RU
"Дала көк түтін": Босанғанына екі күн болған әйел Арыстағы апаттан қалай қашқанын айтты

"Дала көк түтін": Босанғанына екі күн болған әйел Арыстағы апаттан қалай қашқанын айтты

Рассказать Вконтакте

Босанғанына екі күн болған арыстық келіншек жойқын жарылыс кезінде жаңа туған сәбиін қолына алып, перзентханадан бес шақырым жерге дейін қалай жаяу қашқанын айтып берді деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Фото: KAZ.NUR.KZ

Фото: KAZ.NUR.KZ

30 жастағы Жәмила Таймұрзаева бесінші перзентін 22 маусым күні дүниеге алып келеді. Араға екі күн салып, таңертеңгілік уақытта жарылыстың даусы естіле сала перзентхана дәрігерлері әр палатаға кіріп, ондағы әйелдерге балаларын алып дереу ғимарат сыртына шығу керектігін айтыпты. Қолына сәбилерін құшақтағандар алғашында аса мән бермеген көрінеді. Кейін жарылғыш зат перзентхана ғимараты маңына түседі.

"Көз алдымызда аурухана бір көтеріліп түсті. Барлық келіншек жан-жаққа қаша жөнелдік. Күйеуім әскери қызметкер, оған хабарластым, телефоны сөндірулі. Абысыным мен қайын атаммен байланысып отырып, қолыма сәбиімді алып, бар жылдамдықпен жүгірдім. Ол кезде қайын атам енемді, менің және қайын сіңілімнің балаларын алып көлікпен маған қарай беттепті.
Ол кісілердің маған лезде жете алмауына кептеліс кедергі болған. Адамдардың бір-біріне қарауға шамасы жоқ. Жол-жөнекей кетіп бара жатқан бір көлікті тоқтатып, ала кетуін өтініп едім, басқа жолға кетіп бара жатырмыз деді. Шамамен бес шақырымдай жаяу жүріппін. Қайын атамның көлігіне отырып, жаным тыныш тапқандай болды",-деді Жәмила Таймұрзаева.
Фото: Әлеуметтік желілер

Фото: Әлеуметтік желілер

Әскери қызметкердің әйелі бірінші сәбиінің амандығын, содан соң жарылыс аумағында жүрген жұбайының жағдайына алаңдағанын айтады.

"Жаяу жүгіріп келе жатып, бар ойым қолымдағы сәбиімнің амандығы болды. Себебі төрт ұл-қызымды қайын атам өзімен алған. Одан соң күйеуіме қатты алаңдадым. Біз қаланың мына шетіндеміз, ал ол кісі тура сол жарылыс болып жатқан аумақта жұмыста жүр. Күні бойы күйеуімнің телефоны сөндірулі болды. Бірнәрсе болып қалды ма қатты уайымдадым. Кешке қарай байланысқа шықты, аман екен. Жүрегім өз орнына түскендей болды",-дейді ол.

Арыс қаласынан алдымен Қабылсай деген жерге, кейін Сарыағашқа қарай бағыт алған оларды Жәмиланың өз әкесі көлікпен күтіп алып, Жетісайға алып келген. Келіншек шұғыл түрде сондағы перзентханаға жатқызылады.

Бойы – 54 сантиметр, салмағы – 3 келі 715 грамм болып дүниеге келген қызының да, өзінің де жағдайы босанған соң жақсы болған.  

"Жарылыс күні ертеңіне дейін қызым Әминаның дене қызуы көтерілді. Жарылыс күні ауа райы аптап ыстық болды. Қызымды көрпе және ваннаға арналған сүлгімен орап қаштым ғой. Қызыма жойқын жарылыс дауысы естілмесе деген ой еді мендегі. Даланың бәрі көк түтін еді оның үстіне.
"Жетісайдағы перзентханада төрт күндей жаттым. Әлі де ем қабылдап жатырмын" деген келіншек "Арысқа қайта келуге жүрексіндіңіз бе?" деген сұраққа да жауап берді.
Фото: Ашық дереккөз

Фото: Ашық дереккөз

"Мен Арысқа жарылыстан соң шамамен екі аптадан кейін келдім. Шынымды айтсам, бірден келетіндей жағдайда болмадым. Жаңа босанған адамға жүгіру оңай емес. Бүкіл денем сырқырап, бірнеше күн орнымнан тұра алмай жаттым. Үйді, жолдасымның жағдайын уайымдап отыра алмадым. Жарылысты көрген балаларымда қорқыныш болды.

Әкелері әскери адам болған соң, бәлкім, балаларымның қорқыныштары сейілген де шығар. Өзім де ол күндерді еске алмауға тырысамын. Ажал келсе, қайда жүрсең де өліп кетуің мүмкін, қашып құтыла алмайсың" деген бес баланың анасы Арыста бұған дейін де орын алған жарылыстардың куәсі болғанын айтты.

"Осы секілді жойқын жарылыс осыдан он жыл бұрын болды ғой. Ол кезде жаңадан келін боп түскенмін. Ол кезде биыл орын алған жарылыстағы сияқты снарядтар аспанға ұшқан жоқ еді. Бір рет жарылыстың даусы шықты. Ал биылғысы көп адамның үрейін туғызды. Бастысы, аманбыз. Қойма көшіріледі деп жатыр, алдамайтын шығар. Уәде берген соң орындалуы керек. Мемлекет істеймін дегенін істейді ғой", -деп сөзін түйді келіншек.
Сіздің реакцияңыз
1
0
6
4
0
1
1
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel