Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маңғыстаудағы ауыл тұрғындарын кәсіпкерге айналдырған бағдарлама жұртшылықтың әл-ауқатын көтерді

Опубликовано:

2018 жылы маңғыстаулық ауыл кәсіпкерлеріне мемлекеттен 821 миллион теңге несиесі берілді. Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен ауылдық жобаларға 900 миллион теңге бөлінетін болады, - деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Маңғыстаудағы ауыл тұрғындарын кәсіпкерге айналдырған бардарлама жұртышылықтың әл-ауқатын көтерді
Фото kaz.nur.kz: Facebook

Аталған қор төмен процентпен ауыл тұрғындарына несие ұсынып келеді. Бағдарлама аясында кәсіпкерлікпен айналысамын деген жұмыссыз азаматтар, кәсібін кеңейтемін деген кәсіпкерлер 6 процентпен несие ала алады. Тиімді үстеме жылына 6,7 % аспайды.

Маңғыстау облысында осындай мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлермен жүздестік.

Маңғыстаудағы ауыл тұрғындарын кәсіпкерге айналдырған бардарлама жұртышылықтың әл-ауқатын көтерді
Фото kaz.nur.kz: Facebook

Мұнайлы ауданы Баянды ауылының тұрғыны Амангелді Өскенов «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» алған 4 миллион теңгесіне бес боталы түйе сатып алған. «Айбек» шаруа қожалығы күніне екі мезгіл жеті түйе сауып, 15-20 литр сүт алады. Мейрамханалар мен көрші-көлемге 1 литр шұбатты 600 теңгеге сатып отыр.

«Біз кішкентайымыздан түйемен өскен адамбыз. Несие алғанға дейін де өз күшімізбен кәсіпті ақырындап бастап кеткен едік. Қазір бәрі жақсы, алған малдарымыз өсіп жатыр. Пайдасын көріп, шұбатын ішіп отырмыз. Жұмыс істеймін деген адамға табылады. Малдың пайдасы мол», - дейді Амангелді Өскенов.

Жұмыссыз адам несие алу үшін аудандық Жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «Бастау бизнес» жобасының курсынан өтуі керек. Өз кәсібін жаңадан бастап жатқандар жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі.

«Ауылда кәсіпкерлікпен айналысатындарға 4, 6, 12 миллион теңгеге дейін несие береміз. Оның көлемі жобаның мақсатына байланысты. Қор тарапынан мал мен құс өсіру бойынша «Игілік» несие өнімі, кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Кәсіпкер», сүт қабылдау бекеттерін дамытуға арналған «Бірлік», тауарлы сүт фермаларын құру және кеңейту бойынша «Ырыс» несие өніміміз бар», - дейді қордың Маңғыстау облыстық филиалындағы несие бөлімінің басшысы Шолпан Дүйсенбаева.
Маңғыстаудағы ауыл тұрғындарын кәсіпкерге айналдырған бардарлама жұртышылықтың әл-ауқатын көтерді
Фото kaz.nur.kz: Facebook

Маңғыстау өңіріндегі бес аудан бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда филиалда жалпы сомасы 300 млн теңгеге жуық жобаны несиелеу өтінімдері қарастырылуда.

Сондай-ақ, қор ауылда іске асырылатын басқа да кәсіпкерліктерді қаржыландырады. Ең бастысы – бұл қызметтер ауылды жерлерде көрсетілу керек.

Осы бағдарламамен Куватовтар отбасы да кәсібін дөңгелетіп отыр. Олар Мұнайлы ауданы Атамекен ауылында мал шаруашылығын емес, типографиялық бизнесті дамытуда.

«Өткен жылы кәсіп ашуға бел будық. Ол үшін қордың несиелеу бағдарламаларына жүгіндік. Бұған дейін жолдасым екеуміз типография ісімен айналысатынбыз. Қордан 5 жылға 3 миллион теңге қаржы алып жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекет тарапынан қолдау білдіріп жатқанда ісімізді неге дамытпасқа?! Қазір кең форматты баспа аппаратын алдық. Алғашқыда айналдырып кету оңай болған жоқ. Жарнаманы күшейтудің арқасында жұмыс жанданды», - дейді Маржан Куватова.
Маңғыстаудағы ауыл тұрғындарын кәсіпкерге айналдырған бардарлама жұртышылықтың әл-ауқатын көтерді
Фото kaz.nur.kz: Facebook

Несие сомасы бизнес-жоспарда көрсетілген мақсатта игерілу керек. Несиенің тиісті бағытта жұмсалуы қадағаланады.

«Еңбек» бағдарламасымен Маңғыстау облысында тағы бір бағыт қаржыландырылады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында «Сыбаға» несиелік өнімі бар. Несиелер етті бағыттағы ірі қара мен ұсақ мал басын, техника мен құрылғыларды, мал азығын сатып алуға беріледі.

Маңғыстаудағы ауыл тұрғындарын кәсіпкерге айналдырған бардарлама жұртышылықтың әл-ауқатын көтерді
Фото kaz.nur.kz: Facebook

Оның ерекшелігі - берілетін несие көлемі 12 млн. теңгеге дейін, мерзімі - 7 жылға дейін. Сонымен қоса 2 жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Осы уақыт аралығында шаруаңызды айналдыруға мүмкіндігіңіз бар.

«Маңғыстау өңірінде қойды экспортқа шығарып отырмыз. Ауыл кәсіпкерлері несиелік қаржының арқасында ұсақ мал алып, оны бордақылап, екі жылдан кейін етін тапсырады. Бұл несиеге қол жеткізу үшін шаруашылықтың 150 гектар жері, қорасы болуы міндетті», - дейді қордың қызметкері Шолпан Дүйсенбаева.

Қорыта айтқанда, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ауылдағы азаматтардың кәсіппен айналысуына барынша жағдай жасап, мол мүмкіндіктер беріп отыр. Еңбек етіп, кәсіпкер боламын, бала-шағамды сол кәсібіммен асыраймын дейтін еңбекқор азаматтарға әрқашан жол ашық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1806607-magystaudagy-auyl-trgyndaryn-ksipkerge-ajnaldyrgan-bardarlama-zrtysylykty-l-aukatyn-kterdi/

pixel