Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Руслан Еңсебаев: IT-мамандарымыз жаңа цифрлық экономиканы дамытады

Опубликовано:

Қазақстанның қаржы жүйесін үлкен өзгерістер күтіп тұр. Атап айтқанда, салық төлеушілердің электронды әмияны мен sмs-хабарламалар іске қосылады. Кедендік рәсімдеудің электронды жүйесі жемқорлық фактілерін азайтады. Ал онлайн кассалық бақылау аппараттары көлеңкелі экономикаға тосқауыл бола алады. Жалпы, цифрлық технологиялар ашықтыққа, экономикалық тиімділікке жол ашады.

Руслан Еңсебаев:IT-мамандарымыз жаңа цифрлық экономиканы дамытады

Мемлекеттік сатып алу жүйесін электронды түрде жүргізудің арқасында 300 млрд теңге үнемделген. Кеден ісіндегі автоматтандыру 77 млрд теңгені үнемдеуге ықпал етті.

Бұл саланы цифрландыру жұмыстары кезінде экономикадағы басты проблемаларға баса назар аударылуда. Ел экономикасындағы басты мәселе не? Цифрлық экономиканы кімдер жүргізе алады? Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі олқылықтар, оларды шешу жолдары қандай? Осы және өзге де сауалдардың жауабын ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев айтып берді.

- Руслан Сәтбекұлы, қаржы вице-министрі болғаныңызға бір жылдай уақыт болған екен. Осы уақыт аралығында цифрландыру бағытында қандай жобалар жүзеге асырылды?

- Қаржы министрлігіндегі цифрландыру жұмыстары соңғы бір жылда жасалып жатқан жоқ. Ол еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастау алады. Бүгінде министрліктің көптеген қызметтері, соның ішінде салық саласындағы қызметтер, электронды форматқа көшті. Мәселен, қарыздарды көру, салық төлеу, салық есебін тапсыру сынды қызметтер электронды нұсқада беріледі. Бірақ бұл қызметтерді көрсету кезінде түрлі мәселелер туындайды. Мысалы, бұрын төленіп қойған салық бойынша тағы да төлеуге хабарлама келгендігі, немесе бірнеше жыл бұрын сатқан көлігі үшін тағы салық салынғаны жайлы әлеуметтік желілердегі жазбалардан көруге болады.

Біз биыл деректерді өзекті ету, салыстыру, ақпараттық жүйелерді интеграциялауға қатысты үлкен жұмыстар атқардық. Бұл жерде тек салық базаларындағы деректер ғана емес, басқа мемлекеттік органдардың дерек қорларындағы ақпаратты да тексеріп, сәйкестендіру керек болды. Мысалы көлік бойынша Ішкі істер министрлігінің, жылжымайтын мүлік бойынша Әділет министрлігінің жүйелерін айтсақ болады. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде, осы жүйелерде жасалған өзгерістер енді автоматты түрде салық жүйелеріне келуі тиіс. Келесі айдың басында біз жаңартылған деректерді жүктеп, салықты солардың негізінде есептейтін боламыз.

- Қаржы саласындағы жаңа жобалар көлеңкелі экономикамен күреске қаншалықты ықпал ете алады?

- Иә, көлеңкелі экономика еліміз үшін күрделі мәселелердің бірі. Кейбір кәсіпкерлер мен бөлшек сауда өкілдері өздерінің нақты сауда айналымдарын көрсетпейді де, табыс салығын тиісті мөлшерде төлемейді. Мысалы, кейбір дүкендер мен қызмет көрсету орындарында фискалды чек бермейтіндігін байқаған боларсыз? Неге десеңіз, ол кәсіпорындар өз табыстарын салықты азырақ төлеу үшін көрсеткілері келмейді. Олар салықты аз төлесе, бюджет кірісі де төмендейді. Соның салдарынан мемлекет әлеуметтік жобаларға аз қаржы бөледі, соңында халық өзіне тиісті игіліктерге қол жеткізе алмайды. Ал, мысалы, Сингапурда болғанымда байқағаным, олардың салықпен айналысатын агенттік ғимаратында «Біздің салық – біздің ұлт» деп жазылған. Осыған қарап, олардағы халықтың әл-ауқаты салықты дұрыс төлеуге байланысты екендігін аңғаруға болады. Сондықтан біз көлеңкелі экономикамен күресуіміз керек. Кейбір деректер бойынша, біздің елде бұл көрсеткіш 30 пайызға дейін жетіп отыр. Бұл бағытта да кешенді жұмыстар атқарудамыз. Соның ішінде деректерді онлайн режимде тіркеп, тиісті органдарға жіберу функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды қолдануға болады. Осы жылдың соңына дейін кассалық аппараттарға толықтай көшу жоспарланып отыр. Біз тіркеу процедураларын жеңілдету бойынша кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз.

