RU

Digital дәуірі: Онлайн сауда нарығындағы Қазақстанның даму көрсеткіші қандай?

Электронды сауда нарығы қазіргі таңда ел экономикасының қозғаушы күшіне айналып келеді. Осы бағытта Үкімет қаулысымен іргелі реформалар жүргізіліп, олардың жалғасын тауып, дамып жатқанына да куәміз.

Мәселен, 2018 жылдың алғашқы жарты жылдық қорынтындысы бойынша электрондық сауда нарығының көлемі 101 млрд теңгені құраған. Бұл туралы қазақстандық БАҚ жарыса жазған болатын. Қазіргі күнде ел тұрғындары «e-commerce» ұғымын, оны тұтыну және уақыт үнемділігі жағынан тиімділігін толықтай түсініп күнделікті қолданыс аясына енгізіп жатыр.

Онлайн-сауда – жаңа трендтердің біріне айналғаны қашан. Оның елімізде қалыптасуы 2005 жылдан бастау алады. Осы жылдар аралығында аталған сала түрі қарқынды дамып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде интернетті қолданушылар саны 10 млн адамды құрайды екен. Ал, 2017 жылы еліміздегі электрондық сауда нарығының көлемі 106,9 миллиард теңгені көрсеткен. Бұл дегеніміз бөлшектік тауар айналымы көлемінің 1,2 пайызын құрайды. Сондай-ақ, 2018 жылдың 5 айындағы электрондық сауда нарығының көлемі 101 миллиард теңгені немесе бөлшек тауар айналымының жалпы көлемінің 2,9 пайызын көрсеткен.

Осы орайда еліміздегі онлайн-сауданың ахуалы қаншалықты деңгейде? деген сауал туындайды. Жоғарыда атап көрсеткендей, ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Сонымен қоса «Электронды коммерциядағы бизнестің құзыреттілігін арттыру үшін «Қазпошта» АҚ негізінде Елордада алғашқы Электронды ком­мерция орталығы (E-commerce орта­лық­тары) құрылды. Ол дайын онлайн-дү­кен­дерді құру мен оқыту бойынша қыз­мет­терді көрсетеді.

Елімізде онлайн-сауда нарығы жыл сайын 30 пайызға артып келеді. Бүгінгі күнде арнайы органдарда тіркелген 444 кәсіпкер өз бизнесін онлайн түрде жүргізіп отыр. 2000-ға жуық ин­тернет-дүкен жұмыс жасап, сатып алу­шылар саны 2 млн адамға жуықтаған.

Қазақстандағы интернет-дүкендердің ТОП-10-на – Технодом, Lamoda Қазақстан, Kaspi, Yves Rocher, Tickets.kz, Aliexpress, Flip.kz, Sulpak.kz, Chocotravel.com, Satu.kz кіреді. Олардың қызметі елімізде күннен күнге жанданып, сұраныс жиелігі күн сайын арытып келеді. Ондағы ең ірі интернет-дүкен Satu.kz. 2017 жылы қазақстандықтар осы дүкенге 20,144 млрд теңге қаржыларын жұмсап, 508 мың тауар сатып алыпты. Сондай-ақ, Қазақстандағы e-commerce нарығының басым бөлігі «Air Astana» мен «Қазақстан темір жолы» АҚ-на тиесілі. «Осыдан 5 жыл бұрын біз әуе билеттерін кезекте тұрып сатып алдық. Бүгінгі таңда олардың 99% -ы онлайн режимінде сатылады. Қазақстандықтар онлайн түрде кітаптарды, киім-кешектерді, тұрмыстық техниканы белсенді сатып алады. Digital дәуірінде жеке дизайнерлік өнімдер шығаратын кәсіпкерлердің өз бизнесін дамытуға да мол септігін тигізеді», - ҚР Ұлттық экономика министрлігі Сауда қызметін дамыту департаментінің директоры Айжан Бижанова.

Digital дәуірі: онлайн сауда нарығындағы Қазақстанның даму көрсеткіші қандай?

Электронды коммерция қазіргі экономиканың ажырамас бөлігіне айналғанын түсініп келеміз. Осы орайда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында электронды сауданы қолдау және дамыту мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған «Электронды сауданы дамытудың жол картасы» бекітілген болатын. Аталған жол картасы 28 тармақтан және 5 негізгі бағыттардан құралған.

2018 жылы ел тұрғындары шетелден тәулігіне 30 мыңдай зат сатып алған. Сол аралықта жұмсалған қаржының орташа бағасы 55 мың теңгені құрайды. Жалпы, электронды сауданың 60 пайызы Алматы қаласына тиесілі екен. Ал, қалған 40 пайызы Астана мен Шымкент, Қарағанды сынды қалалардың үлесіне кіреді. Интернет сауда жасайтындардың жас шамасы 18-34 жасты көрсеткен. Олардың 59 пайызы қыз-келіншектер болып келеді.

«Электронды сауданың халық үшін тиімділгі өте жоғары. Мәселен, уақытты және қаржыны тиімді үнемдеу жағынан және бизнес өкілдері үшін де мол мүмкіндіктер көзіне айнала алады. 2018 жылы электронды сауда нарығының көлемі 2 есеге ұлғайып отыр. Яғни, 269 млрд теңгені құрап отыр. Бұл халықаралық сауда алаңын қоса есептегендегі көрсеткіш деңгейі», - деді ҚР ҰЭМ Сауда қызметін реттеу департаментінің сарапшысы Мұхтар Аяпбергенов.

