RU

Елордада туған ұлы тастап кеткен аруды енесі үйіне қайтарып алған

Елордадағы Аналар үйіне жылына шамамен 20-30 бойжеткен келеді екен. Орталық үйлестірушісі Айжан Диханованың айтуынша, көп жағдайда жүкті болып қалған бойжеткендердің ата-аналары, перзенттерінің әкелері де келмейді көрінеді. Десе де былтырғы жылы жігітіне алданып қалған аруға енесі келіп, оны үйіне қайтарып алған оқиға болған деп жазады KAZ.NUR.KZ .

Көрнекі фото: detstrana.ru
Көрнекі фото: detstrana.ru: Instagram

Астанадағы Аналар үйінің үйлестірушісі Айжан Диханованың айтуынша, мұндай қуантарлық жағдай былтырғы жылы күзде орын алған.

"Былтырғы жылы бір оқиға тіркелді, осындағы бір бойжеткен сәбиінің әкесімен азаматтық некеде болған. Тіпті жігітінің ата-анасымен 3-4 айға жуық бірге тұрған. Солардың үйінің жанында ағасының да үйі болыпты, жігіт сол үйге болашақ жары мен баласын тастап кетіп қалған.

Үйіне "келіншек үйінен кетпейінше, қайта оралмаймын" деген. Сөйтіп бойжеткен тұрып жатқан жерінен кетуге мәжбүр болған.

Өкініштісі аяғы ауырлап қалған қызын туған шешесі де қабылдамай қойған", - дейді Аналар үйінің үйлестірушісі.

Амалы таусылған ару Аналар үйіне келіп, тұрақтаған.

"Бізге келгеннен кейін екі айдан соң босанды. Сол кезде енесі келіп, жылап-сықтап, келіндерін алып кетті. Басында қыз өкпелі болып, барғысы келмеді. Сосын әлгі енесі мені көндірт деп өтінді.
Біз біреудің өміріне араласа алмаймыз ғой? Енесі өте жақсы адам, "ел-жұрттан ұят болды, немерем кіндік қаным, тастап кете алмаймын" деп аяғы қызды көндіріп алып кетті", - дейді Айжан Диханова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1804408-el-zrttan-at-bolady-elordada-tugan-ly-tastap-ketken-arudy-enesi-jine-kajtaryp-algan.html