RU
Өз жобаңды жүзеге асыру үшін бір миллион теңгеге қалай қол жеткізуге болады
Жаңалықтар Қоғам

Өз жобаңды жүзеге асыру үшін бір миллион теңгеге қалай қол жеткізуге болады

Рассказать Вконтакте

Елімізде жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бастамалары жалғасуда. Бүгінгі таңда 14-пен 29 жас аралығындағы әрбір жас қазақстандық өз ісін бастауына болады.

Өз жобаңды жүзеге асыру үшін бір миллион теңгеге қалай қол жеткізуге болады

Биылғы жылы Zhas Project Жастар корпусын дамыту жобасы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, сондай-ақ Ақмола, Атырау, Маңғыстау және Батыс-Қазақстан облыстарының жастары ұсынып отырған әлеуметтік бастамаларға 1 миллион теңгеге дейін қаржылай көмек көрсетеді.

Аталмыш Жоба жұмыссыз және оқу оқып жүрген, не болмаса табысы төмен жастарды қолдауға бағытталған. Сондықтан Жобаға қатысушылар жоғарыда атап кеткен санаттағы жас азаматтар қатарынан болады.

Егер Сіз аталған өңірден бола тұрып, қандай да бір әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру ойыңыз болса, Жоба тарапынан қолдау алуға мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін алдымен 3-5 адамнан құрылған бастамашыл топ құруларыңыз тиіс. Содан кейін Zhas Project Жастар корпусын дамыту жобасының ресми сайтында тіркеуден өтіп, электронды өтініш тапсыру керек. Айта кететін шарт, іріктеу байқауына қатысуға өтініштер 2019 жылдың 15 наурызында басталып, 15 сәуіріне дейін қабылданады.

Әрине, әрбір бастама пайдалы және қарқынды бола бермейді. Егер өзіңіздің жобаңызға қатысты күмәндарыңыз болса, бұл ретте де Жобаның мамандарына жүгіне аласыздар. Әр аудан орталықтарында жобаны қалай дұрыс құру, жоспар жасау, бюджетті қалай дұрыс есептеу және тағы да басқа сауалдарға жауап алуға болатын арнайы бағдарлы семинарлар өткізіледі. Аталмыш семинарлардың өткізілу кестесін Zhas Project сайтында немесе Жобаның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарынан біле аласыздар.

Мамандардың көмегімен жобаңызды сәйкестендіріп, өтінішіңізді тіркеген соң, іріктеуге қатысуға мүмкіндік аласыздар. Тіркеуден өткен барлық өтініштер үш кезеңдік іріктеуден өтеді. Біріншісі – техникалық, екіншісі – бағалау комиссиясының іріктеуі, үшіншісі – кездейсоқ іріктеу әдісі немесе рандомизация әдісі.

Осы үш кезеңнің барлығынан сүрінбей өткен бастамашыл топтардың барлығы гранттық бағдарламаға ілігіп, 1 млн теңге көлемінде грантқа ие болады. Сонымен қатар, Жобаға қатысушыларға өз жобаларын іске асыратын жарты жыл көлемінде ай сайын 60 мың және 40 мың теңгені құрайтын шәкіртақы төленіп отырады. Жоғары білімі бар қатысушылар жоғары шәкіртақыға ие болады.

Жобаға қатысушылардың барлығы өмірлік маңызы бар дағдыларды меңгерулері тиіс, жәнеде сол дағдылары мен білімдерін жобаны іске асыратын 6 ай көлемінде тәжірибе жүзінде пайдаланып, іске асырулары керек.

Сонымен қатар, атап өтетін ерекше жайт, Жоба барысында грант есебінен сатып алынған барлық материалдар, техника мен жабдықтар Жоба аяқталған соң бастамашыл топтардың меншігінде қалады.

Zhas Project Жастар корпусын дамыту жобасы 2017 жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігі және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылып келеді. Екі жыл аралығында Жобаға 5,5 мың жастар қатысып, 1 600-ден астам әлеуметтік бастамалар іске асырылған.

Zhas Project жобасымен толығырақ әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттардан немесе 8-800-080-15-20 телефоны арқылы біле аласыздар.

Сіздің реакцияңыз
0
0
1
0
0
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Пікір
Mailfire view pixel