Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралдық бойжеткен құрбысының ауқатты жігітін айналдырып алған

Опубликовано:

Орал қаласының тұрғыны достықты сатып, жақын құрбысының жігітімен көңіл қосқан. 23 жастағы бойжеткенді тіпті екі жастың біраз уақыттан бері кездесіп жүргені де алаңдатпапты. Қызға тән қылықтылығын көрсете білген арудың арбауына бозбала да оп-оңай түсіп қалған. Бүгінде сатқындықтың құрбаны болып, көпшіліктен көңілі қалған Гүлназ KAZ.NUR.KZ сайтының редакциясына басынан өткен оқиғаны әңгімелеп берді.

Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден: UGC

Гүлназ бүгінде Орал қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім болып қызмет атқарады. Болған жағдайдан кейін біраз уақыт қоғамнан алыстап кеткенін айтады. Алайда, күйбең тірлік төрт қабырғаға қамалып отыруға мүмкіндік бермеген. Жұмыс істеп, отбасын асырап жүрген бойжеткеннің достықтан көңілі қалған көрінеді.

"Динара менің ең жақын құрбым болатын. Екеуміз студент кезімізден бері айырылысқан емеспіз, тіпті шынайы ренжісіп те көрмеген едік. Бойы ұзын, өте сымбатты досыма көз сүзіп қарайтын жігіттер де көп еді. Алайда, ол тұрмысы төмен ер азаматтарды жанына жуытпайтын. Кедейлік өмірден қатты қорқамын дейтін. 3-курсымда Қанат есімді жігітпен таныстым. Өзі қарапайым кеңсе қызметкері болғанымен, өте ауқатты отбасының баласы болатын. Бірақ мен оның дәулеттілігіне ешқашан қызыққан емеспін. Екеуміздің арамызда махаббат оты тұтанып, кездесе бастадық", - дейді оралдық бойжеткен.

Гүлназдың айтуынша, олар бір-бірін өте қатты жақсы көрген. Жарқын болашақ туралы армандап, алдағы уақытқа көптеген жоспарлар құра бастаған. Қанат сүйіктісін қымбат мейрамханаларға шақырып, бағалы сыйлықтарымен қуантып жүрген. Бұл жағдай туралы кейіпкеріміз өзінің құрбысына айтып, мақтанып жүріпті.

"Бір күні Қанат мойныма алтын алқа тақты. Әшекей бұйымның өте қымбат екені көрініп тұрды. Қанша бас тартсам да, сыйлығын алуды өтінді. Біраз уақытқа дейін алқаны тақпай жүрдім. Оның үстіне анам жігітімнен бағалы тартуларды алғанымды қаламады. Күндердің –күнінде университетке тағып барған болатынмын. Динара таңғалып, қызғанышпен қарағанын байқадым. Әуелгіде аса мән бермеген едім", - дейді Гүлназ.

Кейін Динара Гүлназды жігітімен таныстыруын өтіне бастаған. Жомарт, сымбатты әрі мінезі жайсаң жігітті көруді армандап жүргенін айтқан. Сол күні Қанат құрбыларды қымбат көлігімен мейрамханаға алып кетуге келген. Барлық жағдайы жасалған жігіт кейіпкеріміздің құрбысына ұнай кетіпті.

"Динара мен Қанат бірден жақсы араласып кетті. Екеуінің дос болғандарына мен де қуанып жүрдім. Дегенмен, уақыт өте келе құрбым менен алыстай бастағандай болып жүрді. Сүйіктім де жиі хабарласпайтын, кездесуге шақырмайтын болып кетті.Бір күні тобымдағы Жомарт есімді жігіт Динараны менің Қанатыммен бірге кинотеатрда көргенін айтып қалды. Бастапқыда мүлдем сенбеген едім, қателескен шығар деп ойладым. Өкінішке орай, олар менің сыртымнан кездесе бастағандарын тым кеш білдім", - дейді жас қыз.

Гүлназ болашақ отбасылық өмірін тек Қанатпен байланыстырғанын айтады. Сол себепті сүйіктісінің уәдесіне сеніп, екеуі төсектес болып қойғанын жасырмайды. Алайда, жігітінің аяқ астынан сатқындыққа барып, құрбысымен көңіл қосқаны оны тығырыққа тіреген.

"Қанат маған хабарласып, екеуміздің айырылысатынымызды айтты. Мен қанша жылап, жағдайды түсіндіргім келсе де ол мені тыңдамады. Менің болашақ өмірім оған маңызды болмады. Ол Динараны сүйіп қалғанын мойындады. Құрбым да болған жағдайды еш ұялмай айтып берді. Шындап келгенде, Динараға Қанаттың ақшасы ғана керек болғанын мен жаөсы түсінген едім. Бірақ жігітім маған сенбеді", – дейді біздің кейіпкер.

Арада бірнеше ай өткеннен кейін Динараның қаржылық жағдайы жақсара түскен. Қанаттың көмегімен жеке компанияға жұмысқа орналасқан. Сәнді көлік мініп, карьера жасауға бет бұрған екен. Не себепті екені белгісіз екі жас арақатынастарын тоқтатқан.

"Әлі күнге дейін екеулерінің не себепті айырылысқанын білмеймін. Кейін Қанат маған хабарласып, кездесуге шақырып жүрді. Бірақ мен онымен жүздескім келмеді. Өзімді сатып кеткен адамнан қатты көңілім қалды. Болашақта менің жағдайымды түсініп, қателігіме кешіріммен қарайтын адам табылар деп ұміттенемін", - дейді Гүлназ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1788413-oraldyk-bojzetken-krbysyny-aukatty-zigitin-ajnaldyryp-algan/

pixel