Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Хақысы жоқ": Танымал журналист жаңа мәдениет министріне қарсы шықты

Опубликовано:

Отандық белгілі журналист Мәди Манатбек жаңадан мәдениет және спорт министрі болып тағайындалған Ақтоты Райымқұловаға қарсы шықты. Ол министрлік басшысының бірқатар қазақ сөздерін ауыстыру жөніндегі шешімін құптамайтынын ашық айтқан деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Танымал журналист жаңа мәдениет және спорт министріне қарсы шықты
Ақтоты Райымқұлова, Мәди манатбек. Фото: Cпутник Қазақстан, Instagram: Facebook

Министрдің қазақшаға аударылған терминдерді қайта бекітуіне қатысты журналист өзінің Instagram парақшасында пікір білдірген.

Мәди Манатбек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдады.

"Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ел биліктің әр сөзін аңдып, әр ісін бағып отыр. Дәл қазір піспеген шешімді асығыс қабылдай салатын кез емес. Елмен санаспаса, ортаға салмаса болмайды.

Қоғамды дүрліктірген мәселенің бірі, мәдениет және спорт министрі болып кеше ғана тағайындалған Ақтоты Райымқұлованың қазаққа сіңіп кеткен аударма сөздерді қайтадан орысша нұсқасына ауыстырамыз деген шешімі.

Қоғамның талқылауына салмай, пікірін білмей бұлай істеуге оның моральдық хақысы жоқ.

Онсыз да елеңдеп отырған елді, осы бір ойсыз қадам жайсыз күйге түсірді. Осының өзінен кешелі-бері «билік қазақты құртуға біржола көшті, тілден айыру – елден айыру, бұған шыдауға болмайды» деген сияқты пікірлер қызу талқыланып жатыр.

Былайша айтқанда жоқ жерден мәселе шығарып, елдің наразылығын қолдан тудырып отырсыздар.

Сізге шынымды айтайын. Өз басым «сынып», «мұражай», «пайыз», «әнұран», «мұрағат», «мейрамxана», «қолтырауын», «ұшақ», «ақау», «әлеует», «ота» деген сөздерге үйреніп қалдым.

Самоварды самаурын дейтініміз сияқты бұл сәтті аударылған, отыз жылдан бері санаға сіңген сөздер. Аударылғаны бар, ежелден қолданылып келе жатқаны бар, бұл сөздерге қазақ әбден үйренді" , - деді ақпарат өкілі.

Оған қоса, журналист бұл шешімнің орнына екі тарапқа да қолайлы ұсынысты түсірді. Ол қазақша аударылған сөздерді де, терминдерді де қолдануға шақырды.

"Кеңестік дәуірде қалыптасқан аз ғана топқа қазақыланған атаулар ұнамайды екен деп ауыстыра салуға мен қарсымын. Басшы айтса болды ел қоштайды дегенді де қою керек.

Ал "сымтетік", "қылтима" деген сөздерге келсек, бұны ел қабылдамады, сондықтан олай айтпайды да.

Бұл шешімнен қайтпаймыз дейтін болсаңыздар, «класс», «музей», «гимн» деп өздеріңіз айта беріңіздер.

Бірақ қазақша баламасына тиіспеңіздер. Гимн деп те, әнұран деп те айта берейік. Бұл тілімізді байытпаса кемітпейді.

Тіл комитеті, терминком, тіл институтының мамандары сіздерге бағынышты болғандықтан үнсіз келісіп отырған болар. Бірақ іштей олар да наразы.

Сондықтан тілді тұқыртып, елді түртпектей беруді қою керек. Тым болмаса елдің талқылауына салыңыздар. Жаны ашыған әр адам пікірін білдірсін, талқылауға қатыссын.
Тіл - ұлттың жаны. Тіл, жер, тәуелсіздік мәселесінде отпен ойнауға болмайды", - деп аяқтады өз жазбасын Мәди Манатбек.

Айта кетерлігі, жаңа мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова бұрын қазақ тіліне аударылған 3 300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғым қайта қаралып бекітілетіні туралы мәлімдеме жасаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1800912-hakysy-zok-tanymal-zurnalist-zaa-mdeniet-ministrine-karsy-sykty/

pixel