Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түйе сүтін ішкен жүкті әйелдің баланы құрсағында 11 ай көтеретіні рас па?

Опубликовано:

Өзін Күләш деп таныстырған Қызылорда облысының тұрғыны екінші баласын 11 ай бойы құрсағында көтергенін алға тартты. Келіншектің сөзінше, бұған түйе сүтін ішіп қойғаны себеп болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: 1beremennost.ru
Фото: 1beremennost.ru: UGC

Аяғы ауыр кезде түйе сүтіне жерік болған келіншек ешкімді тыңдамай, қалағанын ішіп-жеп жүре берген. Осылайша, ол баласын тоғыз емес, он бір ай көтерген екен.

Әйел адамның сөзінше, оның босанбайтынын түсінген енесі келініне ырымға сай бірнеше әрекет жасатқан.

"Жүктілік кезінде шұбатқа жерік болдым. Өзіміз ауылдық жерде тұратындықтан, шұбат алып ішу маған қиындық тудырған жоқ. Үлкендер жағы аяғы ауыр келіншектің шұбат ішіп, түйе етін жеуге болмайтынын ескертті.

Бірақ көңілім қалап тұрған соң, ешкімнің сөзіне мән бермей, күніне бірнеше литр шұбат іштім. Бір қызығы, тоғыз ай, тоғыз күн көтерсем де, толғақ келмей, біраз жүрдім.

Дәрігерлік пункт біз тұратын елді-мекеннен алыста болатын. Сол себепті, толғақ қыспады деп ешкімді мазалаған емеспін. Құдай сәтін салған күні босанармын деген ой болды.

Кейін енем мен оның құрбылары бұлай болмайтынын айтып, біраз ырымға сай әрекет жасады. Түйенің үстінен аттатып, шұбатты қайтару үшін тағы да түйенің сүтін іше бастадым. Соның әсері ме, әлде, Алланың бұйрығы ма, жүктілігіме 11 ай толғанда дүниеге ұлымды әкелдім", - дейді ол.

Алайда, түйе сүтін ішіп қойған әйелдің баланы ұзақ уақыт құрсағында көтеруіне қатысты дәрігерлердің пікірі басқаша.

"Түйе сүтін ішкен немесе етін жеген жүкті әйелдің баланы мерзімінен ұзақ көтеретіні қазақтың ырымында бар. Бірақ бұл ғылыми түрде дәлелденбеген.

Оның үстіне, қазір біз жүкті келіншектің мерзімі 41 аптаға жетсе, оларды дереу перзентханаға жолдамамен жібереміз. Өйткені, бала өсіп кетеді де, кейін босану одан әрі қиынға түседі.

Сондықтан, жүкті әйелдер дәрігерге уақытылы қаралып, ағзада болып жатқан өзгерістерді дереу жеткізіп тұруы тиіс.

Мерзімінен асып кеткен әйелдерді арнайы дәрі-дәрмек салу арқылы босандырып аламыз", - дейді алматылық гинеколог-дәрігер Нұржаман Шынәлиева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1796440-tje-stin-isken-zkti-jeldi-balany-krsagynda-11-aj-kteretini-ras-pa/

pixel