Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Террористпен бетпе-бет келген": Ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасов жайлы не білеміз?

Опубликовано:

Қызмет бабында жүріп, қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімі ұрпақ жүрегінде мәңгі қалары сөзсіз. Ол 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында террорлық акт салдарынан ажал құшты. Бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төнген сәтте басын қатерге тігіп, ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері жайлы ҚазАқпарат хабарлайды.

Фото: Bnews.kz
Фото: Bnews.kz: Getty Images

Қайғылы оқиға орын алған күні Жамбыл облысы ІІД Жол полициясы жеке батальонының 1-взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов арнайы көлікпен кезекшілікте жүрген.

Қазыбек би көшесіндегі орталық гастрономның жанына қылмыскер тоқтай қалып, қоршағандардың бәріне оқ жаудыра бастаған сәтте көлікті тоқтатқан Ғазиз одан шыға сала қарсы оқ атып, қылмыскерді кері шегіндіреді.

Алайда, лаңкес полиция капитанының кеудесіне оқ атып үлгереді. Қылмыскердің қолында граната барын білген тәртіп сақшысы бейбіт халыққа қауіп-қатер төнгенін сезіп, ауыр жараланғанына қарамастан, террористпен бетпе-бет келіп, денесін қолмен ұстап, оны жерге құлатады. Дәл осы сәтте болған жарылыс Ғазиз Байтасовтың өмірін қияды.

Батыр 1971 жылы 3 сәуірде Жамбыл қаласында Әбдібек Байтасов пен Гүлзат Шіркееваның отбасында дүниеге келген. Үйдің үлкен ұлы болған азаматтың үш қарындасы бар. Кейін отбасы Жамбыл облысы Свердлов ауданының Түймекент ауылына көшіп келеді. Ғазиз ауылда 1988 жылы орта мектепті бітірген.

"Ғазизді мектепте барлығы - мұғалімдер де, оқушылар да жақсы көретін. Оқу барысының өзінде көшбасшылық, принципке беріктік және ашықтық сияқты қасиеттері анық байқалатын. Ол барлық істерде - спорттық, мәдени-бұқаралық шараларда көшбасшы болды. Біз сыныптастармен осы күні жиі жиналамыз, сынып жетекшісі Айзада апайға барамыз, сол жылдарды жылылықпен еске аламыз.
Біз Ғазизді мақтан тұтамыз. Уақыт айналып келсе де, ол бәрібір осындай ерлік жолын таңдайтын еді", - дейді Жамбыл облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, Ғазиздің сыныптасы әрі досы Шайзат Әліпбаев.

Мектептен кейін Совет әскерінің қатарына шақырылған Байтасов 1992 жылы Жезқазған политехникалық университетінің Қаратау филиалының сырттай бөліміне "автокөлік шаруашылығы" факультетіне оқуға түскен. Полициядағы қызметін 1993 жылы Жамбыл облыстық ІІБ уақытша ұстау изоляторының айдауыл қызметінде бастап, факультеттегі оқуына байланысты 1996 жылы жол полициясының инспекторы қызметіне ауысқан.

2010 жылы Жамбыл облысы ІІД ІІББ 1-взвод командирі болып тағайындалды. Полиция капитаны қызметі барысында қылмыскерлерді ұстау кезінде шебер іс-әрекеттері және жұмыстағы жақсы көрсеткіштері үшін ІІД басшылығының Алғыс хаттарымен, бағалы сыйлықтармен бірнеше рет марапатталған.

Халық Қаһарманы полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі полиция департаментінің жеке құрамының тізіміне енгізілген. Құқық қорғаушының отбасы да назардан тыс қалып отырған жоқ. Оларға әрдайым моральдық және материалдық көмек көрсетіліп келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1800822-terroristpen-betpe-bet-kelgen-erlikpen-kaza-tapkan-gaziz-bajtasov-zajly-ne-bilemiz/

pixel