RU

Биыл қанша қазақстандық азаматтың жалақысы жоғарылайды?

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Елбасы мен Қазақстан Республикасы Президентінің төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеру туралы тапсырмаларын іске асыру барысы жайлы баяндады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ: Depositphotos

Тұңғыш Президенттің қазан айындағы Жолдауын жүзеге асыру үшін 2019 жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге – 28-ден 42,5 мың теңгеге дейін арттырылғаны белгілі.

Бұл шарамен 1,3 млн. адам қамтылды, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, Мәдениет және спорт салаларында жұмыс істейтін 275 мың азаматтық қызметші қамтылды.

"Біз ай сайын ең төменгі жалақыны есептеу мониторингін жүргіземіз. Мәселен, міндетті зейнетақы жарналарының түсімдерін талдау нәтижелері а.ж. сәуірде 92 мың қызметкер еңбек ақыны ЕТЖ мөлшерінен төмен алғанын көрсетті. Сондай-ақ еңбекақысы төмен қызметкерлер бойынша жалақының өсуіне мониторинг жүргіземіз. Қазіргі уақытта 203 мыңнан астам жұмыс беруші 1,1 млн. адамның еңбекақысын арттыру міндетін өз мойнына алды", - деді министр.

Бұдан басқа, ағымдағы жылдың маусым айынан бастап бюджеттік саланың жекелеген қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға дейін артты.

Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда жұмыс істейтін 1 миллионнан астам азаматтық қызметшілер осы айда жоғары жалақы алады.

Енді бір қызметкердің орташа жалақысы 114,5 мың теңгені құрайды (2019 жылдғы 1 маусымға дейін 99,6 мың теңгені құрады).

2019 жылға аталған арттыруға республикалық бюджеттен 144,3 млрд. теңге көзделген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1801230-biyl-kansa-kazakstandyk-azamatty-zalakysy-zogarylajdy.html