RU
Жол апатында құрсағындағы сәбиінен айырылған әйел жанайқайын жеткізді
Жаңалықтар Қоғам

Жол апатында құрсағындағы сәбиінен айырылған әйел жанайқайын жеткізді

Рассказать Вконтакте

Жамбыл облысындағы Меркі ауданына барар жолда жантүршігерлік жол апатына ұшыраған ару оқиға салдарынан құрсағындағы жеті айлық сәбиінен айырылып қалған. Айжан Ботанқұлова туылуына аз уақыт қалған баласымен қоштасқаны аздай, жол-көлік оқиғасына қатысты істің әділ өтпей жатқанына күйінді. 24 жастағы келіншектің айтуынша, жол апаты қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен өзге көлік салдарынан орын алған. Алайда, іс бойынша ол темір тұлпар жүргізушісі куәгер ретінде өтсе, ал Айжанның күйеуі күдіктіге айналып отыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: 24.kz, provincya.ru. Коллаж: KAZ.NUR.KZ

Фото: 24.kz, provincya.ru. Коллаж: KAZ.NUR.KZ

Оқиға осы жылдың алтыншы қаңтарында Алматы – Тараз автожолында 158 –ші шақырым маңайында орын алған.

"Қарсы бағыттағы "Мерседес" автокөлігінің кесірінен жол апатына ұшырадық. Оның тізгінінде Н. Д болған. Бұл жүргізушінің жол-көлік оқиғасына себепкер екенін оқиғаны көрген куәгерлер растап отыр.

Бұған айғақ ретінде сол кезде Алматы қаласынан Қордай ауданына кетіп бара жатқан куәгер жігіттер, апат болған мезгілден шамамен 2 минут өткенде келген.

Олар апат орнына келгенде, полиция капитаны да енді келген. Капитанға ең алғаш көрген кісі, "мен анық көрдім, бұл апатқа тура жақын обгонға шыққан "Мерседес" автокөлігінің жүргізушісі кінәлі, Тойота автокөлігінің жүргізушісінің кінәсі жоқ!" деп жеткізген.

Куәгер "Мерседес" жүргізушісі бізге (менің және күйеуіме) обал жасағанын айғақтап айтқан" , - деді Айжан Ботанқұлова.

Ол "Мерседес" көлігі өзгелерді басып озу үшін қарама-қарсы бетке, күйеуі екеуі келе жатқан жолға шығып кеткенін алға тартты.

Ботанқұлованың айтуынша, оның жолдасы үлкен жылдамдықпен келе жатқан неміс көлігінің жүргізушісімен соқтығыспау үшін рөлді жолдың шетіне қарай бұрып жіберген. Алайда, нәтижесінде ерлі-зайыптылар мінген "Тойота" көлігі сырғанап, қарама-қарсы беттегі BMW көлігіне соқтығысқан.

"Куәгер жігіттер жол-жөнекей өткен көлікті тоқтатып, дұңған ұлтының жігітерінің автокөлігіне Қордай ауданының ауруханасына мені және күйеуімді салып жіберді. Ата-анама да хабарды бізді емханаға апарғандар жеткізді.

Мен Қордай ауылының ауруханасының гинекология бөліміне түстім. Жағдайым ауыр болды. Өйткені менің аяғым ауыр болатын, ішімде жеті айлық балам болған еді. Бұғанам сынған, денемде жарақаттар, бетім және денем автокөліктің әйнегінің сынықтарымен жырылған.

Өзім қанша қиналып отырсам да, ішімдегі баламды уайымдап отырдым. Жетінші қаңтар күні түскі сағат 12.00 шамасына таман, дәрігерлер ішімдегі баламның өліп қалғанын айтты.

Олар ішімдегі баланы алу қиынға соғатынын айтты. Дәрігерлер Тараз немесе Алматы қаласына өздері барлығы талқылап, жолға алып шығуға жарамайды деп, мені табиғи жолмен босандырамыз деп шешті.

Мені Қордай ауылы ауруханасының дәрігерлерінің біліктілігімен, табандылығымен, апаттан кейінгі үшінші күні кешкі сағат 20:00 шамасында босандырып алды" , - деп басынан өткен ауыр күнді есіне алды Айжан.

Оның сөзінше, ата-анасы шарана сәбиді оныншы қаңтар күні кешкі сағат 17:30 да мәйітханадан алып шыққан. Он бірінші қаңтар күні оны Меркі ауылына апарып, жер қойнауына тапсырды.

"Жол апатында болған жағдайда менің жанұям үлкен қасіретке ұшырады. Дүниеге санаулы күндерде келетін сәбиім жол ережесін сақтамайтын, заңды елемейтін Мерседес автокөлігінің жүргізушісі Н. Д. кесірінен шетінеп кетті" , - деді Ботанқұлова.