Кәсіпкерлер кассалық бақылау аппаратын сатып алуға жұмсаған қаражатын салық төлеу есебіне қойса болады. Яғни, салық базасынан оның сомасы алынып отырады. Бұл кәсіп иелерін ынталандыру мақсатында қолға алынды. Мұны салық заңында қарастырдық. Ал азаматтарды ынталандыру үшін салық бонустары енгізілді. Яғни, әр жасаған саудаңызға байланысты бонустар бөлінеді, оны салық төлеуге жұмсай аласыз. Бонустар электронды әмиянда жинақталады.

Руслан Еңсебаев:IT-мамандарымыз жаңа цифрлық экономиканы дамытады

- Ал, бюджетті жоспарлау мәселесі қалай шешіліп жатыр?

- Бізде бюджетті жоспарлау үлкен мәселе болатын. Қазір мұндағы процестерді автоматтандырдық. Бүгінгі таңда барлық мемлекеттік органдар бюджетті жоспарлау жүйесіне қосылды. Енді өтініштер электронды түрде және қағаз арқылы қабылданады. Мысалы, бұрын бюджетті жоспарлау кезінде әр тауар немесе қызмет бойынша нарықтан бірнеше баға ұсынысын көрсету керек болатын (қағаз түрінде). Енді электрондық сатып алу порталымен интеграция жасау арқылы сол жердегі өтіп кеткен сатып алу рәсімдерінде көрсетілген тауарлар мен қызметтердің нақты бағалары негізінде бюджетті жоспарлап жатырмыз. Бұл арқылы бәрі үнемді әрі ашық болады.

- Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жемқорлықпен күрестің жетінші міндеті ретінде мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруді атап өтті. Бұл саланы цифрландыру бойынша 300 млрд теңгеден астам қаржы үнемделген екен. Қазіргі таңда аталған жүйені жетілдіру мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Бұл салада жақсы көрсеткіштер бар. Өзіңіз атап өткендей, 300 млрд теңге үнемделді. Бұл мемлекеттік тапсырыс электронды түрде болғандықтан мүмкін болды. Дегенмен, ағымдағы жүйенің өз минустары қалды. Кей компаниялар аз ғана сомамен мемлекеттік тапсырысты ұтып алады да, артынша оның ақшасының жоқтығы анықталып жатады. Сөйтіп, сапасыз тауар ұсынып, тапсырыс берушімен соттасады. Осы мақсатта жеткізушінің сенімділік индексі жүйесі жасалуда. Ол жеткізушінің профилі туралы барлық ақпараттарды жинайды. Нәтижесінде, сенімсіз компаниялардың мемлекеттік салып алуға қатысу деректерін азайтатын боламыз.

Мемлекеттік сатып алу жүйесін одан сайын жеңілдету үшін көптеген интеграциялар жасалып жатыр. Бүгінде ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша, бірыңғай алаң құрайын деп жатырмыз. Яғни, жеткізушілер мен тауар номенклатурасы үшін бірыңғай база жасалады. Бұл бізге тиімділік пен үнемділік әкеледі.

Сондай-ақ, жеткізушілердің алдын ала квалификациясын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл тұрғыда тапсырмаға нақты сәйкес келетін компания таңдалады. Яғни, онда тәжірибе, сенімділік индексі және т.б. көрсеткіштері болады. Бұл процесті ашық әрі жеңіл етеді. Соңында жақсы нәтижеге жеткізетініне сенеміз.

- Кеден ісін цифрландырудағы оң өзгерістерді атап өтсеңіз...

