Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сириядан оралған 20 қазақстандық терроризм күдігімен ұсталды

Опубликовано:

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Әшікбаев ведомстводағы брифингте 7-9 мамыр аралығында Сириядағы соғыс іс-қимылдары аймағынан 231 қазақстандық, оның ішінде 16 ер азамат, 59 әйел мен 156 бала елге жеткізілгенін мәлімдеді. Жиында арнайы операцияның мән-жайы мен отанына оралған адамдардың тағдыры туралы айтылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Видеодан кадр/ Жусан-2
Фото: Видеодан кадр/ Жусан-2: UGC
"Бұл гуманитарлық акция логикалық қолдау арқылы, жалпы АҚШ қолдауы арқылы жүзеге асырылды. Жобада сириялық демократиялық күштер маңызды рөл атқарды", - деді Әшікбаев.

Өз кезегінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Бақытбек Рахымбердиев оралған тұлғалар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан, сондай-ақ, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды және Түркістан, Маңғыстау облысынан екенін айтты.

"Аталған тұлғалар өз еріктерімен отанына оралу туралы шешім қабылдады. Олардың кейбіреулері шетелдегі іс-қимылдары үшін қылмыстық жаза өтеуге дайын. Ал жауынгерлік аймақта еріктерінен тыс болған кішкентай балалардың оралуы-мүлде бөлек мәселе.
Азаматтарды отанына қайтару жұмысына біздің қызметкерлер басынан аяғына дейін үлес қосты. Бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ, мән-жайын кейінірек хабарлайтын боламыз", - деп түсіндірді ол.

Рахымбердиевтің сөзінше, лаңкестік әрекет пен заңсыз жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқандар Қазақстан заңнамасына сәйкес қылмысқа қатысы бар екенін көрсететін дәлелдерге қарай қылмыстық жауапкершіліккке тартылатын болады.

"Қазақстанға жеткізілген соң 16 азамат пен төрт әйел ИМ (Қазақстанда тыйым салынған ұйым-ред) жақтағы лаңкестік әрекетке қатысы бар деген күдікпен ұсталды.
Күдіктілер Нұр-Сұлтан, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарағанды және Шымкент қалаларында қылмыстық істерді тергеу орындарына тапсырылды. Оларды қамауға алу туралы шешім шығарылды.
Қалған 55 әйел мен балалар Ақтау қаласына жақын орналасқан арнайы бейімдеу орталығына бір айға жуық уақытқа орналастырылды.
Қазіргі уақытта медициналық тексеру жүріп жатыр, карантин жарияланды. Олармен психологтар, теологтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жұмыс істеуде. Құжаттары мен жеке куәліктері қалыпқа келтіріліп жатыр", - деді Ержан Әшікбаев.

Эвакуацияланған қазақстандықтардың қатарында 156 бала бар. Олардың көбі мектеп жасына дейінгі балалар, 18- і жетім. Балалардың ата-аналары қаза тапқан, ал кейбірі шетелде із-түзсіз жоғалған. Бүлдіршіндердің жартысынан көбі шетелде дүниеге келген.

"Лаңкестік әрекетке қатысу тексерісі жүргізіліп жатыр. Карантинді аяқтауға кедергі келтіретін мәселелер болмаған жағдайда әйелдер мен балалар бұрынғы мекен-жайларына жіберіледі", - деді Сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Естеріңізге сала кетейік, 10 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаев 231 қазақстандықтың Сириядан қайтарылғанын мәлімдеді.

Эвакуацияланған қазақстандықтар Ақтау әуежайына ұшып келді.

Артынша арнайы операциядан кадрлар пайда болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1793646-siriadan-oralgan-20-kazakstandyk-terrorizm-kdigimen-staldy/

pixel