RU
Жанар Айжанова киіт үшін қырқысатын құдағиларды қатаң сынға алды
Жаңалықтар Мәдениет және шоу-бизнес

Жанар Айжанова киіт үшін қырқысатын құдағиларды қатаң сынға алды

Рассказать Вконтакте

Жанар Айжанова Instagram парақшасындағы кезекті жазбасын тағы да құдағилар тақырыбына арнады. Әнші бұл жолы киіт үшін жастардың арасына от салатын әйел адамдар туралы айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Өнер иесі келін мен күйеу жігіт арқылы ортадағы дауды шешуге тырысып, оны одан әрі өршітіп алатын аналарға өз кеңесін берді.

"Кейбір асабалар тойда құдағайларға "Осы екеуің тату болсаңдар болды. Жастар ешқайда кетпейді. Шықса бәленің бәрі сендерден шығады" деп қағытып жатады. Негізі сөзінің жаны бар. Бәріміз де білеміз, құда-жекжаттың арасында жүретін "дежурный пакет" бар. Ұрыстың басы сол пакеттегі коробка шоколад пен екі метр мата.
Көңілі толмай қалған қыздың шешесі өзі айта алмағанын "енеңе осылай деп айт" деп қызына айтқызады. Қыз шешесінің тапсырмасын бұлжытпай орындап, енесін жұлып алады. "Анам "бергені аз, мен одан көп әкелгем. Ертең ағайын-туыстарыма не деп айтам. Қасымда еріп келген жеңгелеріме кәмпит емес, сақина салмай ма" деп жатыр" дейді. Содан көк атқа мініп, енесі шығады. Ақыры ушығып кеше ғана төс қағысқан құдалар да "қойсайшы" деген сөзден ары ештеңе айта алмай, кете барады", - дейді әнші.

Жанар Айжанова кеткен қызды мұндай жағдайда екі ортаға салмай, керісінше оған барған жерінде "тастай батып, судай сіңуді" үйрету керектігін жеткізді.

"Бұл ойдан шығарып отырған әңгіме емес. Өмірде бәріміз куә болып жүрген нәрселер. Айтайын дегенім, қыз кетерде "барған жеріңе тастай батып, судай сің" деп ұрандатамыз. Артынан "былай де, олай деп айт" деп, қызды ұрысуға үйретеміз. Ұлдың шешесі де қалыспайды . "Сенің қатының.....-нан" бастайды. Әркім өз баласын азғырады.
Тым жақсы "жаным, жаным" деп отырған екі баланың ортасына шайтан кіреді. Әркім өз әке-шешесін жақтап, қызыл кеңірдек болады. Үлкендер ақылға келудің орнына қоламтасын қағып, қайта жаңғыртып, ұрысты жалғастыруын қоймайды. Сөйтіп жүргенде ағайындардың арасынан құдайына қараған бір адам шығып, екі жаққа басу айтып көп сериялы ұрыстың нүктесін қояды", - деді өнер иесі.

Сондай-ақ Жанар Айжанова көпшілікті тәубе етуді ұмытпауға шақырды.

"Ендеше Алланың бізге нығмет қылып берген ұл-қыздарымыздың барына "тәубе" дейік. Татулықтың туын жықпай тік ұстайық. Құдалықтарыңыз мың жылдық болсын", - деп әнші жазбасын аяқтады.

Айта кетейік, Жанар Айжанова әлеуметтік желідегі парақшасында үнемі отбасылық мәселелер жайлы жазба жариялап отырады.

Әнші осыдан біраз уақыт бұрын жаңадан отау құрған екі жастың ажырасуына енелердің себепкер екенін айтқан болатын.

Сіздің реакцияңыз
0
3
0
0
3
12
3
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel