RU
6 ай комада жатып, ақ қан ауруын жеңген оралдық ару жайлы не білеміз?
Жаңалықтар Қоғам

6 ай комада жатып, ақ қан ауруын жеңген оралдық ару жайлы не білеміз?

Рассказать Вконтакте

Қатерлі аурулар қатарында бір ғана жолмен емделетін дерт – лейкемия. Қазақтар "ақ қан" деп атап кеткен ауруды жілік майын ауыстыру арқылы емдейді. Дүниежүзілік тәжірбиеге сүйенсек, емнің бұл түріне нақты кепілдік жоқ. 100 адамның тек 50-і ғана сауығып кете алады. Осы орайда "ақ қан" ауруынан 6 ай комада жатып, құлан таза айыққан оралдық Арина Максотова бұл дертті қалай жеңгенін айтып берді деп жазады el.kz.

Фото: Аринаның жеке парақшасы

Фото: Аринаның жеке парақшасы

Арина 12 жасында "Ақ қан" ауруынан шалдыққанын білген. Жеті жылын ауруханада өткізген аруға осы аралықта үш химиотерапия, алты рет ота жасалған.

Бұл дерт жайлы мүлде білмеген бойжеткен алғашқыда суық тиіп, асқынып кетті деп ойлаған.

"Ойын баласы болғандықтан болар, бастапқыда дәрі ішіп, ем қабылдап жазылып кетемін деген ой болды. Бірақ олай болмай шықты", - деді ол.

Аринаның диагнозыз біле сала анасы Оралдан Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына алып келген. Себебі сол уақытта аймақта бұл ауруды емдейтін орталық болмапты.

"Бұл 2004 жылдың 13-і сәуірі болатын. Содан дәрігерлер маған ертесіне химиотерапия жасады. Артынша жансақтау бөлімінен бір-ақ шықтым", - деді Арина.

Қазақстандық арудың сөзінше, ол сәтте дерттің үшінші кезеңінде, яғни соңғыдан бір саты төмен стадияда болған.

"Білсеңіз ғой, бұл қаншалықты ауыр болды. Әр химияны алу, емнің ауыр түріне төтеп беру қиынның қиыны. Түнде ұйықтар алдында "таңда тірі тұра алам ба екен" деген үреймен өмір сүруді ешкімнің басына бермесін", - дейді ол.

Арина бұл сырқаттың соңы не болатынын білгенде жүрегі қарс айырылғандай болғанын жеткізді.

"Бірақ мен өлгім келмеді, өмір сүргім келді. Сенесіз бе, күндіз-түні тек Құдайдан жазылуымды емес, анамды жылатып тастап кетпеуімді сұрадым. Себебі, менің жазылатыныма, бүгінгідей жетістікке жететініме анам ғана сенді", - деді ол.

Оралдық ару өзіне жілік майын ауыстыру отасы жасалмағанын алға тартты. Ол ұзақ емделген, бастапқы кезеңнің өзінде Аринаға үш химиотерапия жасалған.

"Мен 6 ай комаға түсіп кетіп, оянған кезімде өзімді-өзім танымай қалған сәттерім болған. Шашым түсіп, барынша азып кеткен екенмін. Денем боп-боз болып, сөйлеуге шамам жетпейтін. Дәрігерлер сол уақытта менің есімді жиюымды ғана күткен. Себебі, анама "Қызыңның санаулы күндері қалды. Есін жия сала Оралға жеткізіп ал" деп талай ұсыныс айтылған. Өздеріңіз білесіздер, табытты бір қаладан екінші қалаға жеткізу оңай шаруа емес", - деді Арина.

Бойжеткеннің анасы берілмей қызының дертімен соңына дейін күрескен.

"Не болса да, соңғы демі шыққанша осында ем алсын, мүмкін емделеді" деген үмітін жоғалтпай мені ауруханаға қалдырады. Бұдан соң мен екінші рет тағы да комаға түстім, ал үшінші рет дәл осы жағдай қайталанғанда менен дәрігерлер үзілді-кесілді бас тартты. Себебі, бүкіл ағза жұмыс істеуін тоқтатқан екен. Тек жүрегім ғана жұмыс істеп тұрыпты", - деп есіне алды оралдық ару.

Арина өзін емдеген Дайыр Жубанұлы деген дәргер барлық жауапкершілікті мойнына алып, аурухана басшылығына "қыз қайтыс болса, мәйітті жеткізуге көмектесемін" деп емді қайтадан жалғастырғанын айтады.

"Сол кісінің де осы күнге жетуіме ықпалы зор болды деп санаймын", - дейді ол.

Арина "ақ қан" ауруымен жеті жыл күрескен. Ол жылаумен өткізген түндерінің көп болғанын, тіпті бәріне қолын бір сілтегісі келген кезін де еске алды.

"Күлкі дегенді ұмытып, бәріне қолды бір сілтеп кеткім келді. Түнде ұйықтауға қорқатынмын. Себебі, ертеңгі күн атпайтындай, көзімді жұмсам енді ешқашан ашпайтындай сезілетін... Мен анамды қимадым. Ол кісінің соншама жасаған еңбегі, өшпеген үміті үшін күресуім керек болды", - дейді ол.

Бойжеткен өзіне қан беріп көмектескен жандарға алғысын жеткізіп, олардың арасында танымал әнші Мұқасан да болғанын айтты.

Бүгінде дертін жеңген Арина қазіргі уақытта дәрі қабылдамайтынын, салауатты өмір салтымен айналысатынын, Оралда заңгер болып қызмет атқаратынын тілге тиек етті.

"Денсаулықтың қадірін ауырғанда ғана білетініміз дұрыс емес. Негізі, бұл дертке шалдыққандар да, сау адамдар да салқынқанды болуға, кез келген уақытта сабырлылық танытуға үйренуі керек", - деді ол.

Сонымен қатар Араина өзі сияқты дертке шалдыққандарға кеңесін беріп, еңсесін түсірмеуге шақырды.

"Науқастарға тірі болуды емес, өмір сүруді үйрену керек. Жаныңыз қалаған іспен айналысыңыз, өзіңізді өзіңіз шектемеңіз. Көңіл күйіңізді түсірмей, алға ұмтылған жөн. Бірақ жаныңыз қалаған іспен айналысу ойыңа келгенді істеу деген сөз емес. Айта беретін, зиянды әдеттерден үзілді-кесілді бас тарту керек. Дәрігерлердің нұсқауымен, барлық ем-домды, дәрі-дәрмектерді ішу керек. Мысалы, мен тәулігіне 30 дәрі ішетінмін. Шынтуайтында, мен сәттілік пен сенімнің арқасында аман қалдым", - дейді бойжектен.

Сөз соңында Арина аурудан айыққаннан кейін өмірден не түйгенін де айта кетті.

"Әлемде лейкемиядан да ауыр дертке шалдыққандар бар. Соның өзі-ақ күресу үшін негіз бола алады. Ол былай тұрсын, көшеге шығыңыз, айналаңызда мүгедек адамдар сондай көп пе, бақылаңыз. Көп. Ал олардың қаншамасы үйінен шыға алмай, еркімен жүріп-тұра алмайтынын ескеріңіз. Бірақ олар бақытты. Қаншама соқыр, мылқау адам бар. Әсем табиғатты көзімен көре алмайды, ести алмайды. Олар сонда да бақытты. Қазір бұл сырқат жай ғана өмірдің сынағы, бәлкім үлкен өмірге дайындық болған шығар деп ойлаймын", - дейді ару.

Сіздің реакцияңыз
0
0
1
3
2
23
3
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel