RU
"Мұның не?": Танымал сатирик Нұржан Төлендиевке деген өкпесін айтты
Жаңалықтар Қоғам

"Мұның не?": Танымал сатирик Нұржан Төлендиевке деген өкпесін айтты

Рассказать Вконтакте

Отандық танымал сатирик Мұхтар Шерім "Алдараспан" әзілкеші Нұржан Төлендиевті шығармасын қолды қылды деп айыптады. Жазушы өз өкпесін Facebook парақшасында жариялаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Мұхтар Шерім, Нұржан Төлендиев. Фото: Сатириктің жеке парақшасынан, vkmusic.kz. Коллаж: KAZ.NUR.KZ

Мұхтар Шерім, Нұржан Төлендиев. Фото: Сатириктің жеке парақшасынан, vkmusic.kz. Коллаж: KAZ.NUR.KZ

Сатириктің айтуынша, Нұржан Төлендиев оның "Сирияға кеттім" атты сатирасын өз атынан көпшілікке ұсынған.

"Алдараспан" әзіл-сықақ театрының жетекшісі, әртісі Нұржан-Тука Төлендиев інімді жұрттың бәрі жақсы көреді. Мен де құрметтеймін. Өнерін, талантын. Осы уақытқа дейін оның талантына махаббатым маздап тұр еді. "Алдараспанды" көріп отырып, оған деген ыстық ықыласыма біреу су сепкендей, әлдекім мені ыңқ еткізе тепкендей, таңдайымда құрғақшылық болып, қаңсып кепкендей, сілейдім де қалдым.
Неге дейсіздер ғой? "Тука" інімнің ұрлықшы екенін көріп, көздерім алақандай, көңілім жорғалап бара жатқан тарақандай болды. Ойпырмай, бұлар да таусылады екен ғой?! Таусылған соң, ұрлыққа барады екен ғой? Ол менің үйіме ұрлыққа түскен жоқ. Ол менің шығармамды, сатирамды ұрлап кетті. Тал түсте! Әлеуметтік желілерде жарияланып кеткен "Сирияға кеттім" атты сатирамды ұрлап, монолог жанрында айтып шықты. Кейіпкерімнің әйелі "Сиырға кеттім" деп күйеуіне хат жазып кеткісі келеді. Бірақ сауатсыздығынан "Сирияға кеттім" деп жазып қойған. Оқиға осылай өрбиді.
Нұржан інімнің сатирамды орындағанына мәз болар едім-ау. Бірақ ұяттан жұрдай, әшейінде сахнада ұлағатты сөздер айтуға келгенде алдына жан салмайтын інім "Сирияға кеттім" сатирамды орындағанда, эфирде "авторы Нұржан Төлендиев" деп берді. Бұл не сонда? Тонау ғой", - деген шығарма авторы дереу актерге хабарласқанын айтады.
"Дереу өзіне қоңырау шалдым. Ұялмастан, "Ойбай, сіздікі ме еді? "Маған whatsapp-пен келіп еді. Кешіріңіз... Телевидениеге айтып, тегіңізді қойдыртамын" деп ақталып жатты. Бұл дауысын жазып алдым. Сонда қалай, whatsapp-пен авторсыз келген әзілдерді Төлендиев мырза өзі жазғандай иеленіп кете бере ме?
Авторлық құқығымды талап етіп, сотқа шағымдануым, моральдық шығын талап етуім мүмкін. Өзіме шақ теріме сыймай, әрі жақсы көретін інімді ұры деуге қимай отырмын... Осы бағдарламасында менің тағы бір сатирамды иемденіп кетіпті. Суицид туралы жазғанмын. Идеямды, оқиғаны ұрлаған. Оны да дәлелдей аламын.
Кезінде "Шаншарға" "Үбән" атты әзілімді өзім беріп, осы Нұржан тамаша орындап шыққан еді. "Алдараспанға" "Евромоламды" беріп, ерекше орындап, тағы бір қуантып еді. Енді міне, еңсем есікке қысылып, ұнжырғам ұн болып отыр. Шынында, "Алдараспан" кейінгі кезде аласарып, алақ-жұлақ ете бастады. Сөйтсем, таусыла бастапты ғой", - деді жазушы.

Сондай-ақ сатирик Нұржан Төлендиевтің өзінен желі арқылы кешірім сұрап, авторлығын қалпына келтіруді талап етті.

"Егер маған әлеуметтік желіде кешірім сұрамаса, авторлығыма нұқсан келтірмесе, Туканың жағдайы ушығып тұр", - деп сөзін қорытындылады Мұхтар Шерім.

Сіздің реакцияңыз
18
3
0
3
0
4
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel