Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Азамат Сатыбалдының анасына арнаған жазбасы жұртты жылатты

Опубликовано:

Азамат Сатыбалды өзінің ресми парақшасында анасына жантебірентерлік жазба арнап, желідегілердің жүрегін елжіретті. Танымал актер анасы зағип болған енесіне қалай қарайласқанын еске алып, оның қандай келін болғанын айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жақындары туралы тың деректермен Мүсірепов театрының директоры өзінің Instagram парақшасында бөліскен.

Азамат Сатыбалдының айтуынша, оның анасы енесінің батасын алған келін болған. Оған қоса, актер көпбалалы отбасыдан шыққанын жеткізді.

"Бақыт батада. Біз тоғыз ағайындымыз. Мен кенжесімін. Әкем қызметте, ал анам өмірін отбасына арнады.Әкемізді көп көрмейтінбіз. Таң атпай жұмысқа кетіп, біз тәтті ұйқыда жатқанда келетін.

Үйдің шаруасымен анам айналысты. Атам өмірден өткен соң, әжемнің екі көзі көрмей зағип болып қалды. Сол кезде анам әжемнің жағдайын жасап, қасынан бір елі кетпеді. Уақыт келе әжем төсек тартып қалды.

Әжем жатқан бөлмеге тек анам ғана кіретін. Анам, әжемнің астын тазалап, төсек көрпесін күнде жаңалап, ластанғанын жуып, келесі күнге дайындап қоятын. Ішетін тамағын да өз қолымен беріп жүрді.

Біздің жағдайымызды жасап, күйеуін де күтіп, әжеме де қарап үлгеретін. Таңертең әкемді жұмысқа жіберіп, бәріміздің мектеп киімімізді дайындап қоятын.

Балаларын кезегімен мектепке жіберіп, өзі әжемнің көңілін аулайтын. Қайтыс болар алдында әжем қатты қиналды. Сол кезде бізді тездетіп далаға шығарып өзі күн ұзақ әжемнің қасында болды.

Әжеммен бірге анам да қатты қиналды, бірақ берілмеді. Әжем өмірден өткенде, анам егіліп қатты жылады.

Мен баламын ғой, көп нәрсені түсінбеппін. Арада талай жыл өтті.

Жақында анам: "Мен бақытты жанмын. Менің бақытым енемнің батасында екен. Мен бата алған келінмін, сол алдыма келді Құдайға сан мың шүкір деді.

Еріксіз көзіме жас алдым. Анам қазір сексен бірде, Құдайға шүкір. Алтын құрсақты аналарымыз аман болсын" , - деп жазды Азамат Сатыбалды.

Актердің бұл жазбасынан желідегілер көздеріне еріксіз жас алғанын жазды.

"Өте әсерлі жазыпсыз. Көзіме жас келді" , "Тамаша жазылған. Жүрекке жетті. Көзіме еріксіз жас келді", "Нағыз батыр аналар сол кісілер. Жасы ұзақ, дені сау болсын" , - деп жазды көпшілік.

Айта кетейік, бұған дейін Азамат Сатыбалдының әкесі туралы жазбасы ел жүрегін елжіреткені туралы жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1798045-anam-katty-kinaldy-azamat-satybaldyny-kezekti-zazbasy-zrtty-zylatty/

pixel