RU
Алматыда тұрғындар марқұмдарды жерлейтін орынның сатылып жатқанын айтып, шу шығарды
Жаңалықтар Қоғам

Алматыда тұрғындар марқұмдарды жерлейтін орынның сатылып жатқанын айтып, шу шығарды

Рассказать Вконтакте

Алматыда еңбек ардагерлері қайтыс болған жақындарын жерлейтін орынның сатылып жатқанына наразы. Осыған дейін оймақтай жер тегін беріліп келгенмен, соңғы төрт жылдан бері ақысын сұрайтындар табылған көрінеді деп хабарлайды КТК арнасы.

Кадр КТК арнасы

Кадр КТК арнасы

Телеарнаның хабарлауынша, Нұр Алатау ықшам ауданы 2014 жылға дейін Қарасай ауданының балансында болған. Жақын маңдағы зиратта осындағы жұртшылықтың ата-бабалары жерленген.

Енді күні қалаға қараған тұрғындарға қайтыс болған туыстарын жерлеудің өзі мұңға айналып отыр екен. Себебі, бәзбіреулер бұл аймақты ақша табудың көзіне айналдырыпты-мыс.

"Боралдайға барып жерлеңдер дейді. Ал жер бар. Жер бөлінген. Басқа қаладан келіп ақша төлейді де жерлей береді. Енді өткенде бір кісіні апарып жерлегенде 90 мың төлеңдер дейді", - деді Алматы қаласының тұрғыны Әмірбек Қайназаров.

Алайда, бейіт басындағы жер қазушылар мұндай жағдайдан бейхабар екендіктерін жеткізді. Ал зират бақылаушысы болса ардагерлер босқа байбаламға салып жатқанын, бұл аумақ ресми түрде жабылғанын айтып әңгімені қысқа қайырды.   

"Бұл жер қалаға кіргеннен кейін орын жоқ деп жабылған. Егер сіздердің орындарыңыз болса, қоя бересіздер. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Ал егер орындарыңыз жоқ болса, бүкіл қала бойынша ашық зиратқа барасыздар. Ол қала бойынша ашылған, жер бөліп берген жер. Сол жаққа барасыздар", - дейді Жарқын Исаев.

Әкімдіктегілер де зираттың шынымен жабылғандығын растады. Сондай-ақ қалада басқа ашық бейіттердің бар екендігін ескертті. Ал ақша беріп жақынын жерлеу бос әңгіме деп кесіп айтты.

"Жергілікті тұрғындарды жерлеу үшін қомақты қаржы талап ету мәселесі бойынша Бостандық ауданының әкімі, прокуратура өкілдерінің қатысуымен бірнеше мәрте жиналыс болған. Аталған фактілер сол кезде дәлелін тапқан жоқ. ҚР жер кодексіне байланысты қайтыс болған адамға ҚР жерлеу тегін болып табылады", - дейді Бостандық аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ұлан Құттымбетов.

Телеарнаның хабарлауынша, дегенмен ардагерлердің бұл уәжге келіскісі жоқ. Қаланың сыртына сабылып, жақынын жерлеуді қаламайды. Бассыздық бар деген ойынан танбағандар енді әділдік іздеп, Бас прокуратураға дейін шағымданамыз деп тарқасқан.

Дереккөз КТК арнасы

Сіздің реакцияңыз
0
0
6
1
0
0
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Пікір
Mailfire view pixel