RU
"Шөп жұлып жедік": Сириядан елге оралған келіншек жантүршігерлік жайттарды баяндады

"Шөп жұлып жедік": Сириядан елге оралған келіншек жантүршігерлік жайттарды баяндады

Рассказать Вконтакте

21 жасында күйеуіне еріп, Сирия асып кеткен ақтөбелік келіншек ол жақтағы ауыр күндері туралы айтып берді. Табаны туған жердің топырағына төрт жылдан кейін тиген ананың екі баласы да соғыс даласында дүниеге келген деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Фото: KAZ.NUR.KZ

Фото: KAZ.NUR.KZ

Мектепте үздік оқушылардың қатарында болған Қаракөз (ред. есімі өзгертілген) қара ниеттілердің шырмауына іліккен. Адасып, басын тауға да, тасқа да соққан келіншектің әңгімесін қаз-қалпында түсірдік.

19 жасымда некемді қидым

"Дінге 9-сынып оқып жүрген кезімде келдім. Үйде ешкім намаз оқымайды. Маған бірге оқитын құрбым үйретті. Оның берген кітапшаларын қызығып оқыдым. "Досым көп болса екен..." деп жүрген ойларым бір сәтте өзгерді. Екінші өмір, өлім туралы ойлай бастадым. Мектепті бітіріп, медициналық колледжге түскенде толықтай жабық киіндім. Оқуды екінші курста тастап кеттім. Өзімді сендірген топтың қасына ергеннен кейін, оқу туралы ойлаған жоқпын. Базарда бір адамның заттарын саттым. 2013 жылы 19 жасымда сол кісімен неке қидым. Ол кісі бұрын ажырасқан екен, өзімнен 7 жасқа үлкен.

Үш әйел, бес ер адам болып Сирияға бардық

Неке қиғаннан кейін жолдасыммен бірге Сирияға кетіп қалдық. Жолдасым мұсылман мемлекетіне барып тұратынымызды айтты. Қарсылық бідірмедім. Менің құжатым дайын болғанан кейін бірден жиналдық. 2015 жылы үш әйел, бес ер адам болып елден шықтық. Ақтөбеден Ресейге, сол жақтан ұшақпен Түркияға, әрі қарай Сирия еліне кірдік. Шекарадан арабша киінген адамдар машинамен күтіп алды. Бірден ер адамдар мен әйелдерді бөліп жіберді. Біз олай болады деп ойламап едік. Жолдасымды екі-үш ай дайындыққа алып кететінін естігенде қатты жыладым

Сирия шекарасында әйелдерге ниқаб таратты

Шекараға кіргеннен салқындықты сездік. Әйелдерге қара ниқаб таратты. Киімдерімізді қара түске ауыстырдық. Кейін тек қана әйелдер тұратын үйге апарды. Бір бөлмеде 6-7 келіншек тұрады. Әр жерге, басқа қалаларға көшіп жүресің. Еш жаққа шығармайды, әкеп берген тамақты ғана жейсің. Соғыс болып жатқан жерде күнде жарылыс. Қираған, ескі үйлердің арасында тұрасың.
Бастапқыда бізге ондағы жағдайды жақсы қылып көрсетті. Кейін жағдайымыз қиындады. Нан алып жейтін ақша таппай қалдық. Жолдасым екі айдан соң оралды. Кейін бір үйде бірнеше отбасы болып бірге тұрдық. Дүкенге барғанда нан сұрап жейтін сөздерді үйреніп алдық. Оларға қарсы шыққаны үшін жолдасымды төрт айға түрмеге отырғызды.
Фото: KAZ.NUR.KZ

Фото: KAZ.NUR.KZ

Балалар аштықтан өлетін...

Аштықтан кішкентай балалар көп шетінеп кетті. Бірнеше күн тамақ ішпей жүре береміз. Қаншама адам тамақ таппай, даладан шөп жұлып жедік. Малға беретін жемді қайнатып жейтін едік. Балаларға да соны береміз. Ол жақтағы жағдайды барғаннан кейін ғана түсіндік. Бірақ бәрі кеш болатын. Кіргеннен кейін шығатын жол жоқ. Қашуға ұмтылған бір топ адамды көз алдымызда атып тастады. Арасында қазақтар да көп болды. Бізді қорқынышпен ұстады.

Олар жоғарыдағы адамды "Амир" деп айтады. Ондайлар аста-төк байлықтың үстінде өмір сүрді. Адамдар аштықтан өліп жатқанда олар үлкен коттедждерде тұрады. Өздері үйлерінде жатып, адамдарды соғысқа қинап шығаратын. Интернеттің бәрі ақылы. Ақшаң болса ғана елмен байланыса аласың", - деп қиын күндерін еске алды келіншек.

Кейіпкердің айтуынша, ол 2016 жылы 21 жасында Сирия елінде балалы болған.

"Тұңғышымды үй жағдайында өмірге әкелдім. Оны үй деп айтуға да келмейді. Қирап жатқан жер. Тәжірибесі бар келіншектер босандырып алды. Лас жерде кіндігі кесілді. Балаң қаңғыған оқтан мүгедек болып қала ма деп те қорқып жүресің. Қазақстанға баратынымызды естігінде іштей қуандым. Мен ол жақтан аман шығып, елге жетемін деп ойлаған жоқпын. Әлі күнге сенбеймін. Сириядан шыққаннан кейін де ұзақ уақыт лагерьде тұрдық. Онда тірі қалу үшін жанталасқан өмірді көрдік. Тамақ атымен жоқ. Су екі бастан қат. Кішкентай шүберек күркеде бірнеше отбасымен бірге тұрасың.

Бір рет жел болғанда күркеміз ұшып кетіп далада қалдық. Шүберек күркенің өзі удай ақша. Балаларым кішкентай: біреуі енді жүріп келе жатса, екіншісі қырқынан енді шыққан. Соларды таңнан кешке дейін күркеге қамап кетіп, әркімге жалданып жұмыс істедім. Ертесіне сол ақшаға тамақ аламын. Базарға шығудың өзі қиын. Бірінші рұқсат алудың кезегіне тұрасың. Ол таңертеңнен кешке дейін жалғасуы мүмкін. Қазақстан әскерінің қасына келгенде біз қамқорлық, аяушылық дегенді көрдік. Ондай нәрсені біз ұзақ жыл сезінген жоқпыз.

Өкініш...

Аллаға сансыз шүкір, үш айлық баламды омырауыма басып, бір жастан асқанын жетектеп елге оралдым. 9 мамыр күні ұшақтан түсіп, елдің топырағын бастым. Қауіпсіз екенімізді сезіндік. Көкірегімізден итерген ешкім жоқ. Барлық көмекті жасап жатыр. Бір тілек бар. Басқалар біз таңдаған жолмен енді жүрмесе екен. Біз білімсіздіктің кесірінен еріп кеттік. Мен өзім көрген өмірді ешкімге тілемеймін", - деп сөзін аяқтады төрт жылын соғыс даласында өткізген келіншек.

Сіздің реакцияңыз
15
6
10
73
2
3
5
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel