RU
Арыстағы жарылыс кезінде ата-анасынан адасып қалған балаларды мешітке табыстауда

Арыстағы жарылыс кезінде ата-анасынан адасып қалған балаларды мешітке табыстауда

Рассказать Вконтакте

Арыста болған жарылыс кезінде қаланы тастап қашқан халықтың бір бөлігі Шымкент қаласындағы "Ақмешіт" орталық мешітіне келіп орналасып жатыр. Олардың арасында ата-анасынан адасып қалған 200-ге жуық бала бар деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Фото: ERNUR.KZ

Фото: ERNUR.KZ

Шымкент қаласы орталық мешіттің бас имамының орынбасары Мұхаммеджан Естеміров қазіргі уақытта 500-ден астам адам қоныстанғанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, ата-анасынан адасып қалған, балабақшадан, лагерьлерден әкелінген балалардың саны 200-ге жуық.

"Мүмкін болғанша, ата-аналарына хабарласып, телефон арқылы ақпарат таратып жатырмыз. Балалар, әсіресе, балабақша жасындағы балалар көп. Қазір мешіттің жанындағы медресенің жатақханасын босатып, сонда орналастырып жатырмыз. Барынша көмек беруге тырысып бағудамыз. Қала халқына рахмет, сумен, азық-түлікпен көмектесіп жатыр", - деді Мұхаммеджан Естеміров.

Айта кетейік, бүгін, 24 маусым күні таңғы сағат 09:20-да Арыста орналасқан әскери бөлімшедегі қоймада жарылыс орын алды. Жергілікті халық зәресі ұшіп, жаппай қаладан кете бастады.

Қорғаныс министрлігі төтенше жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс, ішкі істер министрліктеріне және Түркістан облысы әкіміне жарылыс зардаптарын жоюды тапсырды.

Бұл жағдайға қатысты Арыс қаласында арнайы медициналық штаб құрылды.

Ал өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев халықты сабыр сақтауға шақырды.

Шымкент қаласындағы нөмірі бірінші қалалық ауруханаға дәл қазіргі уақытқа дейін 16 адам түрлі дене жарақатымен жатқызылды. Арасында балалар да бар.

Бас дәрігері Абылай Донбайдың айтуынша, жарақатымен түскендердің үшеуінің жағдайы ауыр.

Сіздің реакцияңыз
0
3
1
7
0
0
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel