RU

Гүл "ұрлауды" әдетке айналдырған ақтөбелік шенеуніктің кабинеті баққа айналған (фото)

Ақтөбедегі көпбалалы аналар беске танитын шенеуніктің ерекше қасиеті бар. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров қарапайым әрі көпшіл басшылардың бірі. 51 жастағы азамат бөлме гүлдерін өсірудің шебері болып шықты. Шенеунік тіпті, кабинетінің өзін гүл бағына айналдырып жіберген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ: Original

Қайрат Отаров бұл әдеті анасынан дарығанын айтты.

"Мүмкін әр адамның қабілеті ана сүтімен берілетін шығар. Бала кезде көріп өскен заттарың сенің де өміріңе жол салып беретіндей. Менің анам мектепте жұмыс істеді. Ауылда тұрғанымызда бақшаны жайнатып қоятын еді. Бұл қасиет сол кезден қалып қойған болар.
Гүл баптауды қашан әдетке айналдырғанымды өзім де аңғармай қалдым. Бірінші мамандығым агроном. Қостанай ауыл шаруашылық институтында бір жылдай ғылыммен айналысқаным бар. Өсімдікті жақсы көремін. Жұмыс бабымен жүрсем де, кабинетке гүл өсіруге тырысамын", - деді ол.

Шенеунік гүлдерді суару, тамырландыру, қопсыту жұмыстарымен өзі айналысады. Кабинеттегі гүлдері жайқалып тұр. Көздің жауын алатын жапырақтардың да түстері қанық.

Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ: Original
"Жапырақ түстерінің қанық болуы үшін арнайы қосқыштарды қолданамын. Гүл – тірі өсімдік. Олармен сөйлесу керек. Су құйғанда, астын қопсытқанда және таңертең әрқайсысының өз биологиялық аттарымен сөйлесіп шығамын. Олар мен отыратын жердің ауасын тазартады.
Мен жайқалып өсетін гүлдерді жақсы көремін. Ондай гүлдер құшағын ашып тұрғандай көрінеді. Бұл гүлдер менің қазіргі әлеуметтік салада істейтін жұмысыма келетіндей көрінеді. Қиын жағдайын айтып әртүрлі адамдар келеді. Біз де бәріне көмектескіміз келеді", - дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров.

Басшы бөлме өсімдіктерін баптау құпиясымен де бөлісті.

"Әр гүлдің өз бабы бар. Оларға күнде су құюға және кептіріп жіберуге де болмайды. Үнемі ылғалдықты қалап тұратындары, суды тек аздап қана ішетіндері бар. Тағы бір ескеретін жайт, гүлге суды үстінен құймау керек. Гүлдің ыдысын су құйылған табаққа қоямын. Олар да адам секілді артық су іше алмайды. Табақтағы судан қажетінше өзі сіңіреді.
Су құмның бетіне жайлап шыққан кезде ол ішіп болды деген сөз. Жапырақтарды тазалаған кезде ғана суды үстінен себелеймін. Осы гүлдерді баптап жүріп, екі айда бір рет кабинетімді шылқытып алатын кездер болады.
Гүлдердің ыдысын ауыстырған кезде және тамырландыру үшін кесіп алуды ерте көктемде не күзде жасаған дұрыс. Әйтпесе бойына сөлін бөліп өсу процесінде тұрған өсімдіктің сол сабағы толық қурап кетеді", - дейді шенеунік.

Басшы өзі қолданып жүрген гүл өсірудің жазылмаған заңдылықтарын да жасырмай айтты.

"Жолдасыммен мектепте бірге оқыдық. Ол кісі маған көмектеседі. Гүлдерімнің көп екені рас. Үйде де бар. Бірақ оларды біреулерге беріп отырғанды жақсы көремін. Жаңа гүлдерді іздеуге тырысамын. Мүмкін бұл да бір азарттық шығар. Бір жерге қонаққа барғанымда жайлап гүлдерін көзіммен сүзіп шығамын.
"Біреуден гүлдің тұқымын алғанда оған көрсетпей алу керек" деген әдеттерді арасында ұстанатынымыз бар. Гүлді жайлап кесіп алып, орнына тиын тастап кетесің. Ондай қағидаттарды ұстаймыз.
Жайлап кесіп, әйеліңнің сөмкесіне тығып қоясың. Алған гүлің үйге дейін ренжіп қалмасын деп майлықты сулап, оған гүлдің сабағын батырып қоямын", - дейді іскерлік пен ізеттілікті ұштастырып отырған басшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1800914-gl-rlaudy-detke-ajnaldyrgan-aktbelik-seneunikti-kabineti-bakka-ajnalgan-foto.html