Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақмола облысында қаскөй ұрып кеткен шенеунік 23 күннен кейін есін жинаған

Опубликовано:

Ақмола облысының Степногор қаласында әкімнің аппарат жетекшісіне шабуыл жасаған адамды полиция әлі күнге дейін қолға түсірмеген. Бір жарым жыл бұрын болған оқиғаға қатысы бар адам бейнебақылау камерасына да түсіп қалған екен. Екінші топтағы мүгедек атанған 33 жастағы Владимир Бессуднов жиі есінен танып қалады деп хабарлайды КТК арнасы.

Владимир Бессуднов. Фото: КТК арнасынан кадр. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Владимир Бессуднов. Фото: КТК арнасынан кадр. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Instagram

Дардай азаматты балаша бағып отырған ата-анасы қылмыскердің бостандықта тайраңдап жүргеніне налиды.

Оқиға осыдан бір жарым жыл бұрын болған. Степногорде "қала күні" аталып өтіп, мерекелік шаралардан соң, қала әкімі аппаратының жетекшісі Владимир Бессуднов, үйіне  қайтып келе жатқанда соққыға жығылған.

Ал шенеунікке жасалған шабуыл бейнебақылау камерасына түсіп қалған еді. Онда  қолына таяқ ұстаған адамның аса бір сақтықпен Владимир Бессудновтың соңынан еріп келе жатқаны  анық көрінеді. Сол жолы көп қабатты үйдің ауласынан ес-түзсіз күйде табылған шенеунік 23 күн комада жатып, ес жиған.

Дәрігерлер оған екі рет ота жасап, бас сүйегінің сынған бөлігін пластикпен ауыстырған.

"Екі бірдей бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қалайша полиция оны таба алмай отыр? Прокуратураға да шағымдандық. Қылмыскер бостандықта. Ұлым мүгедек болып қалды. Жалғыз қалдыра алмаймыз. Көшеде де еріп жүру керек. Ауы-ауық есінен танып құлап қалады", - дейді анасы Лариса Бессуднова.

Владимирді басынан ұрып жыққан жігіт оны тонап та кеткен. Аяқ киімі мен қолындағы жүзігін, қалтасындағы әмиянын алған. Оқиғаны көрдік деген куәгерлер де болды. Бірақ полицияның мәліметінше, қылмыскер әлі іздестірілуде.

"Қылмыстық Кодекстің 191-бабының 2-тармағы бойынша, яғни "тонау" деген айыппен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі кешенді тергеу амалдары жүргізілді. Ешқандай нәтиже бермегендіктен, іс уақытша тоқтады. Бірақ жедел іздестіру шаралары жалғасып жатыр", - дейді Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1794611-akmola-oblysynda-kaskj-ryp-ketken-seneunik-23-knnen-kejin-esin-zinagan/

pixel