоғамдық бірлестігінде арнайы курс оқыдым.

Тәжірибелі Доула мамандармен бірге емтиханнан өткеннен кейін, өзім де әйелдермен бірге босануға кіретін болдым.

Доула маманның акушерден қандай айырмашылығы бар?

Ол препараттарды тағайындамайды, диагноз қоймайды, олар босанатын әйелге тек психологиялық және эмоционалды деңгейде ғана көмек береді. Мысалы, толғақты жеңілдететін массаждар жасайды, дыбыс және тыныс алу жаттығуларын жасатады, аромотерапия мен рефлексотерапияны іске асырады.

Біз сияқты мамандар босанатын әйелдің жанында перзентханада бірге болады. Біз кейде босану залында 10 сағат, ал кейде 20 сағат болуымыз мүмкін.

Біреулерге бұл жұмыс оңай көрінуі мүмкін, бірақ негізінде эмиоционалды тұрғыда өте жауапты іс. Кейде тіпті сол әйелдермен бірге өзім босанғандай күй кешемін. Бұл істе осы күнге дейін маған қолдау көрсетіп келе жатқан жолдасыма алғысымды айтқым келеді.

- Өзіңіз төрт баланың анасысыз. Осы жұмысыңыз бен отбасыңызға қалай үлгересіз?

- Оңай емес, бірақ бәріне үлгеруге тырысамын. Әйелдер тек бала күтімімен үйде отырып қалса, өздерін қоғамнан қалып қойғандай, мақсаты жоқ адамдар секілді сезінеді. Ал жұмысқа шығып, қандай да бір кәсіппен айналысса, керісінше балаларыма аз уақыт бөліп жүрмін деп ойлайды.

Мұндайда "әйел бақытты болса, бүкіл жанұя да бақытты болады" деген ұстанымды ұмытпау керек.

Мен қашанда жаратқанға деген сенімімде жоғалтқан емеспін, егер менің өмірімде осындай жағдайлар болып жатса, демек ол Алланың жазғаны деп білемін.

Сөз соңында жүкті әйелдерге қазір сіздер өмірлеріңіздің ең ғажап күндерін бастан өткеріп жатырсыздар деп айтқым келеді. Сондықтан ана болудан, босанудан қорықпасаңыздар екен деймін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1786862-kptegen-jeldi-bosandyrgan-elordalyk-kelinsek-kyzmetini-syryn-asty/

pixel