RU
Сапарбаев: Үш қабатты коттеджі бар азаматтарда АӘК алып отырған
Жаңалықтар Қоғам

Сапарбаев: Үш қабатты коттеджі бар азаматтарда АӘК алып отырған

Рассказать Вконтакте

Шымкентке жұмыс сапары аясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмек, жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамту және басқа да әлеуметтік-еңбек саласының мәселелері бойынша кеңес өткізді деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Фото: NUR.KZ

Фото: NUR.KZ

Еңбек министрлігі басшысының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатын 291 мың отбасы немесе 1 миллион 450 мың адамға 87 млрд теңге төленді. Бұл ретте АӘК алушылардың 38%-ы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары.

Бердібек Сапарбаев АӘК-тің негізгі мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету, соның ішінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларын көрсету арқылы жәрдемдесу екеніне ерекше назар аударды.

Осыған байланысты ол жергілікті жерлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

Министрдің мәліметінше, республика бойынша еңбекке қабілетті 85 мың АӘК алушының тек 32,5 мыңы немесе 38 пайызы ғана әлеуметтік келісім-шарттар жасасқан. Түркістан облысында бұл көрсеткіш 29 пайызды, Шымкент қаласында-9 пайызды құрайды.

"Кейбір жұмысқа қабілетті азаматтар АӘК-ті алғысы келеді, бірақ жұмыс істеуден бас тартады. Еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылармен міндетті түрде олар жұмысқа орналаса алатын, жаңа мамандықтар мен бизнес жүргізу негіздерін оқитын, гранттар мен жеңілдетілген микрокредит алатын әлеуметтік келісім-шарттар жасау керек. Масылдыққа жағдай жасауға болмайды, сондықтан тиісті өзгерістер ережеге енгізілетін болады", - деді Сапарбаев.

Сондай-ақ, ведомство басшысы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу кезінде бұзушылықтарға жол берілмеуін талап етті.

"Біздің мамандарымыз "E-Халық IP"-де тіркелмеген төлемдер, артық төлемдер, екі еселенген төлемдер, учаскелік комиссияның тексеруінсіз АӘК тағайындау сияқты бірқатар бұзушылықтарды анықтады.
Мысалы, меншігінде үш қабатты коттедж бен автокөлігі бар азаматтарға АӘК төленіп кеткен жағдайлар да орын алған. Бұл бюджет қаражатын заңсыз пайдалану болып табылады және оған жауапкершілік көзделген. Әкімдіктерге жергілікті жерлерде бақылауды күшейту керек", - деп атап өтті еңбек министрі.

Осыған байланысты министрлік тарапынан әкімдіктермен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп анықталған бұзушылықтарды жоюға, заңсыз төленген қаражатты бюджетке қайтаруға, сондай-ақ болашақта мұндай бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр.

Сонымен қатар, кеңесте жаңа жұмыс орындарын ашу, жалақы бойынша берешектерді төлеу, жұмыссыз және аз қамтылған азаматтарды "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына тарту мәселелері қаралды.

Сіздің реакцияңыз
5
1
1
0
2
3
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel