RU

Тоқаев жас сарбазды құтқарып қалған полковникті марапаттауға уәде берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу кезінде сарбазды өлімнен арашалап қалған Сергей Смицкихтің әрекетін нағыз ерлікке балап, полковниктің арнайы орденмен марапатталатынын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тоқаев жауынгерді граната жарылуынан құтқару үшін өмірін тәуекелге тіккен полковникке орден беруді уәде етті
Смицких Сергей. Фото: Шекара қызметі; Граната. Көрнекі фото: mvdlnr.ru: UGC
"ҰҚК Шекара қызметінің полковнигі С.Смицких ерлік жасады. Ол Алматыдағы оқу-жаттығу кезінде жас жауынгерді граната жарылысынан құтқарып, өзі жарақат алып қалды. Орденмен марапатталатын болады", - деп жазды мемлекет басшысы Twitter парақшасында.

Еске сала кетейік, 19 маусым күні шекара қызметіне қарасты 2027 әскери бөлімінде полковник Сергей Смицких жақында ғана әскер қатарына қабылданған сарбазды құтқарып қалды.

Белгілі болғандай сабақ кезінде бір сарбаз сасқалақтап, шығыршығын суырып қойған қолындағы гранатаны аяғының астына түсіріп алған.

Осыны байқап үлгерген Сергей Смицких көз ілеспес жылдамдықпен окоп түбіндегі гранатаны іліп алып, қауіпсіз жерге лақтырып, жас сарбазды денесімен жауып қалған.

Қазір полковник пен сарбаз ҰҚК әскери госпиталінде ем қабылдап жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1800734-tokaev-zas-sarbazdy-ktkaryp-kalgan-polkovnikti-marapattauga-ude-berdi.html