RU

Қайрат Досаев Тараздың болашақ келбетімен таныстырды

Қаламыздың бас жоспарын әзірлеуде Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауындағы «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларына кеңінен тоқталуы негіз болды. Осы бағыттағы жұмыстар қолға алынып, бірнеше жыл бойы жұмыстар атқарылып жатыр.

Тараздың болашақтағы келбеті

Қаланың бас жоспарына сай шаһарымыз күн санап түрленіп, сәулеттік келбеті жаңа түрге еніп келеді.

Облыс әкімдігі алдындағы сквер, «Достық» орталық алаңы, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы және қаланың магистралды көшелері бойындағы жасыл желектер ұлттық нақышта отырғызылып, автоматтандырылған суғару құралдары орнатылды. «Мамыр», «Түрксиб», Тұңғыш президент пен Т.Рысқұловатындағы саябақтарды қайта жаңғырту, «Тараз Арена» спорт кешені қасынан «Даңқты спортшылар» аллеясын, Теміржол вокзалы жанындағы скверді және «Қарасу» алқабындағы «Жас түлектер» аллеясын абаттандыру жоспарлануда.

Биыл неке қию мен оқушылар сарайын, конгресс-хол, шығармашылық орталығын, жеңіл атлетика манежі, гимнастикалық спорт кешені, «Шахристан» этно-тарихи кешенін салу жоспарлануда.

Қаладағы сыртқы жарнама мен заңсыз сауданы реттеуге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл шағын кәсіпкерліктің дамытып, салық түсімдерін ұлғаюына оң ықпал етеді. Осы орайда қалада заңсыз орналасқан және құжаттарының мерзімдері өтіп кеткен 140-тан аса нысан анықталып, олардың 109-ы алынып тасталды. Бұл сауда нүктелерінің орнына бірыңғай сәулеттік стильде типтік коммерциялық дүңгіршектер орнатылады. Оны конкурс негізінде «Тараз» ӘКК ҰК АҚ-ы жүзеге асырады. Қазір 5 аукцион өткізіліп, 26 жертелімі жеке тұлғаларға берілсе, 23 құжат дайындалуда.

«Атшабар» аллеясы — «Жастар» аллеясы болып өзгертіліп, онда «Білім», «Қарахан –Айшабибі» стеллалары, заманауи су бұрқақтар орнатылды. Ал Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Даңқ залы» пайдалануға берілді.

Негізгі көшелер мен аллеяларда абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Ал «Көне-Тараз» кешенінде биіктігі 35 метрді құрайтын «Сағат» стелласы орнатылмақ. «Шахристан» тарихи кешенінде өлкетану мұражайын, «Ретро-фестиваль» амфитеатрын, көрме павильонын, көркем сурет галереясын, қол-өнер шеберханалар орталығын, «Руханият» орталығын ашу жоспарлануда. Осы құрылыстарға жергілікті бюджеттен 3 миллиард 76,4 миллион теңге бөлінбек.

Қалада жалпы аумағы 56,6 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Тұрғын үй кезегінде – 17473 азамат тұр.

Сүлейменов көшесіндегі тұрғын алқапта 80 пәтерден тұратын 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл пәтерлер бірінші кезекте – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жалдамалы пәтер ретінде таратылатын болады. Нысандарды салуға республикалық бюджеттен 2 миллиард 239,6 миллион теңге бөлінген. Аталған тұрғын үйлерді жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген.

15-ші шағын ауданда 80 пәтерлі 5 әлеуметтік, 9 несиеге берілетін көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл алқапта жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығару жолымен 60 пәтерден тұратын 11 несиелік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жоспар бойынша бұл тұрғын үйлердің құрылысы 2019-2020 жылдары аяқталады.

Қаланың көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына 1 миллиард 384,2 миллион теңге бөлінген.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Қант зауыты», «Аса» мөлтек ауданында кіші футбол алаңшасының құрылыстары жүргізілмек.

Жыл соңына дейін осындай үш заманауи әмбебап спорт алаңшасы демеушілер есебінен ашылады деп жоспарлануда. Басты мақсатымыз – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту. Осы жолда еңбек ете жүріп, халықтың сенімін ақтағаннан артық абырой жоқ.

Қайрат Досаев, Тараз қаласының әкімі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1802860-kajrat-dosaev-tarazdy-bolasak-kelbetimen-tanystyrdy.html