RU
"Не су, не жарық жоқ": Нұр-Сұлтанда жалғызбасты ана төрт баласымен жертөледе тұрып жатыр

"Не су, не жарық жоқ": Нұр-Сұлтанда жалғызбасты ана 4 баласымен жертөледе тұрып жатыр

Рассказать Вконтакте

Елордада жалғызбасты ана жарты жылдан бері жертөлені паналап жүр. Бір емес, 4 баласымен далада қалған келіншек биліктен баспана беруді сұрайды. Тұрақты табысы да жоқ келіншек балаларының бір жәрдемақысына қарап отыр деп хабарлайды Астана арнасы.

Кадр Астана арнасы

Кадр Астана арнасы

Бибіғайша Исабекова қазір өркениеттен қол үзіп қалғандай күй кешіп жүр. Жалғызбасты ананың жертөлені паналап отырғанына жарты жылдан асқан. Көпбалалы отбасы үшін атаулы әлеуметтік көмектен басқа табыс көзі жоқ. Ал жұмыс істеу үшін төрт сәбиді қараусыз тастап кетуге қорқады.  

"Бір жерде тұрдым. Ол суық болды, 45 мыңға жалдадым. Оған ақша керек, ақшам болған жоқ. Қосымша коммуналық қызмет ақысы болды. Сосын жағдайым болмай, осы жерге көшіп келдік. Алимент төлемейді. Өйткені жұмысы да жоқ", - дейді көпбалалы ана Бибіғайша Исабекова.

Мемлекеттен баспана алу үшін Бибіғайшаның қажетті құжаттарынан қателік кеткен. Нұр-Сұлтанда үш жылдан бері тұратынын растайтын анықтаманы әлі ала алмай жүр. Бұл куәліксіз оған пәтер берілмейді.

Бибіғайша Исабекова. Кадр Астана арнасы

Бибіғайша Исабекова. Кадр Астана арнасы

Жалғызбасты ананың айтуынша, жауапты мекеме мәселені шешуден ат тонын ала қашқан.  

"Мені жібермеген жері жоқ. Үш рет сотқа бардым. Құжатыңыз дұрыс емес, сіз бізге қарамайсыз деп, тағы да басқа жерге жібереді. Ол жақта да менің мәселемді ешкімнің қарағысы жоқ. Осылай жүргеніме жарты жыл болды", - дейді Бибіғайша Исабекова.

"Жастар" тұрғын үй кешеніндегі тұрғындар бұл отбасының жағдайын жақсы біледі. Бірақ азық-түлік апарып бергеннен басқа көмекке қауқарсыз.   

"Жертөледе тұру деген осы заманға жатпайды ғой. 4 баласы бар. Не аяқ киімі жоқ, киімдері тозық. Осы жерде шауып ойнап жүреді. Тіпті көліктің астына түсіп қалуға да...Құдай алды. Аяйды. Балаларға тамақ әкеліп береді. Өзім де кеше ғана ойыншық апарып бердім", - дейді қала тұрғыны Зейнолла Рашидов.
Кадр Астан арнасы

Кадр Астан арнасы

Ал жертөле иесі Саяна Смағұлова келіншектің төрт баласымен тұрғанына қарсы емес екенін, алайда жертөледе ешқандай жағдай жасалмағанын айтады.

"Не су, не жарық жоқ. Ондай жерде адам қалай өмір сүреді?!", - дейді Саяна Смағұлова.
Кадр Астана арнасы

Кадр Астана арнасы

Телеарнаның мәліметінше, Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты жалғызбасты ананың жағдайынан хабардар.  

"Жертөле жеке секторға тиесілі. Бізге 10 күн бұрын хабарласты. Отбасын әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету әкім аппаратының құзіретіне кірмейді. Сондықтан олар Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жүгіне алады", - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Рүстем Әбдірашев.

Телеарнаның хабарлауынша, жертөледе тұратын отбасының жағдайын Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жеткізген алайда, жауаптылар сұраққа бүгін жауап беруден бас тартқан.  

А. Бектас 

Сіздің реакцияңыз
0
2
2
9
0
1
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel