Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ораза айт күнінде қандай амалдар жасау қажет? (видео)

Опубликовано:

Ораза айт жақындаған сайын бұл күні қандай амалдар істегеннің сауабы болатыны жайлы сұрайтындар қатары көбейеді. Ендеше, оразадан кейінгі қасиетті күндері қандай амалдар жасау керек? Аталған сұраққа ҚМДБ жауап берді.

Фото: ummet.kz
Фото: ummet.kz: Twitter

Пітір садақасын беру

Пітір садақасы Рамазан айында, яғни Рамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейінгі аралықта берілу қажет. Егер пітір садақасын бермегендер болса, бірінші кезекте Айт намазына дейін пітір садақасын беруі тиіс.

Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады. Пітір садақасы мұсылмандарға һижра жыл санауы бойынша екінші жылы шағбан айында парыз болды. Пітір садақасының мөлшері жыл сайын шариғат бекіткен азық-түліктердің бағасына байланысты өзгеріп тұрады.

Тәкбір айту

Айт күндері тәкбір (Алланы ұлықтау) айту дінде заңдастырылған амалдардан. Имам әз-Зухри “Адамдар тәкбірлерді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын” деп баяндаған.

Айт намазын оқу

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиетiнде: "Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу", – деген. Айт намазы дiнiмiзде уәжіп амал болғандықтан, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған.

Ислам кез келген мерекенiң ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекесі арнайы ғибадаттармен басталады. Айт намазы үшін азан айтылып, қамат түсірілмейді. Намазға бет алған кезде бір жолмен барып, екінші жолмен қайту сүннет болып саналады.

Намазға шығар алдында құрма жеп шығу

Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында құрма дәмінен ауыз тиюі керек. Бұл пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оразаның аяқталып, айт күндері басталғаны жайында берген белгісі.

Жаңа киім кию, ғұсыл құйыну, әтірлену

Бұл ұлық мерекеде мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтірленіп барған абзал.

Имам Мәлик: "Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін", – дейтін. Дегенмен, жібек матадан ер азаматтардың бойын аулақ ұстағаны жөн.

Себебі, бұл туралы Ибн Омар былай деген: "Бірде Омар бин әл-Хаттаб базардан жібек көйлек сатып алды да, оны Алла Елшісіне алып келіп: "Уа, Алланың Елшісі, мынаны айт күндерінде, сондай-ақ сізге елшілер келгенде киіңіз", – деді. Бұған Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Мұндай киімді ақыреттен үлесі болмаған адам ғана киеді", – деп жауап берді.

Қуаныш, шаттық көрініс табу

Айт барша мұсылмандандың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін сезінуі тиіс. Бұл күні сыйлықтар таратылып, мерекелік мәдени шаралар ұйымдастыру абзал. Жүзден аса ұлт өкілі тұрып жатқан еліміздегі әрбір азамат осы мерекенің лебін сезінуі қажет. Ұлтаралық, дінаралық байланысты күшейту мақсатында айт мейрамына орай құттықтаулар таратылып, арнайы дастархандар жайылады.

"Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады" деген хадисті негізге алған қазақ даласында қонақ кәдесі, сүйінші, байғазы, тағы басқа адамдарды жақындыққа апаратын амалдар көп. Солардың бірі – айттық сұрау. Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанды қазақ бетін қайтармай қолда бар сыйлықтарын аямаған. Міне бұл ғасырлар өте дәстүрге айналып, бүлдіршіндер үшін айттың бір керемет көрінісі болып есте қалған.

Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға болмайды

Қуаныш пен шаттыққа толы бұл қос мейрамда мұсылмандар ораза ұстамайды. Бұл туралы Абу Са’ид әл-Худри былай деп баяндаған: "Алланың Елшісі адамдарға Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салатын".

Мұсылмандардың бір-бірін құттықтауы

Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды.

Әсіресе, осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік оларға сый-сияпаттар жасау абзал. Ораза күні қайыр жақсы амалдар күні болғандықтан жетім-жесірлер, кедей-кепшіктер жомарт, рақымды жандардан мейірім лебін сезгісі келетіні анық. Осы күндері төмендегі адамдарға жақсылық жасаған абзал: Жесір әйелдер мен міскіндерге көмектесу, үйлерін қуанышқа бөлеу.

Ораза Айт мерекесі күні сәресіге тұрып, ауыз бекіту қажет пе?

Мұсылмандар арасында Ораза Айт намазына барарда әдеттегідей сәресі ішіп, ауызды бекітіп бару керек деген мәлімет кең тараған. Алайда, Айт күні Рамазандағыдай сәресі ішудің қажет жоқ. Шариғатымызда мұндай міндет жоқ. Тек, айт намазына шығарда тақ санды: бір, үш, бес, жеті құрма жеп шығу Пайғамбарымыздың сүннеті болып табылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1797682-oraza-ajt-kninde-kandaj-amaldar-zasau-kazet-video/

pixel