Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Модель емеспін": Сұлулық байқауына қатысқан семейлік ару сайыстың қыр-сырымен бөлісті

Опубликовано:

"Қазақстан аруы - 2018" республикалық байқауының қатысушысы Мөлдір Сейтқазина KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Бүгінде отбасын құрып, аяулы ана, ибалы келін атанған ол сұлулар сайысының қыр-сырымен бөлісті.

Фото: Мөлдір Сейтқазинаның жеке мұрғатынан
Фото: Мөлдір Сейтқазинаның жеке мұрғатынан: Original

Мөлдірдің айтуынша, "Қазақстан аруы" байқауына қатысу мектеп кезінен бергі арманы болған: Алайда есейе келе аталған сынға қатысудың оңай еместігін түсінген.

"Кейін мұны балалық қиялға балап, байқау туралы мүлде ұмытып кеттім. Жоғары оқу орнына түскен соң, аталған сұлулық сынына іріктеу кезеңдерінің қалай өтетінін көрдім. Шыны керек, бұл байқудағы үміткерлердің көпшілігі қазақылықтан алшақтау. Десе де, мен тәуекел етіп, бақ сынауға бел будым да, "Семей аруы-2016" байқауына қатыстым.
Өкінішке қарай, жолым болмады. "Сен өте ақылдысың. Бірақ бұл байқау саған арналмаған. Баян ханымға бар", - деп айтқаны есімде ұйымдастырушылардың. Маған жеңіске жетуге тым қазақы болғаным кедергі келтірген шығар деп ойладым. Келесі жылы "Семей аруы-2017" байқауына тағы шақырту алып, бірінші орын иелендім. Бұл жолы топтан озуыма өлеңдерім себеп болды деп ойлаймын. Өйткені, аздап өлең шығаратыным бар", - дейді Мөлдір.
Фото: Мөлдір Сейтқазинаның жеке мұрғатынан
Фото: Мөлдір Сейтқазинаның жеке мұрғатынан: Original

Байқау ережесі бойынша, республикалық сынға тек бас жүлде иегерлері ғана қатысады. Алайда, ел астанасындағы ұйымдастырушылар Мөлдірге де шақырту жіберген.

"Финалдық сынға шақырту алғанда қатты қуандым. Өйткені, жасқа шектеу болғандықтан, келесі жылы қатыса алмайтын едім. Алла сәтін салса, бәрі де болады екен. Кішкентай кезімнен армандаған "Қазақстан аруы" байқауының финалында бақ сынадым. Бірақ жүлделі орынға ілігу мүмкін болмады. Әрине, бұл сайыста білімнен гөрі, сырт келбетің маңызды.

Қазақы тәрбие алған қыздардың көп қатыса бермейтіні де содан. Оның үстіне, ел алдында жүрген аға-апаларымыз да сындарлы сәтте сөздерінен тайқыды. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Қазақ қыздарының ақылды, білімді, көрікті, тәрбиелі екенін көрсеттім деп ойлаймын", - дейді ол.

Мөлдір Сейтқазина Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында туған. Кішкентайынан өлең жазып, әжесінің өнегесімен өскен ол өзін ақын деп атауға аузы бармайтынын айтады.

"Жалпы өзім туралы айта кететін болсам, мен табиғатын көзбен көрмесе, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шырайлы шығыстың кіп-кішкентай ғана Күршім деген ауылынан боламын. Қарапайым ұстаздардың отбасында дүниеге келіп, әкем мен анамның тәлім-тәрбиесін, әжемнің өнегесін алып өскен жайым бар. Өлең жазамын, бірақ оны "ақындық" деп айтуға қысыламын. Неге десеңіз, қазақта талай ақиық ақындар, көркем сөздің майталмандары болған, қазір де бар. Солардың туындыларының жанында менікі өзіме "шалалық" сияқты көрінеді", - дейді Мөлдір.

Талай мәрте сұлулық байқауларына қатысқан Мөлдір әріптестері секілді сән қуып кетпеді. Ол медицина саласында білім алуда.

Сондай-ақ, тұрмыс құрып, кішкентай сәбиін тәрбиелеп отыр.

Фото: Мөлдір Сейтқазинаның жеке мұрғатынан
Фото: Мөлдір Сейтқазинаның жеке мұрғатынан: Original
"Мен сәнбике емеспін, сән әлеміне ешқандай да қатысым жоқ. Сондықтан бұл жолмен карьера қуып, сән саласына алдағы уақытта бет бұрмайтыным анық. Менің таңдауым медицина саласы, Алла қаласа оқуымды тәмамдап, өз мамандағым бойынша жұмыс істесем деймін.
Қазіргі заман бәсекеге қабілетті жастардың заманы. Сондықтан, қатарластарыма бар уақытты білімге, жаңашылдықты меңгеруге арнаңыздар дегім келеді.
Кейбіреулер отбасы болса өзіне уақыт таппайды, карьера қуса отбасына қарай алмайды. Барлығын қатар алып жүруге де болады, тек қана біраз жалқаулықтан арылу керек. Сондай-ақ, ешқашан адамгершіліктеріңіз бен шынайылықтарыңызды жоғалтпаңыздар", - дейді ол.
Фото: Мөлдір Сейтқазинаның жеке мұрғатынан
Фото: Мөлдір Сейтқазинаның жеке мұрғатынан: Original

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1808217-model-emespin-slulyk-bajkauyna-katyskan-semejlik-aru-sajysty-kyr-syrymen-blisti/

pixel