RU

"Өміріме өзгерістер әкелді": Кенжебек Жанәбілов жалғыз ұлы жайлы сыр шертті

"Музарт" тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов ұлы Ахметбек жайлы айтып, жан сырын ақтарды. Әнші "Ережесіз әңгіме" бағдарламасында ізбасарын емдету үшін шетел асқан күндерін еске алды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Өнер иесі ұлын сөйлету үшін біраз елдің медицинасына жүгінген.

"Ұлым Ахмет менің жүрегімнен ерекше орын алатын бала. Ол менің шынында да өміріме өзгерістер әкелді. Өйткені ол өмірге алып келгенде кішкене Алланың сынағы болды. Ол туған кезде болды ма, тумай жатып болды ма, ол жағы бір Аллаға мәлім. Туған кезде бізге "естімейді" деді. Бірден ондай сөз естіген кезде алып-ұшып, "Неге бұлай болды? Біздің ұрпағымызда мұндай болмаған" деп, өзімізді-өзіміз имандылықпен тоқтаттық.
Содан Германияға, Қытайға бардым. "Осы бала мама-папа десе, той жасаймын" дедім. Сол бала өмірімізге көп өзгеріс алып келіп, иман жағына бет бұрдық", - дейді әнші.

Бағдарлама барысында Кенжебек Жанәбілов ұлы Ахметбекке қажетті отаны ертерек жасатпағынына өкініш білдірді.

"Туа салып, ота жасатып, сөйлеп жүрген балаларды көргенде өкініп қалдым. "Неге мен кішкентай кезінде ота жасатып жібермедім" деп өкіндім. Мен білген жоқпын. Бізге жол сілтеп, жақсы кеңес айтатын адам болмады. Біз алып-ұшып Германияға, Қытайға кетіп қалдық.
Біз 6,5 жасында ота жасаттық. Қазір балам Құдайға шүкір бәрін айтады. Ақылы мектепке барады. Біз қазақтар "Бала естіді, болды сөйлеп кетеді" деп ойлаймыз ғой. Ал миға алты жасқа дейін дыбыс бармағандықтан, ми ұйықтап қалған. Миды дамыту үшін жұмыс жасау керек", - дейді өнер иесі.

Сондай-ақ әнші құлағы естімейтін балаларға ота жасайтын "Ел назы" даму орталығын ашқанын мәлім етті.

"Мен бұл баланы сөйлету үшін күніне қанша қаражат беріп жатқанымды айтпай-ақ қояйын. Мектепке ілігіп кетуі үшін қанша жұмсағанымды айтпай-ақ қояйын. Бірақ сол ақшаны бере алмайтын ата-аналар да бар. Соларды көрген кезде, менде "Неге соларға тегін оқу орнын ашпасқа" деген ойға келдім.
Балам үшін де, осы орталыққа келген балалар үшін де дұға жасаймын. Олардың да сөйлеп кетіп, ата-анасын қуантса деймін", - дейді Кенжебек Жанәбілов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1804643-kenzebek-zanbilov-dertpen-tugan-zalgyz-ly-zajly-ajtyp-syr-sertti.html