Елімізге шетелден келетін сәлемдемелердің 90 пайызын Қазпошта арқылы жеткізіледі. Сондай-ақ, ішкі нарықта қосымша сәлемдемелерді жеткізетін 70 компания жұмыс жасайды екен. Ал, тұтынушылар жасайтын онлайн тапсырыстардың басым бөлігі Қытай елінен келді.

Digital дәуірі: онлайн сауда нарығындағы Қазақстанның даму көрсеткіші қандай?

Ал, әлемдік тәжірибеге назар аударсақ. Е-коммерция саласының лидерлері ретінде дамыған 10 ірі мемлекеттер арасында 681 млрд доллар табыспен Қытай, АҚШ(438 млрд доллар), Ұлыбритания(196 млрд доллар). Мәселен, қытайлық компания Алибаба, AliExpress, АҚШ мемлекетіне тиесілі Zappos, Ebay, Amazon мен Itunes және т.б. Осы көштің ізін жалғап Жапония, Германия, Франция, Оңтүстік Корея енеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылы әлемдік онлайн сатылымдар 2,3 трлн долларды құрады. Ал, 2020 жылы 3,2 трлн долларды көрсетеді деп күтілуде.

2019 жылдың 5 шілдесінде алпауыт Amazon компаниясына 25 жыл толады. Бүгінгі таңда компания АҚШ-тағы электрондық коммерция нарығының 37 пайызын иеленеді. Бұл көрсеткіш алдағы үш жылдықта 50% ұлғаяды деп күтілуде. Мамандар сөзіне сүйенсек, қазақстандық қолөнершілердің де жасаған бұйымдары мен кәдесыйлары Amazon арқылы дүние жүзілік сұранысқа ие екен.

Е-коммерцияның тиімділігі және оның географиялық шектеуі ұшан-теңіз. Мысалы, Ресей азаматтарының 30%-ы интернет-дүкендер арқылы тапсырыс береді. Соңғы уақытта онлайн сатып алушылардың саны 2,5 есеге өскен деген мәлімет те бар. Сондай-ақ, Аустралия мен Түркия елдерінде де онлайн сауда түрі даму үстінде. Ал, осы аймақтардағы е-коммерцияның даму деңгейі орта есеппен алғанда 17 пайызды құрайды екен. Ал, Еуропа мемлекеттерінде е-commerce ЖІӨ-нің 4,91% құрайды. Одан кейінгі орынды Азия-Тынық мұхиты елдері иемденеді (4,87%). Ал, ең жоғарғы көрсеткіш Қытайға тиесілі (ЖІӨ – 7,9%), ЖІӨ бойынша екінші орынды Франция алады (3,95%).

Accenture жүргізген зерттеулерге сәйкес, дәстүрлі және шағын кәсіпкерлікте цифрлық алаңда жүргізу деңгейі күн сайын жоғарылап отыр. Алайда солардың 10 пайызы ғана жақын арада жақсы табысқа ие болады деп болжануда. Агенттіктің зерттеуінше, Fortune тізіміндегі компаниялардың 15 пайызы өздерінің бизнес-модельдерін электронды коммерция негізінде 100 пайыз деңгейде қамтып, дамытып келеді екен.

Іргелес Ресей елінің Е.Гайдар атындағы экономикалық саясат институтының болжамы бойынша, 2024 жылы Ресейдің электронды коммерция нарығы 2,78 триллион рубльді құрайтын болады деп күтуде. Тіпті, Ресейдің индустрия және сауда министрлігі интернет саудада жұмыс істейтін сауда кәсіпорындарының 2025 жылға қарай табыс көзі 70%-ға дейін өседі деп жорамалдайды. Соның ішінде Ozon ресейлік интернет сауда нарығындағы ең ірі ойыншылардың бірі саналады. Осы танымал платформаның да 2022 жылы электронды коммерция нарығындағы табысы 2,5-3 трлн. рубльді құрайды деп болжам жасап отыр.

Ел тұрғындарының арасында онлайн сатып алуға қатысты пікірлер жан-жақты. Зерттеу барысында жүргізілген сауалнама барысында қоғамның пікірі сан алуан. Олардың басым бөлігі интернет сауданың тиімдігін және бағасы жағынан қолжетімді болатынын айтты.

«Онлайн сауданың тиімділігі өте көп. Үйден, кеңседен шықпай-ақ тапсырыс беріп керек затымызды алуға мүмкіндік бар. Өзім билетті де, кейбір тамақ түрінде осы онлайн түрде алдыртамын. Осы уақытқа дейін берген тапсырыстарымның барлығы жақсы, сапалы деңгейде келіп жатыр», - деді қала тұрғыны Жамал Хасанова.

Қорытындылай келе, Ұлттық экономика министрлігінің 2022 жылға қарай 22 мыңға дейін интернет дүкен құру, 83 млн-ға дейін онлайн тапсырыстар санын арттыру, электронды сауда және онымен байланысты салаларда қосымша 200 мың жұмыс орнын құру жоспарлап отырғанын айта кетейік. Бұл өз кезегінде ел экономикасының дамыуын мол ықпал етері сөзсіз. Сондай-ақ, 2018 жылы Электронды сауда мәселелері бойынша заңнама жетілдірілді. Ал, 2019 жылы Мобильдік төлемдер мен мобильдік үкіметті ілгерлету үшін e-Gov инфрақұрылымымен біріктірілген төлем жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, 2020 жылдары Fulfillment орталығы мен e-commerce орталығының даму деңгейі жоғарлайтын болады.

Автор Марфуға Қараман

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1789409-digital-duiri-onlajn-sauda-narygyndagy-kazakstanny-damu-krsetkisi-kandaj.html