Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде 11 жастағы қыз анасының үстінен арыз жазған

Опубликовано:

Ақтөбеде төрт баласы бар жалғызбасты ана баласымен тілдесуге зар болып жүр. Әкесімен тұруды қалаған қызы туған анасының үстінен арыз жазған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбеде 11 жастағы қыз анасының үстінен арыз жазған
Фото: KAZ.NUR.KZ.: Original

35 жастағы Ақмарал Келбетова аурухана мен сот ортасын жағалап жылап жүр. Төрт баланың анасы, мектепте мұғалім болып істейді. Жалғызбасты ана жолдасымен жеті жыл бұрын ажырасып кеткен. Келіншек баласымен тілдесуге зар болып жүргенін айтты. Әкесімен бірге тұруды қалаған бала анасының үстінен полицияға шағым түсірген.

«15 наурыз күні баламның қызу көтеріліп ауырды. Әжесі медицина қызметкері. «Әжесі дәрі егеді» деп қызымды әкесі алып кетті. Бала сол кеткеннен бұзылды. Маған келгісі келмейтінін, әжесінің қасында болатынын айтты. «Әжем маған бәрін алып береді, сен ештеңе алып бермейсің, сен ұрасың» деп айтатынды шығарды. Бұрын қызым маған тек «Сіз» деп сөйлейтін. Бала 3 сәуір күні үйге келді. Келе салып, киімдерін жинай бастады. Сол кезде әкесі сыртта күтіп тұрған екен. Мен қызымды құшақтап шешіндіруге тырысқан кезде шыңғырып, жұлқынып, айқайлап көмек сұрады. Сол кезде сыртта тұрған әкесі есікті теуіп ашып, қызды алып кетті. Артынан полицияға арыз жазған»,- дейді Ақмарал Келбетова.

Қызын алып кеткен әкесі ауруханаға барып, полицияға арыз жазған.

«Біз ажырасқанбыз, арамызда төрт бала бар. Қызым ауырған кезде әжесінің қасында емдету үшін үйге әкелдім. Содан кейін қызым анасына барғысы келмейтінін, апарсаң үйге қашып кетемін деп жүрді. Төртінші тоқсан басталатын кезде қызымды анасының үйіне апырып, оқу-құралдарын алып шыққанша күтіп тұрдым. Жарты сағаттай шыққан жоқ. Телефон соққанымда балам шыңғырып, «көмектес» деп айлайлап жатты. Жүгіріп бардым. Қызымның көзі ісіп кеткен, денесінде көгерген жерлер бар. Шамасы қолынан тартып жұлқылаған болу керек. Сол күні полицияға арыз жазып, жарақатын дәрігерге көрсеттім. Бала сенім телефонына хабарласып, анасы туралы айтқан. Кәмелеттік жасқа толмаған балаларға көмек көрсету орталығына хабарласып арызданды»,-дейді қыздың әкесі Қанат Абдул.

Әкімшілік сотта отбасылық дау қаралып, анасына айыппұл төлеу міндеттелген. Келіншектің балаларының үлкені 13 жаста, екінші қызы 11-ге толған. Олардан кейінгі егіз ұлдары 8 жаста. Келіншек 7 жылдан бері балаларын жалғыз асырап жүр.

«Мен ұзақ уақыт балаларыммен пәтер жалдап тұрдым. Жақында мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болдым. Балаларыма диван алып беріп, солардың жағдайы үшін шапқылап жүрген анамын. Қызым сотта «Анам мені оқтаумен ұрады, туфлидің өкшесімен ұрады, үйге еркектерді толтырып әкеліп қояды» дегенде есімнен танып қала жаздадым. Ол үлкен қызыма «Маманы ана құқынан айырамыз, үйін тартып аламыз. Папа саған да құжат жасап жатыр. Сені де алып кетеміз» деген. Осы даудың барлығы менің оған алиментті дұрыс төлемейсің дегенімнен басталды. Ол маған ең төменгі жалақымен төлеп отырды. Қазір қызым ауруханада жатыр. Ол жаққа барсам да менімен сөйлеспейді. Апарған тамағымды ішпейді екен. Мен қазір баламнан айрылым қаламын ба деп қорқамын»,-дейді келіншек.

Дәрігерлер баланың жағдайы жақсы екенін айтып отыр.

«11 жастағы қыз бала демалыс күні түсті. Балада неврология белгілер болды. Толық тексерулермен ем жүргіздік, қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсы. Бала ауруханадан шығарылған кезде ата-анасына кеңестер беріледі»,-дейді неврологиялық бөлімінің меңгерушісі Бағила Жұмашева.

Отбасының жағдайынан қалалық білім бөлімі де хабардар.

«Бұл мәселе тек сот арқылы шешіледі. Баланың тұрғылықты мекенжайымен де сот айналысады. Сотта баланың ойы, пікірі 10 жастан бастап ескеріледі»,- дейді қалалық білім бала құқын қорғау бөлімінің басшысы Ағырыс Шағырова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1789764-aktbede-11-zastagy-kyz-anasyny-stinen-aryz-zazgan/

pixel