Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Танымал әнші мектеп жасынан бастап жаппай ораза ұстайтындарды сынға алды

Опубликовано:

Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай мектеп жасынан бастап ораза тұтатын балалар үшін алаңдаушылық білдірді. Ол діннен хабары мол болса да, еліміздің даңқты тұлғаларын танымайтын ұрпақтың өсіп келе жатқанына қынжылған. Бұл туралы әнші Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Жақында бір мектепке оқушылармен кездесуге бардым. Оқушыларға қазақ тарихы мен халық өнеріне байланысты біраз əңгімелер айтып, арасында Ақан сері, Біржан сал əндерінен салып беріп отырдым. Арасында оқушыларға сауалдарың бар ма деп қоямын. Бəрі бір ауыздан "Жоқ!" дейді. Содан өзім сұрақ қоя бастадым. Ақан сері, Біржан сал кім болған десем, бір ауыздан білмейміз дейді. Тіпті күні кеше ғана дүниеден өткен Ақселеу Сейдімбековтің есімін ешқашан естімепті. Бірде бір баланың ана тілінде көркем кітап оқымағаны айдан анық көрініп тұр.
Көңіл күйімнің түсіп кеткенін көріп, мектеп директоры: "Оқушылар ораза ұстайды, қарындары ашып, шаршап отыр, содан жауап бере алмай отыр" - деді. Өлгенім-ай, сол жерде", - деп жазады әнші.

Сондай-ақ, Ерлан Төлеутай он екіде бір гүлі ашылмаған жасөспірім қыздар мен он үште отау иесі атанып үлгермеген ұлдардың ораза тұтуына сынға алған.

"Баланың да ағзасы осы от сияқты, тамақ ішпеген баланың əл-дəрмені тез таусылады, күш-қуаты жылдам сарқылады. Арқадағы отыз екінің ашаршылығын көрген көнекөздер айтушы еді: аштықта алдымен балалар баудай түседі, содан кейін ер-азаматтар қырылады, ең соңында əйелдерге кезек келеді деп. Əйелдердің жаны еркектерге қарағанда берік, сірі келеді екен, оңайшылықпен үзілмейтін көрінеді.
Ал тамақ ішпеген бала жазғы аптапта қуырып соғатын аңызақ қызыл желдің өзіне шыдас бермей, ішіне ыстық түсіп, мұрттай ұшып, өліп кетеді екен. Сол ескіден қалған тəжірибе ме, əйтеуір бала кезімізде үлкендер бізге ораза ұстатпайтын. Ал енді қазіргімізге не жорық. Жүрген жерімізде көріп жүрміз, жаппай ауыз бекітуге көшкен əсіре науқанқұмар жұрт жас балаларына дейін ораза тұтқызып қойған.
Əдетте ораза тұту - оң солын таныған, өмірдің ащы-тұщысын татқан, бойындағы күнəсі "таудан биік, тастан қатты" күнəһəр пенделердің ісі емес пе? Он екіде бір гүлі ашылмаған қыз балалар мен он үшке келіп əлі отау иесі болып үлгермеген жасөспірімдердің ораза ұстап, құлшылық қылатындай не басына күн туды", - деп жазады Ерлан Төлеутай.

Әншінің жазбасын жақтаушылар да, даттаушылар да табылды. Пікір жазған қауымның бір бөлігі ораза тұту парыз екенін айтса, енді бір бөлігі мектеп жасындағылардың ораза ұстауына қарсы шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1797392-tanymal-nsi-mektep-zasynan-bastap-zappaj-oraza-stajtyndardy-synga-aldy/

pixel