- Өткен жылы кеден саласында да біраз жұмыстар жасалды. Мәселен, кедендік рәсімдеудің электронды жүйесін іске қостық. Бұл – үлкен серпіліс. Оны әлемдік эксперттер жоғары бағалады. Бұрын рәсімдеуге бірнеше күн уақыт кететін. Одан кейін бұл процеске адам қатысқаннан кейін коррупциялық фактілер де кездесті. Енді мұның барлығы автоматты түрде орындалады. Декларациялардың 70 пайызы жасыл коридор арқылы, автоматты түрде шығады. Бұдан былай, сатушыға немесе сатып алушыға кеден орталығына барудың қажеті жоқ, олар бәрін қашықтықтан істей алады. Өткен жылы сыртқы коммерциялық қызметтер арқылы 77 млрд теңге үнемделді.

- Өте жақсы көрсеткіш.

- Иә, бизнеске қатысты адамдар үшін жасыл коридор арқылы 70 пайыз орындалуы өте тиімді болды. Бірақ бұл заң бұзушық жоқ дегенді білдірмейді. Өкінішке орай, бізде бизнес мәдениеті аса жоғары емес. Кейбірі өзінің табыстарын жасырғысы келеді, кейбірі декларацияны дұрыс орындамайды.

- Тағы қандай жоспарлар жүзеге аспақ?

- Салық төлеушілерге алдағы төлемдері бойынша хабарлама алғаш рет SMS арқылы таралатын болады. Бұрын бұл хабарламаларды қағазға шығарып, салық төлеушінің тіркеу орны бойынша жеткізілетін. Салық төлеушілердің кейбіреуі тіркеу мекенжайы бойынша тұрмайтындығына байланысты хабарламалардың бір бөлігі иелеріне жетпей қалатын. Соның салдарынан көп адамдар өздерінің қарыздары бар екендігінен хабарсыз болды. Аталған жұмыстар осы келеңсіздіктерді реттеуге бағытталған.

Бұл ретте, тағы бір атап кететін жоба – Салық төлеушінің электронды әмияны. Ол осы жылдың соңына дейін іске қосылады. Енді салық деректерін реттеп қана қоймай, салық төлеу процесін ыңғайлы етуді қарастырып жатырмыз. Ол үшін екінші деңгейлі банктер және электрондық үкімет порталымен интеграцияланған ыңғайлы интерфейсі бар қосымша жасалуда. Салық төлеуші тек ЖСН номерін көрсетеді. Ал барлық қажетті ақпараттар (салық органының реквизиттері, салық түрлері, мөлшері, бюджеттік жіктеме коды, т.б.) автоматты түрде толтырылады.

- Еліміз жалпы «Doing Business» рейтингінде, соның ішінде «Халықаралық сауда» индикаторы бойынша жыл санап жоғарылап келеді. Оған елдегі цифрландыру жұмыстарының ықпалы қандай?

- «Doing Business» рейтингінде 21 саты жоғарыладық. Оған себеп – кедендік рәсімдеудің электронды жүйесінің іске қосылуы. Шынын айтқанда, инвесторлар осындай индекстерге қарайды. Мұндай рейтингтер инвестициялық тартымдылықты арттыруға ықпал етеді. Бастысы, бұл индекске қарап, басқа елдер не жасап жатқанын көру керек. Соның ішіндегі үздік тәжірибелерді алып, өз елімізде жүзеге асыру қажет. Бұл өте маңызды.

- Сіздің өмір жолыңызға қарап отырсақ, IT-саласында көп жылдан бері қызмет етіп келеді екенсіз. Жалпы, бұл салаға қалай келдіңіз? Қандай да бір адамдардың немесе белгілі бір оқиғалардың әсері болды ма?

Руслан Еңсебаев: IT -мамандарымыз жаңа цифрлық экономиканы дамытады

- Мен ауылда өмірге келдім. Ауыл мектебін бітірдім. Ата-әжемнің қолында өсіп, тәрбиесін алдым. Тәртіп пен жауапкершілікті бойымызға сіңіріп өстік. Ол кезде IT-маманы болам деп мүлдем ойламадым. Еуразия ұлттық университетінде әпкем қызмет етеді. Сол кісі менің осы салаға келуіме ықпал етті. 1998 жыл еді. Әпкеммен бірге 1 ай бойы оқуға дайындалдық. Сөйтіп, студент атандым. Бірге оқыған курстастарым да әсер етті. Одан кейін басшылармен жолым болды. Ол кезде «Қаржылық жүйелерді ақпараттандыру орталығы» болатын. Басшысы Нұрлан Құрманғалиұлы, орынбасары Сәкен Сейтжаппарұлы болды. Біраз уақыт бірге жұмыс жасадық. Кейін электрондық үкімет жобасы бойынша да бірге қызметтер атқардық. Күн-түн демей дамылсыз еңбек еттік. Сол кездері Асқар Қуанышұлы жексенбі күні түнде келіп, жұмыстарды қарап, бізге шабыт беретін. Содан бері бірге жұмыс істеп келеміз.

