Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Болат Башеев: Цифрландыру процесі ешқашан тоқтамайды

Опубликовано:

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда 4 бағытты көрсетіп берді. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру.

Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT мамандарды даярлау. Елімізде цифрландыру процесін жүзеге асыру үшін ІТ саланың маңызы зор. Осы ретте «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі - ҚР ҰКП) Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновациялар комитетінің төрағасы Болат Башеевпен сұхбаттасқан едік.

Болат Башеев: Цифрландыру процесі ешқашан тоқтамайды

Болат Әскерұлы сәлеметсіз бе? Жылға жуық уақыт «Атамекен» ҚР ҰКП Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновациялар комитетінің төрағасы қызметіндесіз. Дәл қазір комитет қандай жұмыстар атқарып жатыр?

Қазіргі таңда - отандық тауар өндірушілерді қолдау басты назарда. Президиум төрағасымен кездесуде жұмыстың бірнеше бағытына екпін қою туралы сөз болды. Алғашқысы - импортты ауыстыру. Бұл - импорттық тауарларды отандық тауарларға ауыстыру саясаты. Нақтырақ айтқанда «Yellow page» ұстанымдарына сәйкес мемлекеттік компаниялар жеке компаниялармен бәсекелестікке түспейді. Басты нысанда тұрған тағы бір бағыт – кадрлар дайындау қабілетін арттыру. Өзіңіз білесіз қай саланы дамыту үшін де, қай бағдарламаны жүзеге асыру үшін де мықты мамандар қажет. Біздің жұмысымыздың бір бағыты - кадрлардың біліктілігін арттырып, олардың экспортқа шығатын компанияларды құруына атсалысу. Соңғы жылы біз осы бағыттар бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Сонымен қатар бізде бірнеше жобалар бар. Соның ішінде «Зерде» холдингімен жұмыс жасау, ведомствалық бағынышты ұйымдармен жеке кездесулер, конкурс барысында арыз-шағымдармен жұмыс-жасау. Егер конкурс барысында қандай да бір мәселе жөнінде арыз-шағымдар түсер болса, біз ол мәселенің шешімін табуына атсалысамыз. Сондай-ақ, осы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен келісім жасалды. Мәселен, бұрынғы жылдары шет елдік Ресей, Германия сынды елдердің әзірлеуші компанияларының өнімдеріне қол созсақ, ендігі кезекте отандық әзірлеуші компаниялардың өнімдері қолданысқа шығып жатыр. Бұл отандық кәсіпкерлер жұмысына қолдау және сапалы нәтижеге жасалып жатқан қадамдар.

Өзіңізге белгілі елімізде цифрлы қоғам құру мақсатында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Осы бағдарламаға аясында сіздерде қандай жұмыстар жүргізілуде?

Қазір 200-ге жуық компания «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жұмыс жасайды. Олардың қатарында «Smart city», «IoT» (internet of things) және т.б көптеген компаниялар бар. Бұл компаниялардың барлығы өндірістегі тауарларды арзандату мақсатында, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында жұмыс жасап жатыр. Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу цифрлы қоғам құрудың негізгі нысаны десек артық емес. Сонымен қатар бұл компаниялардың басты мақсаты – экономикалық тиімділікті арттыру. Бүгінгі таңда қолға алынған бағдарламалардан жақсы нәтиже бар деп айта аламыз. Мәселен, автоматтандыру тұрғысынан қазір сұраныс жоғары.

Болат Башеев: Цифрландыру процесі ешқашан тоқтамайды

Сіз – IT мамансыз. Маман ретінде біздің қоғамдағы цифрландыру дәуіріне қандай баға бересіз? Біз цифрлы қоғам құруда қай деңгейдеміз?

