RU

Әсемгүл Балташева: Электронды қызметтерді дамытудың қазақстандық жолы қалыптасып келеді

Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі қашан онлайн форматқа өтеді, халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай анықтамаларды қалай алуға болады және ХҚО-дағы кезек саны қашан азаяды? Осы сұрақтардың жауабын nur.kz «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташевадан сұрап-білді.

Әсемгүл Балташева: Электронды қызметтерді дамытудың қазақстандық жолы қалыптасып келеді

- Әсемгүл Серікқызы, сұхбатымызды «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының жалпы атқарып жатқан жұмысынан бастасақ. Мемлекеттік қызмет көрсетудің бүгінгі ахуалы қалай?

- Биыл «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының жұмыс істеп келе жатқанына 3 жыл толды. Осы уақыт аралығында жасалған жұмыс аз емес, ал алдағы жоспарлар одан да көп. Қазір елімізде мемлекеттік корпорацияның 328 фронт-офисы бар. Сондай-ақ біз реестрдегі 742 мемлекеттік қызметтің 635 түрін немесе 85% көрсетеміз. Айта кетейін, БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің 2018 жылғы есебінде Қазақстан 193 елдің ішінде электронды қызметтердің қолжетімділігі бойынша 39-шы орынға тұрақтады. Ал Азия елдері бойынша үздік ондыққа енді.

Жалпы «Азаматтарға арналған үкімет» адамның дүниеге келген күнінен бастап өмір бойы қызмет көрсетеді деп айтсақ артық емес. Себебі тұрмыстағы ең маңызды құжаттар мемлекеттік корпорация қызметіне тікелей байланысты. Оның қатарында туу туралы куәлік, жеке куәлік (төлқұжат), диплом көшірмелері, босану жәрдемақысы, зейнеткерлік төлемдер, жеке кәсіп ашу секілді маңызды қызметтер бар.

- Бүгінгі таңда қандай жаңа үрдістер, бағыттар қолға алынып жатыр?

- Электронды қызмет көрсетудің ең тиімді тұсы – уақыт үнемінде. Қазір адамдар бір қызметті алу үшін тиісті мекемелерге барғысы келмейді. Электронды қызметтердің қолжетімділігін түсінгендердің саны артып отыр, олар өз уақытын тиімді пайдалануды қалайды. Қазір тұтынушылар egov.kz порталының қызметінен бөлек, mgov.kz мобильді қосымшасы мен телеграмдағы EgovKzBot-ты меңгеріп жатыр.

- Телеграмдағы бот жайлы толығырақ тарқатып өтсеңіз. Қазір пайдаланушылар саны қанша?

- Telegram бот – бұл түрлі сервистерді бірден қамтамасыз ететін робот деп айтсақ болады. Ол өте ыңғайлы және ең бастысы жылдам. Мысалы, 2 минут ішінде сіз қажет құжатыңызды рәсімдеп, жеке e-mail-ыңызға жолдай аласыз. Бүгінгі таңда телеграм-бот арқылы ең жиі қолданылатын және азаматтарға арналған 25 түрлі қызмет бар. Атап айтқанда, мекенжай, жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы, псих-нарко, туберкулезге қарсы диспансерлер анықтамалары, сондай-ақ онлайн кезек брондау, дәрігер қабылдауына жазылу және т.б.

Қазір түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізу нәтижесінде EgovKzBot телеграмына жарты милионға жуық пайдаланушы тіркелді. Танымал мессенджердің көмегімен 600 мыңнан астам қызмет алынды.

Әсемгүл Балташева: Электронды қызметтерді дамытудың қазақстандық жолы қалыптасып келеді

- Осы тұста мемлекеттік қызмет көрсету сапасы туралы сұрағым келеді. Азаматтарға арналған үкімет жұмыстарына тұтынушылардың көңілі тола ма?

- Біздегі мемлекеттік қызмет көрсету сапасы үнемі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан бақыланады. Сонымен қатар, тәуелсіз ұйымдар тұрақты түрде қызмет алушыларға көрсетілетін қызмет сапасы, қызмет көрсету мәдениеті бойынша зерттеулер жүргізеді. Соңғы көрсеткіштер бойынша азаматтардың қызмет сапасына қанағаттану деңгейі 85,6%-ды құрады. Одан бөлек, МҚІА «құпия тұтынушы» әдісін қолданып, жасырын түрде мемлекеттік қызметтердің өз деңгейінде көрсетілуін тексеріп тұрады.

Бұл ретте, өз қызметкерлеріміздің тарапынан туындайтын проблемаларды жоққа шығармаймыз. Өйткені адамдармен жұмыс істеу оңай нәрсе емес. ХҚО-ның қызметкері стреске төзімді және қарым-қатынас құруға бейім болуы керек. Бұдан бөлек, мемлекеттік корпорация тарапынан ұсынылатын 600-ден астам мемлекеттік қызмет стандартын білуі де шарт. Дей тұра, өз жұмысын өте тиянақты, жоғары деңгейде білетін мамандар жеткілікті. Олар сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, өз білгендерін жас мамандармен үнемі бөлісіп отырады.

-Бүгінде ХҚО-дағы кезек мәселесі әлеуметтік желілерде жиі айтылып жүр, мұны қалай шешіп жатсыз?

- Жаз маусымында халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратын азаматтардың саны күрт өсетінін бірнеше жылдан байқап келеміз. Бұл ең алдымен демалушылардың сапарға шығуға қажет құжаттарын жасатуымен байланысты. Ал кезекті демалысқа шыққан өзге азаматтар баспаналарының қағаздарын жасатып, тұрақты тіркеуге тұрып, көліктерін сатып, жаңасын алып жатады. Бүгінде мемлекетіміз әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға жәрдем беріп, олар үшін әлеуметтік бағдарламалар құрып, қолдау саясатын белсенді жүргізіп келеді.

Сондықтан сол жеңілдіктерді алуға мүмкіндік беретін құжаттарды жинау үшін де адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына ағылады. Олар жалдамалы баспана кезегіне тұру үшін келеді, студенттер уақытша мекенжай тіркеуіне тұрады, тағы басқалары өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы түрлі диспансерлердің есебінде тұрмайтыны жөніндегі анықтамаларды алады.

Мұны шешудің оңай жолы – тағы да сол электронды үкімет. Яғни, керекті анықтамалар мен құжаттарды egov.kz сияқты электронды портал, mgov.kz қосымшасы және телеграмдағы EgovKzBot арқылы онлайн алуға болады. Демек ХҚО-сыз да құжаттарды алудың балама жолы бар. Цифрлық болашаққа бір қадам жақын болуды қалайтындар ХҚО-ға бармай-ақ, барлығын онлайн, санаулы минуттардың ішінде алуды үйренгені абзал.

Бүгінде мемлекет ол үшін барлық жағдай жасады, қалғаны – азаматтарымыздың цифрлық заман талабына сай болу ниетіне байланысты. Электронды цифрлық қолтаңбаны қолдану қиын, бәрінде компьютер жоқ деген сылтауды айтушылар болатыны түсінікті. Бірақ шын ниетімен жаңа нәрсені үйренуді қалайтын адам ізденіп, қандайда шешімін табатыны белгілі. Сондықтан да цифрлық жаңашылдықтарға асық болатын қазақстандықтардың саны көбейе түсетініне сенімім мол.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1806445-semgl-baltaseva-elektrondy-kyzmetterdi-damytudy-kazakstandyk-zoly-kalyptasyp-keledi.html