RU
"Еңбегім сіңген": Мұрат Құсайынов елде еркін жүруге құқығы бар екенін мәлімдеді
Жаңалықтар Мәдениет және шоу-бизнес

"Еңбегім сіңген": Мұрат Құсайынов елде еркін жүруге құқығы бар екенін мәлімдеді

Рассказать Вконтакте

Даудың ортасында қалған "Дос-Мұқасан" ансамблінің әншісі Мұрат Құсайынов әуежайда қызметкер қызды ұрып жіберді деп айыпталуда. "Эйр Астана" компаниясы әншінің үстінен полицияға арызданып та үлгерген. Ал басы дауға қалған белгілі композитор жағдайдың мүлде басқаша болғанын айтты деп хабарлайды "КТК" арнасы.

"Эйр Астана" компаниясының айтуынша, Алматыға бағытталған рейске жолаушыларды енді отырғыза бергенде, "Дос-Мұқсан" ансамблінің белді әншісі айқайға басқан.

Атап айтқанда, танымал жолаушы аяқ киімін шешуден бас тартыпты. Тексерістен толық өтуді сұраған қызметкерді балағаттап, бойжеткенге жұдырық жұмсаған көрінеді.

"Құсайынов қатты сөйлеген, балағаттаған. Біздің қызмет көрсету менеджерін бетінен қатты соқты және оның денсаулығына зардап келтірген. «Эйр Астана» әуекомпаниясы мұндай заңсыз әрекеттерге ешқашан жол бермейді", - деді "Эйр Астана" өкілі Тілек Әбдірақымов.

Ал "Дос-Мұқасан" ансамблінің көркемдік жетекшісі оқиғаның мүлде басқаша болғанын айтады. Мұрат Құсайыновтың ол күні туысы қайтыс болып, Қордайға асығып бара жатқан беті екен.

Композитордың айтуынша, ол қызға қол тигізбеген. Керісінше, компания өкілдерінің өздері оның ашуына тиген.

"Ұрды-соқты дегендері өтірік. Алдыма тұрып алып, "шешпесеңіз жібермеймін" деді. Мен шешуден бас тарттым. Ерегіс туды.

Мені танығаннан кейін олар кішкене сыйлап, кешіре салады, жібере салады деп ойладым. Олар сіздің кім болғаныңыз бізге бәрібір деп қасарысты. Мені қауіпті қылмыскер қылды.

Мен қатты ашуландым. Өйткені еңбегім бар халыққа істеген. Қазақстанда мен еркін жүруге құқығым бар деп есептеймін! Сондықтан аяқ-киімді шешпеймін", - дейді "Дос-Мұқасан" ансамблінің көркемдік жетекшісі Мұрат Құсайынов.

Енді аяқ киімнен туған дау сотқа бір-ақ жетуі мүмкін. Өйткені, «Эйр Астана» әншінің үстінен полицияға шағым түсірді. 

"14-сәуір күні Нұрсұлтан қаласы әуежайы желілік полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне ҚР ҚК 293-бабы, 2 бөлімі, яғни «бұзақылық» бойынша тіркелді. Қазір тергеу жүргізілуде", - дейді ІІМ көліктегі полиция департаменті баспасөз хатшысы Ләззат Қасымжанова.

Ал "Дос-Мұқасанның" негізін қалаушы да де өзіне жала жапты деп "Эйр Астананы" сотқа бермекші. Сондай-ақ, басқа рейске сатып алған 51 мың теңге шығынын өтеп алмақ.

Естеріңізге сала кетейік, күні кеше әнші мен әуе компаниясы арасындағы дау желіде қызу талқыға түскен болатын.

Артынша әншінің өзі бұл дауға қатысты пікір білдіріп үлгерді.

Сіздің реакцияңыз
40
1
4
8
0
2
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Пікір
Mailfire view pixel