RU

Алматылық Бибігүл Күздеубай жеке ісін ашу бойынша жастармен тәжірибе бөлісуде

Бибігүл Күздеубай мен оның құрбылары ұсынған «Тігеміз, тоқимыз, өреміз және ақша табамыз» жобасы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің 2017 жылдан бастап бірлесе жүзеге асыратын Zhas Project атты жобасында үздік деп танылды. Олар өз ісін бастау үшін Жобадан 1 млн теңгені құрайтын грантты иеленді. Енді Бибігүл өз кәсібін дамытудың қыр-сырын жастарға үйретуде. Биыл ол Zhas Project жобасының менторы атанды.

Алматылық Бибігүл Күздеубай жастармен жеке ісін ашу бойынша тәжірибесімен бөлісуде
Фото Бибігүл Күздеубайдың жеке мұрағатынан алынды: Facebook

Zhas Project жобасын іске асыру барысында ментордың қызметі аса маңызды. Сондықтан, жобада менторлар мен қатысушылар үшін оқыту бағдарламасының басында және соңында тренингтер өткізіледі. Сонымен қатар, жастардың жобалары іске асырылатын 6 ай барысында менторлар қатысушылармен ай сайын кездесулер өткізіп, бағыт-бағдар беріп отырады.

Ағымдағы жылдың маусым айында Бибігүл жобаның менторларына арналған үш күндік курстан өтті. Енді ол қараша айына дейін құрамында 3-тен 5-ке дейін қатысушысы бар үш топқа жетекшілік етіп, оларға өз жобаларын іске асыруға, тұлғалық және кәсіби өсімге жетелейтін қажетті қасиеттерді дамытуға көмектеседі, ақыл-кеңестерін ұсынады, жан-жақты қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, олардың мүдделі топтармен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуына сеп болып, болашақта жобалардың тұрақты дамуын жоспарлайды.

Алматылық Бибігүл Күздеубай жастармен жеке ісін ашу бойынша тәжірибесімен бөлісуде
Фото Бибігүл Күздеубайдың жеке мұрағатынан алынды: Facebook

Осындай тәлімгерлік жолды таңдаған Zhas Project-тің түлегі Бибігүл Nur.kz порталына Zhas Project оның өмірін қалай өзгерткендігі, өзінің тігін ательесі мен менторлық жайлы айтып берді.

- Бибігүл, Zhas Project жобасына қалай қатыстыңыз, айтып беріңізші?

- Мен Жобаға 2017 жылы қатыстым. Жақын құрбыларымның бірі Диляра Жұмыспен қамту бөлімінде жұмыс істейтін, ол маған бизнес идеясы бар жастарды қабылдап жатқандарын, оны жүзеге асыруға 1 млн теңге берілетінін айтты. Мен таң қалдым, Сөйтіп, бақ сынап көрейін деп, өтінім беру ережесімен танысып, өз тобымды жинадым.

- Жобаңызды қалай жүзеге асырдыңыз?

- Менің тобымда үш қыз болды. Мақсатымыз тігін цехын ашу еді. Біз қазақстандық дизайнерлердің көйлектерін тігуді ойладық. Жобаны жүзеге асыру барысында біз алғашқы жарты жылда жұмыс іздеген немесе қосымша табысты қажет еткен 25 адамды тігу және өру дағдыларына үйреттік. Әрине, әр салада шебер болу үшін біраз жыл оқу мен тәжірибе керек, дегенмен, олар бізден көп нәрсе үйренді деп ойлаймын. Оқушылардың қуанып, риза болған жүздерін көргенге не жетсін. Сонымен қатар, біз төсек-орын жабдығын тігіп, көп балалы отбасыларға тараттық. Мен үшін Жобаны жүзеге асыру кезіндегі ең жарқын сәттердің бірі осы – қайырымдылық.

Алматылық Бибігүл Күздеубай жастармен жеке ісін ашу бойынша тәжірибесімен бөлісуде
Фото Бибігүл Күздеубайдың жеке мұрағатынан алынды: Facebook

- Бибігүл, ал менторлыққа қалай келдіңіз?

- Жобаны жүзеге асыру аяқталғаннан кейін де мен Zhas Project-тің Instagram-дағы парақшасын оқып жүрдім. Бір күні 2019 жылға менторларды қабылдап жатқандарын көріп, өтінім беруді шештім. Мен қатысушы ретіндегі өз тәжірибеммен бөліссем, жаңадан келгендерге пайдасы тиер деп ойладым. Солай сұқбаттасудан өтіп, ментор атандым.

- Менторлық Сіз үшін нені білдіреді?

- Бұл, ең алдымен, жастарды қолдау, олардың идеяларын жүзеге асыруға көмектесу, бастаған істерінде дұрыс бағыт-бағдар беру деп ойлаймын. Мен үшін бұл өз-өзімді дамытуға мүмкіндік беретін жаңа жол. Жобаның 2017 жылғы қатысушысы болғандықтан, ментор болуға шешім қабылдағанда менде ешқандай қорқыныш сезімі болған жоқ.

- Бибігүл, Zhas Project жобасы жайлы ойыңыз қандай?

- Zhas Project – бірегей жоба, жастарға осыншама мүмкіндік беретін жоба жайлы баршаға барынша жария етуіміз керек. Ол қаншама жастарды арманыңа жетелейді. Осы жобаны қолға алған Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банкке алғысым шексіз. Zhas Project – қоғамдағы әлеуметтік осал жандарға қол ұшын созып, оларды өмірлік-маңызды дағдылар мен жобаларды басқаруға үйрететін маңызды жоба.

Жалпы, 2017 жылдан бері Жобаға 400-ден аса ментор мен 5 мыңға жуық адам қатысқан. 2019 жылы Zhas Project Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, сондай-ақ Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының жастарына өз ісін бастауға мүмкіндік берді.

Жастар корпусын дамыту жобасы жөніндегі ақпаратпен толығырақ Zhas Project сілтемесі бойынша таныса аласыздар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1808442-almatylyk-bibigl-kzdeubaj-zeke-isin-asu-bojynsa-zastarmen-tziribe-blisude.html