RU
Ақтөбеде тиісті жалақысын ала алмай жүрген қарт жұмысшылар шу шығарды
Жаңалықтар Қоғам

Ақтөбеде тиісті жалақысын ала алмай жүрген қарт жұмысшылар шу шығарды

Рассказать Вконтакте

Ақтөбеда тиесілі жалақыларын ала алмай жүрген бейметалл құбырлар зауытының жұмысшылары облыс әкімінен араша сұрап жұмыс орнына келді. Олар бұл жердің табалдырығын талай тоздырған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

фото: NUR.KZ

фото: NUR.KZ

Бүгін де әкімдіктің алдына жиналғандар шенеуніктерден мәселені шешіп беруді сұрап талап қойды. Әрқайсысының алажақтары 600 мың теңгеге жеткен.

Жұмысшылардың арасында бір жарым миллион теңгесін ала алмай жүргендер мен уайымға шалдығып қаза болған да бар көрінеді. Маңдай тері еңбекақысын ала алмай жүргендердің дені жүрек ауруына шалдығыпты.

"Біз бұл жерге жетіскеннен келіп жүрген жоқпыз. 70-тен асқан шағымда жалақы ала алмай жүрмін. Нәтиже болмаған соң, баратын жер қалмағасын әкімнен көмек сұрап жүрміз.
Ең болмаса ақшамды алып өлейін, өлсем де ақша керек. Мынау не, халықты сенделтіп қойды. Мына жерде бірнеше жылдан бері еңбекақыларын алмаған адамдар қазір қартайды.
Осы айлықтарын алмағаннан қаншама отбасы бұзылып жатыр. Қанша адам ауруға шалдықты.
Кеше бір адам уайым-қайғыдан ақшасын ала алмай ақыры қайтыс болды.
Арамызда сау адам қалмады. Бәрінің қан қысымы көтеріліп жүрек ауруына шалдығып жатыр. Бізге облыс әкімі жағдайды түсіндірсін. Себебі қалған басшылардың алдына талай рет бардым", - деді зауыттың бұрынғы жұмысшысы Оралбай Елубайұлы.
фото: NUR.KZ

фото: NUR.KZ

Жалақысын ала алмай жүрген жұмысшылардың дені егде жастағы кісілер.

"Алғашында бәрі жақсы болды. Мен зауытта ашылғаннан бері он жылдан аса жұмыс істедім. Мекеме маған бір жарым миллион теңге қарыз. Осындай жасқа келгенде жалақы сұрап, әркімнің есігін қаға беру де ұят. Қазір жасым 72-ге шықты. Бұл мәселені әкім шешуі керек", - деді зауыттың бұрынғы жұмысшысы Айса Өтепбергенов.

Ақтөбе бейметалл құбырлар зауытынан жалақы ала алмай жүргендердің саны 135-ке жеткен. Мекеменің жұмысшылары алдындағы қарызы 63 миллион теңгені құрайды. Жұмысын сотпен тоқтатып банкротқа ұшыраған кәсіпорын қарызға белшесінен батқан.

"Бұл кісілермен бірнеше рет кездестік. Зауыт 2018 жылдың ақпан айында соттың шешімімен банкротқа ұшырады. 2017 жылдан бастап 135 адамның алдында 63 миллион теңге бережағы бар", - деді облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев.

Жұмысшылармен кездесуге облыс әкімінің орынбасары шықты.

"Зауыттың басшыларымен тығыз байланыс жасап отырмыз. Олардың мүліктерін саудаға шығарып, қарыздан құтылу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зауыттың сатылымға шығарған құны қазір 1 миллиард 400 млн теңгеге бағаланып тұр. Заңға сәйкес мұндай сатылым кезінде үш сатыдан өту керек. Біріншісінде зауыт өткен жоқ. Енді көрсетілген бағадан 20 пайыз шегеріп қайта шығарып отырмыз. Онда өтпесе зауыт құны 50 пайызға бағаланады.
Мүлік сатылған бойда бірінші жұмысшылардың қарызы өтелетін болады. Бүгінгі күні зауыттың банк алдында 2 миллиардтың үстінде қарызы бар", - дейді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.
Сіздің реакцияңыз
1
0
0
3
0
0
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel