RU

Қарағандыда қаза тапқан сарбаздың анасы тергеуді қайта жүргізуді талап етті

Қарағандыдағы 6505 әскери бөлімінде суицид жасады делінген сарбаз Әліби Сапаның туыстары қылмыстық істің тоқтатылғанына наразы. Марқұмның анасы баласының мәйітін толық қарап, соққының іздерін көрген екен. Айтуынша, ұлы әлімжеттіктің құрбаны болған деп хабарлайды КТК арнасы.

Коллаж: KAZ.NUR.KZ. Фото: Видеодан кадр/ КТК
Коллаж: KAZ.NUR.KZ. Фото: Видеодан кадр/ КТК: Twitter

18 жастағы ұлынан қапыда айырылған сарбаздың анасы бұл істе күмәнді тұстардың өте көп екенін айтады.

"Неге беті көгеріп, ерні жарылған деп сұрадым. Тергеуші жауап бере алмады. Өз өзіне қол жұмсағанда сондай іздер қалады дейді. Бейнекамераны көрсетті. Ұлымның автоматты алып, өзін атқан кадрлар жоқ. Тек мұнарада жатқан видеосы бар. Күмәнді тұстар өте көп. Нақты дәлелдері болмаса да, суицид жасады деген шешім шығарғанын түсіне алмаймын", - дейді Майгүл Әліпбаева.

Енді Майгүл Әліпбаева тергеуді қайта жүргізу үшін барын салмақ.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтарда Алматы облысынан әскерге аттанған сарбаз Әліби Сапа бір айдан кейін үйіне табытпен оралған болатын.

Әскери бөлімдегілер Ұлттық Ұлан сапындағы жауынгерді Қарағандыдағы АК 159-да 7 түзету мекемесінің мұнарасынан өлі күйінде табылғанын хабарлаған.

Ал сараптама қорытындысына сүйенген құзырлы орган мамыр айында жас сарбаз өз-өзін атып өлтірді деген шешім шығарған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1800819-karagandyda-kaza-tapkan-sarbazdy-anasy-tergeudi-kajta-zrgizudi-talap-etti.html