RU
Тоқаев Сириядан 231 қазақстандықтың эвакуацияланғанын мәлімдеді
Жаңалықтар Қоғам

Тоқаев Сириядан 231 қазақстандықтың эвакуацияланғанын мәлімдеді

Рассказать Вконтакте

230-дан аса қазақстандық Сириядан отанына оралды. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәлімдемесін мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли жариялады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

"Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – жетім балалар.
Бұл ауқымды гуманитарлық акция – Тұңғыш Президент –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы болды.
Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар елімізге қайтарылған азаматтармен оңалту шараларын жүргізді. Оларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді.
Қазірдің өзінде аталған жұмыстың оң нәтиже беріп отырғаны туралы айтуға болады. Биыл қаңтар айында елге оралған әйелдер бұрынғы радикалдық өмірінен бас тартты, жұмысқа орналасты, туыстарымен қайта байланыс орнатты. Балалары мектепке, балабақшаға барды.
Қақтығыс аймақтарына шыққан Қазақстан азаматтары мұндай ойсыз қадамға террористердің теріс, шын мәнінде, жалған үгіт-насихатының ықпалымен барды. Бүгінде олар жаңа өмір бастау үшін өз еркімен Қазақстанға оралуда. Олардың жасаған қателігі үшін балалары өзге елде қиналып, зардап шекпеуі тиіс", -делінген Тоқаевтың мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, президент Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайтынын айтты.

"Гуманитарлық акция жалғаса береді. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бей-жай қарамаймыз. Аталған гуманитарлық операцияға қатысқан Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және шетелдік серіктестерге алғысымды білдіремін",- деп түйіндеді мемлекет басшысы.

Сіздің реакцияңыз
2
0
0
1
0
7
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Пікір
Mailfire view pixel