RU
Алматылық асаба: Мас болып қалған әйелін арқалап кеткен еркекті де көрдім
Жаңалықтар Қоғам

Алматылық асаба: Мас болып қалған әйелін арқалап кеткен еркекті де көрдім

Рассказать Вконтакте

Алматылық асаба Дарын Жандарбек қазіргі қазақ тойындағы өзгерістер мен жаңа тендецияларға тоқталып өтті. Бірнеше жылдан бері той басқарып жүрген ол соңғы кезде жастардың аста-төк шығыннан бас тартқанына қуанады. Алайда, көңіл қынжылтатын жайттар да жоқ емес деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Той басқарғаныма бірнеше жылдың жүзі болды. Осы аралықта қазақ тойларының көптеген өзгеріске ұшырағанын байқадым. Бұрынғыдай тойхананың ішіне лимузинмен кіріп, елдің алдында мақтанатын жастар азайды.

Құдайға шүкір. Лимузинге кететін қыруар ақшаны қарттар үйіне, балалар үйіне апаратындардың көбейгені қуантады.

Мұндай ізгі істер халыққа үлгі болып, тойда тым артық шығынданбауды көздегендер қатары толып келеді. Бұл жақсы нәрсе.

Шыны керек, соңғы кезде елді елең еткізетіндей өзгерістер байқалмайды. Тек афро-америкалық әншілердің қазақша ән шырқап, тойды «жандырып» кететін сәнге айналды.

Бұл процестің қаншалықты ұзаққа созыларын білмеймін. Бірақ олар отандық жұлдыздарға кәдімгідей бәсекелес болары анық», - дейді Дарын.

Айтуынша, қазіргі таңда асабалар тойға тұтастай «комплектпен» келеді екен. Ал мұның бағасын көтеру-көтермеу той иесіне тікелей байланысты.

«Бүгінде Алматыдағы асабалардың бағасы 150 мың теңгеден басталады. Оның ішіне әнші-биші, сурет пен видеоға түсіру құралдары және тағы да басқа қызмет түрлері кіреді.

Бұдан төмен бағаға асаба табыла ма? Ол жағын білмедім, той иесімен келісімге байланысты бәрі.

Бүгінде халық асаба таңдағанда әр нәрсеге көңіл бөледі. Талғамға талас жоқ. Бірі әзілдің көп болғанын қаласа, енді бірі тым артық кетпей, тойшы қауымды бір деммен ұстауды талап етеді.

Өз басым хайп қуып, елді жарыстыра билетіп абырой табатын адам емеспін. Мейілінше, той иелері мен қонақтардың көңілінен шығуға тырысамын», - дейді ол.

Дарын Жандарбек қазіргі таңда сұранысқа ие танымал асабалар жөніндегі пікірін де жасырған жоқ.

«Әрине, халық Тұрсынбек, Тука сияқты танымал адамдарға көбірек жүгінеді. Әсіресе, қалталы азаматтардың тойын қыздыратын да осы кісілер.

Одан бөлек, әзіл-ысқақ әлемінде танылып қалған жігіттер бар. Қалтасы көтерсе, тойға кімді шақырса да халық өзі біледі.

Қарапайым асабалар мен Тұрсынбектің басты айырмашылығы – «ставкасының» жоғары-төмендегінде. Яғни, Тұрсынбек пен Тука сұраған бағаны қарапайым асаба айта алмайды ғой?!

Дегенмен, «хан айтқанды қара да айтады, аузының дуасы жоқ» деген сөз бар қазақта. Қатардағы асабаның айтқан әзілдері Тұрсынбек пен Тукадан мүлде бөлек болып естіледі», - дейді Дарын.

Сондай-ақ, асаба той жүргізгелі бері көптеген келеңсіз жайттарға да куә болғанын жеткізді.

«Той – насихат. Тойда ізгі тілек-ниеттер айтылып, бата беріліп, халық рухани байып қалуы керек деп ойлаймын.

Өкінішке қарай, қарияларымыздың стақан түйістіріп, жастардың желпіне билеп, үлкендер алдында ерсі қылық көрсетуі жиі кездеседі. Мас болып қалған әйелін үйіне арқалап кеткен еркекті де көрдім.

Мұның бәрі уақыт өте түзеліп, той үлкен демалыс кешіне айналса деген тілегім бар», - дейді Дарын Жандарбек.
Сіздің реакцияңыз
2
0
0
0
1
23
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel