Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

31 жастағы альфонс жігіт жеті келіншекті алдап соғып, тақырға отырғызған

Опубликовано:

Рамиль Байрамов есімді 31 жастағы азамат осы уақытқа дейін жеті әйелді алдап, сан соқтырып кеткен. Альфонс жігіттен алданған келіншектердің алтауы одан балалы болыпты. Әр әйелге миллиондап қарыз болған жігіт әлі күнге қолға түспеген деп жазады "КТК" арнасының "Астарлы ақиқат" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Фото: КТК арнасынан кадр. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Фото: КТК арнасынан кадр. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Instagram

Көкек әке әйелдерге түрлі сылтау айтып, аз сомадан ақша алуды әдетке айналдырған.

Сүйгенінің сөзіне сенген келіншектердің бірі несие алса, екіншісі Рамиль Байрамов үшін үйіндегі заттарын сатқан.

Жеті әйелдің барлығы бағдарламаға келмегенімен, Анель Оразбаева мен Юлия Николенко есімді екі келіншек эфирде бар шындығын айтты.

Анель Оразбаева. Фото: КТК арнасынан
Анель Оразбаева. Фото: КТК арнасынан: Instagram
"Эмин есімді 1 жас екі айлық ұлым бар. Мен салонға жазылғанда, бір жігіт таксимен жеткізіп салды. Жол жөнекей ол өзін өте жақсы ұстады. Тек көліктен түсерде нөмір алмасуды сұрады.

Бір аптадан кейін кездестік. Менің сезімім араласып жүргенімізге үш ай өткенде пайда болды. Ол өте жан-жақты адам. Кіммен қалай сөйлесу керектігін біледі. Әйелдерді бағындыруды, айтқанын істетуді біледі. Балам дүниеге келмей тұрып, одан күдіктене бастадым.

Біз кездесіп жүргенде жөні түзу жігіт болып көрінген. Кейін оның қиындықтары басталды. Біресе көлігін соғып алды. Ақшасы жетпей тұрғанын айтып, қарыз сұрауды шығарды.

Ол жұмыс істейтін болғандықтан, 30-50 мың бердім. Ол алғашқы күннен өзін ажырасқан, тұрақты қарым-қатынас керек адам ретінде көрсеткен.

Оның бойында адам қызығатындай қасиеттері болды. Өзін "баспаханада жұмыс істеймін" деп таныстырды. Мен оған "анаңмен таныстыршы деп жиі айттым". Ал анасы менің жүкті кезімде хат жазып, жиі жағдайымды сұрады.

Алайда олардың барлығы өтірік адамдар болып шықты. Рамиль алғашқы күннен балалы болғысы келетінін айтты. Ал мен 33 жаста болғандықтан, өз отбасым болғанын қаладым.

Мен алған несиелерді, қарыздарды есептесем, оған 1,5 жыл ішінде 4 млн теңгеден аса қарыз берген екенмін", - деп ағынан жарылды Анель Оразбаева.
Юлия Николенко. Фото: КТК арнасынан
Юлия Николенко. Фото: КТК арнасынан: Instagram

Ал Юлия Николенконың айтуынша, альфонс жігіт әйелдің әкесі қайтыс болған бойда, үйіне кіріп алған. Ал Рамиль Байрамов оның әкесінен қалған көлікті бөліп төлеуге алып, ауласындағы бар темір-терсекті өткізіп жіберген.

"Ол үйімді бір шолып шықты. "Мына келіншектен аларым бар екен" деп ойлаған шығар. Абырой болғанда, "үйіңді кепілдікке қояйық немесе сатып жіберейік" деп айтқан жоқ.

Өйткені үйім мұрагерлікке қалдырылған болатын. Әйтпесе үйімнен де айырылып қалатын едім. Біз бірге тұра бастағаннан соң, ол бетбақ бола бастады. Жұмыс істемейді. Диванда жатады. Тамақ ішеді.

Ал мен үйге дорба-дорба тамақ тасимын. Ол өзін пысық, бәрі айтқанын істейтін адам ретінде көрсеткісі келді. Менің аяғым ауырлағанда, онымен қош айтыстық.

Рамильмен 2015 жылы желі арқылы таныстық. Екеуміз алты айдай хат алмасып жүрдік. Алғашында өте сыпайы жігіт болып көрінді.

Ал бірде басындағы қиындықтарын айтып, "Өз атыңнан несие алып бересің бе? Өзім төлеп тұрамын" деп айтқан. Мен танымайтын адамнан күдіктендім. Сосын ол хабарласқанда несие ала алмайтынымды айттым.

Ал ол болса, "Солай ма? Онда көшеде жан-жағыңа қарап жүр" деді. Мен оның қорқыта бастағанын сезіп, қарым-қатынасты тоқтаттым.

Алайда көп ұзамай менің әкем қайтыс болып, жалғыз қалдым. Қолдауға зәру кезде, Рамиль өмірімде қайта пайда болды.

"Некемізді қидырамыз" деді. Мен оның сөздеріне сеніп, кешірдім. Ақпан айынан бастап бірге тұра бастадық.

Әкемнің көлігі болатын. Ағамнан "Бөліп төлеймін. Ақшасын сосын беремін" деп келісіп алды. Үйде темір болатын, соның барлығын өткізіп жіберді. Рамильдің балаларының бәрі бір-біріне ұқсайды. Менің ұлымнан кейін тағы үш ұлы барын естігенде төбемнен жай түскендей болдым", - дейді Юлия Николенко.

Айта кететіні, Рамиль Байрамовтан алданған өзге әйелдер бағдарламаға келмеген. Алайда осы күнге дейін альфонс жігіттің үстінен бірнеше рет арыз жазылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1791156-31-zastagy-alfons-zigit-zeti-kelinsekti-aldap-sogyp-takyrga-otyrgyzgan/

pixel