Біздің қазіргі цифрлы қоғам құру үдерісіміз жоғары немесе тым төмен деп айтуға болмайды. Себебі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бір ғана салада жүзеге асып жатқан жоқ. Ол барлық салада бірдей жүріп жатыр. Десек те біз әр саланы цифрландыруда әртүрлі деңгейдеміз. Бұның бір себебін - қазақстандықтардың көбіне тауар пайдаланудағы сәнге мән беретініне немесе трендтегі өнімдерге жиі бас бұратынымен байланыстырған дұрыс шығар. Бұл өз кезегінде цифрландыру үдерісіне экономикалық тұрғыда ықпал етеді. Мәселен, батыс елдері неге алдыңғы қатарда деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Олар әрқашан цифрландыруға «Бұл өнім не береді?» немесе «Қай жағынан тиімді?» деген сұрақпен қарайды. Осының нәтижесінде оларда автоматтандыру процесі тез жүзеге асады. Соңғы жылдары Қазақстан білім, медицина немесе электрондық үкімет құру жағынан көптеген елдерге қарағанда алдыңғы қатарда. Сол себепті мен қазір цифрландыруда артта қалдық немесе озып кеттік деп айта алмаймын. Кейбір салалар бойынша біз салыстырмалы түрде алдыға шықтық, ал кей салалар бойынша бізге әлі де жұмыстар жасау керек.

Еліміздегі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асуына IT мамандар қаншалықты үлес қосып отыр?

Бұл жердегі ең басты мәселе – шет елдік компания өнімдерін өз елімізге әкеліп сатылуында. Қазір біз шет елдік компанияларға көп қол созбаймыз деп айтуға болады. Себебі, бүгінгі таңда жұмыстың 90 пайызын жергілікті мамандар атқаруда. Өткен жылдары отандық компаниялар шет елдік өнімдерді сырттан әкеліп, өз елімізде сатылымға шығаратын. Ал соңғы екі жылдық көрсеткіш бойынша жергілікті мамандар өнімдерді өздері шығара бастады.

Біздің елімізге толықтай цифрландыру жүйесін енгізу үшін қанша уақыт керек?

Цифрландыру процесі бір күні тоқтайды деген болмайды. Заманның ағымына қарай, техниканың дамуына қарай ол дами береді. Қазір қолданысқа бір өнімді ұсынса, тұтынушы ертеңгі күні одан да жақсысын іздейді. Сондықтан цифрландыру қызметінің аясы жыл сайын кеңейе түседі деп қана айта аламын. Біздің бүгін қолданып отырған электронды қызметтер ертеңгі күні жақсара түсіп, қызмет көрсету қолжетімділігі арта береді. Мәселен, қазір «еgov» электронды үкіметі 700-ден аса онлайн қызмет түрлерін ұсынады. Ол соңғы 10-15 жыл көлемінде 500-ге жуық қызмет көлемін жаңартты. Соңғы жылдары ондағы кей ережелер өзгерді және бағдарламаға жаңа қызмет көрсету үлгілері қосылды. Кез-келген саланың цифрландыру үдерісі тек жыл сайын жаңарып отырады. Цифрландыру дәуірі ешқашан тоқтамайды.

Болат Башеев: Цифрландыру процесі ешқашан тоқтамайды

Комитеттің алдағы уақыттағы жоспарларымен бөліссеңіз...

Қазір комитет 8 нақты бағытты алға қойып отыр. Олардың қатарында жоғарыда айтып өткенімдей импортты алмастыру, кадрлар дайындау, мемлекеттік компаниялармен бәсекелестікті арттыру және т.б бағыттар бойынша жұмыстар бар. Біз әр бағыт бойынша арнайы жоспармен сатылы түрде жұмыс жасап келеміз. Бұл біздің жақсы нәтижеге жетуге деген жұмыс жасау тәсіліміз деп айтсақ болады. Алдағы уақытта жақсы нәтиже береді деген ойдамын.

IT салаға қызығушылық танытатын жастарға қандай кеңес бересіз?

Бұл салаға қызығушы жастар көп екенін білемін. Себебі әлем бойынша ең табысты салалардың бірі. Әрине, жастардың қызығушылығы жоғары болғаны жақсы. Бірақ бұл үлкен дайындықты талап ететін сала. Күнде өзгеріс болады, соған сәйкес көп ізденіс керек. Егер табысты маман болғысы келсе көп еңбектену қажет. Осы сала бойынша маманданып жатқан болашақ ІТ мамандарға айтарым - теория мен практиканы ұштастыра білген дұрыс. Ол өз салаңда орныңды табуға ықпал етеді дер едім.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Назерке БОЛАТҚЫЗЫ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1790284-bolat-baseev-cifrlandyru-procesi-eskasan-toktamajdy/

pixel