RU

"Ештеңеден күдіктенбедім": Шымкентте ұрылар "заманауи" тәсілмен үш млн теңгені қолды еткен

Шымкентте балабақшадан баласын алып кетуге келген әйелдің көлігінен белгісіз біреулер үш млн теңге ақшасын ұрлап кеткен. Полицейлердің арқасында қомақты ақшны қолды еткен ұсталып, үш млн теңгені иесіне әкеп берген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Көрнекі фото: amsrus.ru
Көрнекі фото: amsrus.ru: Depositphotos

Жәбірленуші келіншектің айтуынша, ұрылар көліктің есік терезесін түртпей, ұрлықтың "заманауи" тәсілін пайдаланған.

Яғни ол көлікті жауып жатқанда ұрылар кілттің толқынын радар арқылы "ұстап" қалған көрінеді.

"Балалардың киімін ауыстырып жатып көліктің сигнализациясының қосылып кеткенін естідім. Сыртқа шығып қарағанда есіктері жабық. Ештеңеден күдіктенбедім. Қатты жауын жауып тұрған еді. Содан да сигнализация қосылып кеткен екен деп ойладым. Балабақшада асықпай балаларды киіндіріп,​ сыртқа шыққан кезде де ешқандай күдікті жайт байқамадым. Артқы есікті ашқанымда сөмкелерім сол күйі тұрды. Балаларды отырғызып үйге қайттым. Үйге жеткен соң ғана екі сөмкемде де ақша жоқ екендігін көрдім," - дейді жәбірленуші.

Еңбекші аудандық полиция бөліміне шағымданған жәбірленуші әйел адам біраз сандалғанын айтады. Сөйтіп Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысының қабылдауына барған.

Нәтижесінде ұрылар ұсталып, өздері үш млн теңгені иесіне әкеп берген.

"Осы жайт бойынша Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ералы Жұмаханбетовтің азаматтарды қабылдауына жәбірленуші кіріп, тікелей эфир кезінде арызданған. Департамент бастығы бұл істі жеке өз бақылауына алып, қылмыскерлер құрықталып, жәбірленушінің ақшасы өзіне қайтарылды.
Тез арада ізін суытпай ұрлық жайтына қатысты қылмыстық істі ашып берген тәртіп сақшылары Алексей Фомичев, Бекжан Батыров, Қуаныш Мамировке риза болған қала тұрғыны алғысын білдіріп, олардың жұмыстарына сәттілік тіледі," - дейді Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1800820-esteeden-kdiktenbedim-symkentte-kki-rylar-zamanaui-tsilmen-s-mln-tegeni-koldy-etken.html