Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Біздің де үйіміз болған": Арыстық әйел босып кеткен жұрттың қандай күйге түскенін айтты

Опубликовано:

Жойқын жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғыны босып кеткен халықтың қандай күйге түскенін айтты. Таңшолпан Мақұлбек есімді келіншек жұрттың қазіргі жағдайын өз Instagram парақшасында баяндаған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Коллаж: KAZ.NUR.KZ. Фото: Instagram/tansholpan.makulbek, Видеодан кадр
Коллаж: KAZ.NUR.KZ. Фото: Instagram/tansholpan.makulbek, Видеодан кадр: Twitter

Бір күнде өмірі күрт өзгерген келіншектің сөзінше, олар Арыстан төрт адам болып келген.

"Кеше №54 мектепке барып тізімге тізілдім. Мен, қайным, қайынсіңлім, қызым төрт адам келдік дедім. Сосын кішкентайың бар екен, осында памперстер бар, жейтін тәттілер бар, біреудің үйінде жатқандар да алып кетіп жатыр деді. Сонымен қолыма талон берді. Кезекте тұрмын, намыс ше қолыңда қағаз саған памперс, нан беретіні",- деп бастады ол әңгімесін.

Талонын алып, кезегін күткен әйел ыңғайсыз жағдайдың куәгері болған екен.

"Бір кезде бір апайды сол жердің мұғалімі жылатып қойды."Сіз менен таңертең ғана жуынатын заттар алып кеттіңіз ғой. Тоймайсыз ба? Ұят қой, неге келе бересіз? дейді. Ал, арыстық апай "сені алдап нем бар, енді келіп тұрмын. Тамақ жасайтын вермишель берші". Ары қарай сөйлей алмай қалды. Сен сияқты жайбарақат тамақ тарқатып тұрған жоқпын. Жиған-тергенімді бір минутта үйіме тастап, бала - шағаммен тентіреп жүрмін деп...
Сондағы тамақ жасауға керек макарон аламын деп, халық жинап әкеп берген азық-түліктен үлесін алғаны үшін сөз естіп жатыр. Әшейінде видео түсіргіш мен, тек жай қарап қалыппын. Бір жағынан ұялып та тұрмын ғой, мен де талонмен тамақ алуға келгенмін", -дейді ол.

Тосыннан болған жарылыстан басы ауған жаққа қашқан халық бір күнде мүсәпірге айналған. Бүгінде Арыста көрші болған жұрт бір-бірін әр жерден кезіктіріп жатыр.

"Рас, мүсәпір болдық та қалдық. Үй киіммен есік алдындағы дүкенге бармайтын тәкаппар едік. Қазір үй киіммен кеше мектепке де, мешітке де бардым. Мешітте, сыртынан қарап отырдым. Киім акелген бір апай "Өздерінше, ескі киімді менсінбейді, алмай жерге тастап тастаған" дейді. Аяқ киімдерді сыңары болса, ескі деп қарап жатқан жоқ акетіп жатыр. Бес баласы бар әйел байғұс түгелдей алмай жүр бала-шағасына. Ауыстырып кигізетін бір сыпыра киім",- деді шерін тарқатқан арыстық әйел.

Тыныш тіршіліктен бір күнде айырылған келіншек аманатты табыстаушы жандар өз қалтасы емес халық әкеліп беріп жатқан киім, тамақты жылы жүзімен берсе екен деп тілейді.

"Әлеуметтік желі айна ғой қазір. Түрлі нәрсені көріп отырмын. Жарылыс кезіндегі видеолардан жай сыртта жүрген адам көріп шошиды. Біз сол оттың ортасынан шықтық. Сосын сондай жойқын жарылыстан 2 адам ғана қаза табуы мүмкін емес секілді. Сол күні қызым мен қайынсіңлім қолымда. Аман шығу үшін жылауға уақыт жоқ.
Үйге келіп, бәрін ұмытқандай болып жүр ем. Бүгін таңертең 5:30 дан бері ұйықтаған жоқпын. Болғанның бәрін есіме түсіріп, болып жатқанның бәрін ойлап, бір жылап алдым. Біздің де өзіміз тұратын үйіміз, түр түрлі киіміміз болған...",-деп түйіндеді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1801694-bizdi-de-jimiz-bolgan-arystyk-jel-bosyp-ketken-zrtty-kandaj-kjge-tskenin-ajtty/

pixel