- Есіңізде қалған ең үлкен қуаныш және өкініш?

- Мен өз өміріме, тағдырыма ризамын. 2012 жылы электрондық үкімет және «Е-лицензиялау» порталдарымен жұмыс жасаған кезде БҰҰ Бас Ассамблеясынан «Үздік бизнес шешім» жүлдесін алдық. Бұл – үлкен құрмет. Ал оны адамдар қолданып, игілігін көріп жатса, ол маған шабыт береді.

Өмір бойы адам баланста болуы қажет. Мен ұлымның қалай өскенін байқамай қалдым. Қазір ол 14 жаста. Кезінде мен оған аз уақыт бөлгенімді түсінемін. Оның таеквандоға барып, жарты жолдан тастап кеткені есімде. Ал ұлыммен бірге барған бала қазір әлем чемпионы. Міне, осы уақытты жіберіп алдық. Осы үшін шынында өкінемін...

- Адамдардың қандай қасиетін бағалайсыз? Кадр таңдағанда сол қасиеттерге мән бересіз бе?

- Адам бойындағы мейірімділікті, жауапкершілікті, ерік-жігердің болуын жоғары бағалаймын. Кадрларды жұмысқа алған кезде де осы қасиеттерге мән беремін. Қызметтегі кәсібилік ерік-жігерге байланысты. Айта кету керек, басшы үшін негізгі фактор – өзімен бірге жұмыс жасайтын адамдар. Жалғыз өзің ешнәрсені тындыра алмайсың. Бастысы, жаныңдағы адамдарың ниеттес болуы аса маңызды.

- Отандық IT-саласын дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Мемлекет бизнес иелеріне жаһандық нарыққа шығуы үшін мүмкіндік жасау қажет. Ол үшін алдымен біздің компаниялар өзіміздің нарықта өсіп, жетілуі керек. Отандық компанияларға қолдау көрсету үшін мемлекеттік органдар болсын, қазақстандық кәсіпорындар болсын, өз қажеттіліктері үшін шетелдік компаниялар ұсынған шешімдерді емес, біздің компаниялардың ұсыныстарын қолданса, саланың дамуына үлкен үлес болар еді. Содан кейін экспортқа шығару мүмкіндігіміз артады. Мысалы, қазір мемлекеттік қызметтерді электронды түрге көшіру тәжірибемізді көптеген елдер өз жұмыстарында қолдануға ниет білдіріп отыр.

- Жалпы еліміздегі цифрландыру процесінің болашағын қалай елестетесіз?

- Еліміздің цифрландырудағы болашағы үлкен деп ойлаймын. Оң өзгерістерді көремін. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Елбасы, Президент, Премьер-министр цифрландыру жұмыстарын еліміздегі басым бағыттардың бірі ретінде қойып келеді. 2000 жылдардан бері мемлекеттік органдар тек қана цифрландырудың көмегімен тиімділікті арттыруға болатынын түсінді. Ал соңғы жылдарда қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы дамудың стратегиялық бағытын одан сайын айқындай түсті.

Екіншіден, жақында елордада IT-Университет ашылады. Бұл өте маңызды, өйткені бізге көптеген IT-мамандарды дайындау қажет. Олар жаңа цифрлық экономиканы жүргізетін болады. Себебі, қазіргі экономика деректерге негізделген. Деректерді қаншалықты көп алсақ, соншалықты пайдалы болады. Осылайша, үкіметтік және өндірістік шешімдерді дұрыс, сапалы қабылдайтын боламыз. Осы ретте, Макензидің «жасанды интеллект пен үлкен деректерді (big data) 5 жыл бойы инвестициялайтын компаниялар алдағы 5 жылда өз бәсекелестерін 10 есе артта қалдырады» деген сөзін мысалға келтіргім келеді. Сондықтан біздің компаниялар цифрлану процесінің соңғы жетістіктерін игеріп, ел игілігі жолында тиімді пайдалануы қажет.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Назерке Еркінқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1801767-ruslan-esebaevit-mamandarymyz-zaa-cifrlyk-ekonomikany-damytady/

pixel