Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Еңбекқор әрі жарқын жан еді": Қаза тапқан инспектордың ауылдастары оның қандай адам болғанын айтты

Опубликовано:

Қарағанды облысына қарасты Ұлытау ауданының Қоскөл ауылының тұрғындарын бұрынғы бөлімше полицейі әрі ауылдастары Қаныш Нұртазиновтың өлімі туралы хабар дүр сілкіндірді. Жергілікті халық оны тек ашық әрі жарқын жан ретінде ғана танитындарын айтып, қазасына кінәлі қаскөйлерді қатаң түрде жазалауды талап етуде деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: видеодан кадр/КТК
Фото: видеодан кадр/КТК: UGC

Қаныш Нұртазинов 43 жасында өмірден өтті. Қаңтар айында ер адам өзінің соңғы туған күнін атап өткен. Азамат ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарында бөлімше полицейі болып қызмет етті.

Үш жыл бұрын ол зейнетке шығып, "Охотзоопром" мекемесіне жұмысқа тұрды. Ол вахталық әдіс бойынша қызмет еткен.

"Ол әрдайым еңбекқор әрі жарқын жан еді. Елге сыйлы адам болған. Ешкімнен көмегін аянып қалмаған. Біреудің ірі қарасы жоғалып кетсе, өз көлігімен іздеп жүретін. Бала құлап қалса, оған да көмектесіп жүретін. Балаларды, өз отбасын жанындай жақсы көрді. Жұбайы кітапханада жұмыс істейді. Ал балаларының барлығы озат оқушылар" , - деді марқұмның ауылдастары.

Қаныш пен оның жары Сайлаугүл төрт қызы мен бір ұлын тәрбиелеп отырған. Отағасы тек бір қызын ғана аяққа нық тұрғызып үлгерді. Ерлі-зайыптылардың тұңғышы Мөлдір ҚТЖ бекетінде оператор болып қызмет етеді. Тұрғындардың сөзінше, Махаббат есімді екінші қызы облыс орталығында білім алады. Ал үшінші қызы биыл тоғызыншы сыныпты тәмәмдаған.

"Оның тағы Зейнеп есімді қызы мен Нұрдәулет деген ұлы бар. Ұлы сегіз жаста, қызы үште. Балаларының барлығы тәрбиелі" , - деді Қоскөл тұрғындары.

Жергілікті әкімдік өкілдері марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

"Бізге пиардың қажеті жоқ. Қолымыздан келетін нәрсені жасап жатырмыз. Бүгін марқұмның үйіне барып қайттық. Отбасына қолдау білдірдік. Ауыл болып көмектесуге дайынбыз. Себебі, марқұм кәсіби парызын орындап жатып қаза тапты. Оның артында қалған жанұясына көмек көрсету қолымыздан келер кішкентай іс қана" , - деді ауыл әкімдігі.

Айта кетейік, 23 шілде күні сайғақтарды аңдыған браконьерлер "Охотзоопромның" екі инспекторына қарулы шабуыл жасады.

Қаныш Нұртазинов оқиға орнында жан тапсырды. Самат Оспанов жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Мемлекет басшысы марқұмның отбасына көңіл айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1806878-ebekkor-ri-zarkyn-kaza-tapkan-inspektordy-auyldastary-ony-kandaj-adam-bolganyn-ajtty/

pixel