Бүгінде, сәбиінен айырылып, қайғыдан қан жұтқан ару оқиғаға кінәлі деп отырған жүргізушінің істе куәгер ретінде жауап беріп жатқанына шүйлікті.

Оған қоса, Ботанқұлова жол апатында зардап шегуші болған өз күйеуінің күдіктіге айналғанын да мүлде миға қонымсыз екенін жеткізді.

Жеті айлық сәбиінен қол үзген бойжеткен істі жүргізіп жатқан мамандардың жұмысына қанағаттанбайтынны айтты. Ол жалпы бұл істің әділ қаралмағанына күйінді.

"28 қаңтар күні тиісті мамандармен аға тергеушісі Анықбаев Мадиярдың тағайындалған сот сараптамалық экспертизасы өткізілді. Оны өткізу барысында эксперт мамандар "Мерседес" автокөлігінің не себепті тұраққа тек сараптама күні қойылғанын сұрады. Оған Н.Д былай деп жауап берді: Мерседес автокөлігі 06.01.2019 жылы айыптұраққа қойылып, 07.01.2019 жылы Қордай ауданының прокуратурасының тиісті рұқсатымен айыптұрақтан босатылды. Ал 28.01.2019 жылы таңертең тергеуші Анықбаев Мадиярдың шақыртылуымен айыптұраққа қайта қойылды.
Сот сараптамалық эксперт мамандар, "Мерседес" автокөлігі оқиға орын алған күннен бастап, экспертиза жасалмағанша айыптұрақта тұру керек екендігін айтты. Өйткені осы аралықта көлігінің жүргізушісі Н.Д көліктің сыртындағы сырылған дақты жойып, жауапкершіліктен бас тарту жолын ойластыруы мүмкіндігі бар болғанын айтты" , - деді Айжан Ботанқұлова.

Сонымен қатар, жол апатына тап болған ерлі-зайыптылар жағы істің әділ өтпеуіне Данияровтың жоғарғы лауазымда отырған беделді туыстары ықпал етуде деп болжады.

Осы орайда KAZ.NUR.KZ ақпараттық порталы оқиғаның мән-жайын Жамбыл облысының полиция департаментінен біліп көрді.

Құзырлы органның баспасөз қызметі іске қатысты мәлімдеме жасап, Айжан Ботанқұлованың жолдасы не себепті күдіктеліп жатқанын хабарлады.

"Ағымдағы жылдың 6 қаңтарында Алматы-Ташкент тас жолының 158-шақырымында, «Тойота» автокөлігінің 25 жастағы жүргізушісі Тараз қаласы бағытында келе жатып, көлік тізгініне ие бола алмай қарама-қарсы бағытқа шығып, «БМВ» маркалы автокөлігіне соқтығысқан.

Нәтижесінде, Қордай аудандық ауруханасына түрлі жарақаттармен «Тойота» автокөлігінің жүргізушісі Н. және оның жолаушысы (жұбайы) А., сонымен қатар «БМВ» автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі мен оның үш жолаушысы Гвардейский қалашығының әскери ауруханасына түскен.

Аталған жайт бойынша, Қордай аудандық Полиция бөлімінің анықтау бөлімшесімен Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 2-бөлігі бойынша тергеп-тексеру ісі басталған" , - деді полиция департаментінде.
"Мерседес көлігінің жүргізушісі Н. Д жол-көлік оқиғасының қатысушысы болмағандықтан, ол Қылмыстық-процестік кодекстің 78-бабына сәйкес, іс бойынша куә болып табылады.

«Мерседес» автокөлігінің осы жол апатына қатыстылығын тексеру үшін оқиға болған жерге келген полиция қызметкерлері оған бағыттама беріп, Алматы облысында тоқтатып, арнайы тұраққа қойылған.

Ол автокөлікке анықтаушы дер кезінде қарау жүргізіп, шығанағында ешбір зақым болмағандықтан, иесіне қайтарылған.

Алайда, «Тойота» көлігінің тарапынан прокуратураға шағым түскен соң, ол қайта тұраққа қойылып, эксперттік зерттеуге тартылған. Нәтижесі өзгеріссіз, яғни оның шығанағында ешқандай зақым болмаған және өзге автокөліктің сырылған бояулары табылмаған.

Сот сараптамасы дер кезінде тағайындалған, бірақ Әділет министрлігінің бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес, өткізу мерзімі 20 күн. «Тойота» жүргізушісі Н.-ге қатысты жеткілікті дәлелдемелер жиналғандықтан, ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 202-204 баптарының талаптарына сәйкес ол іс бойынша күдікті деп танылған.

Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасы бойынша қажетті куәлерден жауап алынған. Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талабына сай, басқа мәліметтер берілмейді" , - деп толықтыра кетті департаменттің баспасөз қызметі.

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
1
0
0
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel